Жаңалық

Жәди Шәкенұлы: Тазалықтан тектілік туады!

ХХІ ғасырдың адамына бір қасиет, бір салалық білім аздық етеді. Бұл ғасырға бірнеше атанға жүк болардай білімді меңгерген, құрым елге сеп болардай тәлімді еңсерген адам лайық. Сондай-ақ, ұлттық болмыс пен ұлттық рухты ең биікке қойып, бағасын білмек те керек. Ғасырға лайық, қоғамға керек Жәди Шәкенұлымен ұлттық болмыс, рух  пен тектілік туралы аз-кем сұқбат құрған едік…

Жәди Шәкенұлы – белгілі қазақ жазушысы, ақын һәм әдебиет, тарих зерттеушісі, сыншы. Қазақстан Жазушылар одағы мен Еуразия Жазушылар одағының мүшесі.

Ruh.kz: Ерназардың тоғыз ұлы бір төбедағы, Ертөстігі бір төбе. Тура осылай сіздің де басқа шығармаларыңыз бір төбе де, «Қаралы көш» романыңыз бір төбе. «Қаралы көште» қаншама тауқыметке төзіп, туған жеріне оралатын адамның тағдырын суреттейсіз. Атамекенге зарығып жеткеннің бірі – өзіңіз. Сол зарығу, сол тауқымет, сол қиындық атажұрттың иісімен тарқап кете ме?

Жәди Шәкенұлы: «Отаным, топырағым», деп алыстан аңсап келген ағайынның жүрегіндегі сезіміне байланысты бұл. Менің ата-бабаларым Шығыс Қазақстандағы Зайсаңнан арғы бетке асып кеткен. Атамыз сақалынан суы ағып, өле-өлгенше «туған жеріме барып өлсем», деп армандап кетті. Осындай ниетпен осы топырақты аттағаннан соң ыстығына күйіп, суығына тоңуға бар болдық. Қыл аяғы қиындық көрдік. Көрген қиындығымызды қайта барғанда ағайынға айтпадық. Менің «Боз мұнар» романымда осы сұрақтың толық жауабы бар. Алыстағы ағайынның Алматыға көшіп келу барысы, осындағы бас кейіпкердің көрген жағдайы менің өміріме ұқсайды. Атамекенге аттаған ағайынның көңіл-күйі қалай болды, көк туды көрген кездегі көңіл-күйі қалай болды, ботадай боздап Гималай асып кеткен ата-бабаларының көз жасы парлап, қаны қаңсып, сүйегі шашылып қалған қазақтың туған топырақты иіскеп көзіне жас алуы, туған өлкені аңсау, топырақты аңсау жүректің жылымыстық лүпіліне байланысты болады.

Мұстафа Өзтүрік сонау Германияда жүрген кезіндегі өзі жасаған бір фильмінде жаудан қашып келе жатқан жігіт қоқыстың арасына тығылып қалады. Сонда әлгі жаулар көзден таса болған Мұстафаға «Мұстафа, батыр болсаң шық бері», дегенде Мұстафа үнсіз жата береді. «Мұстафа, еркек болсаң шық бері», дегенде де Мұстафа үн қатпайды. «Мұстафа, қазақ болсаң шық бері» дегенде экран бетінен Мұстафаның атылып шығып келе жатқанын көрсетеді. Бұл ұлтқа деген махаббат! Бұл өшпейтін рух. Бұның арғысы сонау Көк Түріктен, бергісі Қабанбай, Бөгенбай, жанкешті Жәнібектерден, одан қалды аңыз бен ақиқатын көзімен көрген, қариялардан есіткен Оспан батырдан қалған. Кешегі орыстың зеңбірегіне жалаң қол қарсы шапқан Кенесарының өлмеген рухы. Осының барлығы бойында бар әрқандай қазақ, әрқандай азамат осы елде «ұлтан болсам да Сұлтанмын» деп келеді. Біз осындай жүрекпен келдік.

Елге келе жатқанда үлкендер «Бастарыңа баспана бұйырмаса да, жерден жертөле қазып сонда тұрсаңдар да сол елге кет. Байлық іздеме, бақыт іздеме. Туған топырағыңды басып жүрсең де жетеді» деді. Сондықтан бізде ойлану деген болған жоқ. Көрген қиындығымызға жасу деген болған жоқ. Боз борандай ұлып тұрған даланы көріп, осы жерден жылап кетсек те, ол жерге барғанда жасымызды тыйып, көзімізді күлімдетіп баратын едік. Қазақтар Отанға алғаш оралып жатқан кездерді «Біз қиналып жатырмыз, біз аш жатырмыз» десек осынша адам отанға оралар ма еді, оралмас па еді?!

Ruh.kz: Осынау тарихи шешуші кезеңде қиырда да дүмпулер болды ғой?

Жәди Шәкенұлы: Көптеген жағдайлар халықаралық ірі оқиғалармен тамырласып жатады. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына дейін 1985 жылы желтоқсан айында облыстық партия хатшылары келіп, ауылдарды аралап арнайы жиналыс жасады. «Қазір дүние жағдайы қиын. Жер-жерде көтерілістер болып жатыр. Сондай көтерілістерге ілесіп кетуден сақ болыңыздар» деп, саясаттың шеңберінен шығып кетпеуімізді ұқтырды. Тура осы жылдары Шыңжаңда, Шығыс Түркістанда Ұйғырлардың көтерілісі болды. Осы көтеріліс қазақ жастарын да шарпыды.

1988-89 жылдары да желтоқсанның ызғары басылмай тұрды. Көтеріліске шыққан қазақ жастарын жазалау жүріп жатты. Өртеп жіберуге дейін барған тұстары да жоқ емес. Сол жерде болып келген, көзімен көргендердің әңгімесін тыңдаймыз. Сонда осы жақтан келген бір үлкен кісі «Бір досымның бір ауыз қазақша білмейтін баласы да сол көтерілісте жүр. Сенікі не деп сұрағанымда, – тілімде қазақылық болмаса да, қанымда қазақылық бар ғой, деп жауап берді» дегенін естіп жүрдік. Осы рух шеттегі қазақ жастарына да тарады. Біз қайтеміз деген сілкіністер болды.

1991 жылғы Тәуелсіздікті жариялаудан бұрын, ұмытпасам маусымның басында қолымызға Смағұл Елубайдың «Алыстағы ағайынға ашық хат» деген хаты келіп тиді. Осыны сандықтың түбінде сары майдай сақтадық. «Қазақ елі ел болатын секілді. Осындай хат келіп жатыр. Отанға шақырып жатыр. Не істейміз?» деп, жасырын жиналыстар ашып жүрдік. Шеттегі ағайынның тәуелсіздік алғандағы қуанышы, осы елге жетсек деген арман, тілегі сөзбен айтып жеткізе алмайтындай деңгейдегі дүние еді. «Қалай да барам», деп қашып шығып елге жеткендер, ұсталып, түрмеге жабылып, одан шығып бәрібір еліне келгендер де қаншама.

Алғаш дүмпулер басталып жатқан кезден бастап журналистігімді сылтауратып бүкіл шекараны шарлап шықтым. Неге? «Мені өткізбей жатқан күнде қай жерден қашып шығам», деген мақсатта ғана. Бұл менің басымда ғана болған жағдай емес. Қашып кеткендер қаншама?! Біз оларды білеміз.

Сейітхан Әбілқасымұлы деген әйгілі жазушы Моңғолияға қашып кеткенде, екі жасар баласы елде қалып еді. Екеуіміз бірге өстік. Аңызға, ертегіге бергісіз тағдырларды басымыздан кештік. Шеттегі қазақтын зары, сағынышы осындай болғаннан кейін кейінгі ұрпақ та соған дайындалды. Рұқсат берсе қолынан, бермесе жолынан кетер едік. Қалайда қазақ жеріне жетер едік. Осыны өзімізге мұрат еттік. Алла қазақтың тілегін қабыл қылды. Тәуелсіз етті. Қазір мен бақытты қазақтың бірімін!

Ruh.kz: Қиырдағы қазақ пен Қазақстандағы қазақтың мәдениетіндегі, тұрмыс-салтындағы айырмашылық қандай?

Жәди Шәкенұлы: Айырмашылық жер мен көктей. Біз әмбебап болып өстік. Ал мына жақтағы қазақтың қанатын кеңестік империя қырыққан. Арғы жағындағы тарихи оқиғалардың өзін айтпаған күнде қарапайым мылтық өндіруді бірнеше өңірге бөліп тастады. Ұңғысын бір шетте, қарауылын бір шетте, құндағын бір шетте, оғын бір шетте жасатты. Біріне-бірін байлап қойды. Адамның санасын да осылай байлап қойды. Біз көп дүниеге құмар болдық. Тарихқа да, әдебиетке де, әнге де құмар болып, машықтанып өстік. Мамандығымыз басқа болса да талай әннің, талай күйдің тарихын бойымызға сіңіріп өстік. Бұл идеяны Алашшылдар әкелді. Бізге Алашшылардың рухы жеткен. Мен өскен топырақта Зият Шәкәрімұлы болды. 1931 жылы 2 қазан күні әкесі атылғаннан кейін жер аударып келген.

Алаштың тірі рухы менің әкелерім арқылы бізге сабақ болды. Кешегі сол Алашшылардың ізін басқан М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов бір ғана мамандықты қуған жоқ. Бәрін білу керек болды. Біз де осылай өстік. Осында келгеннен кейін замандастарымызды көріп, бір тақырыпты қозғасақ «менің мамандығым емес» деген тәрізділерді естідік. Тарихшылар әдебиетті, филологтар тарихты білмейтінді осы жақтан көрдік. Әдебиеттің өзінде де бір бөлімнің ішіндегі бір бөлімді айтып, кішкентай бұрышқа тарта жөнелгенде біз қатты таңқалдық. Бір қарасаң оқуы жоғары адамдар. Сананы шектеп, құлыптап тастағаны болмаса…

Әнші, композитор Ілия Жақанов «Жұлдыз» журналына екі мақала жариялады. Біреуі 1984-85 жылдары жарияланған «Баянөлгей сапары», біреуі 1995-96 жылдары жарияланған «Шыңжаңнан ескен сырлы әуез». Сонда бүкіл біздің халықтық ән-жырлардың төркіні Шыңжаңменен Баянөлгей жерінен келгенін ашып айтады. Сол кісінің айтқаны мен біздің әкелеріміз айтар әңгімені салыстырып қарадық. Өзің айтқан «Рухани жаңғырудың» көкесін біз алып келіппіз. Біз дегенім екі дүркін көш. Біреуі 1962 жылғы көш, біреуі 1991 жылғы көш.

60 пайыз ән-күйдің негізгі бөлігі шеттен келіп тұр. Бұл Алашшылардың рухымен келген мұра еді. Біз оны тура сол күйінде сақтап, қайтып алып келдік. Тауып алған емес, жасап алған емес жаңағы Зият Шәкәрімұлы, Әсет Найманбайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы алып барған дүние. Кешегі ғұрып, кешегі ән, кешегі салт сол жерлерде гүлдеп, өркендеп, оралған халық арқылы туған топырағына қайтып келді. Мұстафа болып, Халифа болып қайтып келді.

Ruh.kz: Қайтып келді. Гүлдеді, жаңғырды. Қуандық. Жар салдық. Осы жар салуымыздың кесірі де болған деседі. Осы жайында не айтасыз?

Жәди Шәкенұлы: Бұл қуаныштың, бұл шудың кедергі болған жері де бар, болмаған жері де бар. 1969 жылы өзіміз айтқан Сейітхан Әбілқасымұлы қашып өтті. 1969 жылы «Шығыс Түркістан төңкерістік партиясы» деген халықтық партия құрылды. Соған қаншама қазақтар мүше болды. Оның арғы төркіні Моңғолия қазағы, Қытай қазағы, Қазақстан қазағының басын қосу идеясы. Бірақ бұл әшкереленді, құрамындағылар ұсталды.

Сол кезде қазақтан 32 жастағы Қызырбек Оралов деген жас ақын атылып кетті. Мәлен Дәлелханұлы деген Дәлелхан Сүгірбаевтың ұлы атылды. Оспанжан мен Емен ақын атылды. Менің туған даламда, Алтайда осы төрт қазақ атылды. Сол қуғын заманында Жәркен Бөдеш, Әлімғазы Дәулетхан деген жазушыларымыз бері қарай қашып өтті. Бұл тарихи уақиға. Сол жақтағы қазақтарға дұрыс ықпал жасаймыз деп, кері ықпал жасағанның бірі осы болды.

Қазақстанның тәуелсіздік алуы қанша дегенмен шетелдегі халыққа көп рух сыйлады. Шеттегі қазақты бір ту астына жинады.

Жазушы Жәди Шәкенұлы қаламгер інілерінің ортасында

Ruh.kz: Өлгеніміз тірілді, өшкеніміз жанды. Десе де, біраз дүниенің бетін топырақ басты. Біз нені ұмыттық?

Жәди Шәкенұлы: Ұмытқанымыз көп. Алашшылардың жүрегінің түбінде жатқан алтын сарайдың кілті іспетті ұлттық рухтың ең жоғарғы деңгейдегі жеңісінің жемісінің ұлтқа беретін рухын ұмыттық. Өзім көрген даламды айтайын. Біздің жерге Әбілпейіз ханның үш ұлын төре қыламыз деп алып барды. Көкетай, Сәмен, Жабағы. Көкетайдың Шәріпхан Көкетаев деген немересі әкеммен, әкемнің ағаларымен замандас болды. Шәріпханды көзі көрген әкем және әкемнің ағалары не дейді? «Ол елін ойлағанда, жерін ойлағанда жан-тәнімен, тұла бойымен ойлаушы еді» дейтін. «Халқына берік адам еді», деп көзін көрген қариялар көзіне жас алып, жылайтын. Осында не жатыр? Ақсүйектік жатыр. Бекзадалық жатыр. Шыңғыс хан десе, Жошы десе үрке қараймыз. Бұл біздің хандығымыздың алтын өзегі болатын. Және олар ел үшін жаннан аянып қалмайтын. Жау көрсе ақ сауыт асынып, әуелі өзі соғысатын. Шыңғыс та сол, Жошы да сол, кешегі солардың ұрпағы Абылай да сол. Өйткені жан жүрегімен халқына беріліп тұр. Бұның төркінінде ежелгі түркі заңы жатыр. Сақтан, Ғұннан қалған дала заңы.

Бір жауынгер соғыста өліп бара жатып «кәрі шешем қалды, балам қалды, баскөз боларсың», деп қасындағысына айтса ол опасыздық жасаған болып есептеледі. Арам өлген болады. Себебі ол соғыста мерт болса жары қалай бағылады, шешесіне кім қарайды, баласы кімді паналайдының бәрі әлгі заңда шешіліп қойған. Олардың жер жүзін жаулауына сол себеп. Оларда осындай рух болған. «Бізде не жоғалды», дегеніңе жауап осы. Ұлттық рухтың осындай тап-таза қаннан келетін асыл тектілігі жоғалды.

Ruh.kz: Осы рух неге сынды?

Жәди Шәкенұлы: Бұл біздің жауларымыздың көздегені болатын. Жауларымыз осы мұратына жетті. Ол жауларымыз – Орыс пен Қытай. Осы екеуі ортадағы империяны қылдай-қылдай қылып жіңішкертіп, ыдыратып жіберді. Біз тірілу кезеңіндеміз. Құрып кеттіге басып, бәрін жоққа шығармайық. Қанымыздағы рух 40 пайызға көтерілді. Біз енді 50- ге, 60 – қа көтерілеміз. 70-ке жеткенде бабалардың рухы түгел бас көтереді. Осыған сенеміз. Өйткені қазіргі имандылық, таза қандылық, жастардың көзінің ашықтығы, елге ғашықтығы мені осыған сендіреді.

Құтлықтың кезінде де осы болды. «Біз 50 жыл құл болдық. Бас көтерер кез келді» дегенде бір жауынгер шығып: «мыналар миллиард болса, біз мың ғанамыз ғой» дейді. Сонда Құтлық «Сен түркі емес пе едің?! Бір түркі мың қытайға татымайтынба еді?!» дейді. Соғысады. Жеңеді.

Түркі ұлттарының халықаралық бірлігі, түркі ұлттарының бірігуі, өзара ынтымақтастығы сол тарихқа әкеле жатыр.

Ruh.kz: Рух. Рухани сананың жаңғыруы. Осы қалай болуы керек? Сіздіңше неге көңіл бөлінуі керек?

Жәди Шәкенұлы: Ұлттық тарихтың тамырын тереңдету, жазу және оны ұрпақ санасына сіңіруді әлі де нақтылау керек. Тарихтың 60-70 пайызы қате көзқараспен жазылған. Мүйізі қарағайдай бір ғалымның жазғанын алып қарасаң, соңында сілтеме деген толып тұрады. Бір қарағанға ине сұғатындай тесік көрінбейді. Бірақ оның пайдаланған әдебиеті кім? Кім жазды оны? Марко Полоның естелігін өзгерткен шығармыз?!. Шыңғыс ханның құпия тарихын өзгерткен шығармыз?!. Осы тарихқа негізделіп қаншама әдебиет жазылды. Алдымыздағы әдебиеттің бәріне күмән көзбен қараймыз. Қай жерінде өтірігі бар деп қараймыз. Осындай санамен тарихты қайта сұрыптау керек.

Ең қарапайым Кенесары оқиғасын айталық. 1839 жылы орыстарға «Менің атам Абылай сендермен тең дипломатиялық қарым-қатынас жасады. Біріңнің жеріңе бірің тимейтін мемлекет ретінде келісімшарт жасасып, қол қойыстыңдар. Заң білетін болсаңдар, өздерің жасасқан келісімге опасыздық істемейтін болсаңдар осыны неге түсінбейсіңдер? Қазақ даласына келіп неге бекіністер салып жатырсыңдар? Бекіністеріңді алып кетіңдер!», деп жазады.

Осыны кім жазды? Ілияс Есенберлин жазды дейсің? Ілиясты алып оқисың. Тұшынатын түк таппайсың. Ілияс цензураның қыспағынан шыға алмады. «Кенесары Оңтүстікке бет алды»дейді де романын аяқтайды. Шындығы осы ма?! Кенесарының тарихи шындығын аша алмады. Көркемдік жағы басым. Ермахан (Бекмаханов – ред) ұрпағы болған соң шындықты шырылдатып айтты. Сотталды.

Қайта жазу керек. Ермахандардың рухын ояту керек! Тарихи шындықты сұрыптау керек. Сұрыптайтын  саясаттың қамытын кие-кие мойыны жіңішкеріп кеткен қарт тарихшылар емес, өздерің тәрізді жас жігіттер.

Ruh.kz: Жас жігіттер дейсіз… Жастар дейміз… Жастарға басқа айтарыңыз бар ма?

Жәди Шәкенұлы: Жастар білімді болуы керек. Жастар тәрбиелі болуы керек. Жастар салт-сананы бойына сіңірген болуы керек. Жастар таза болуы керек. Қай істе болмасын әуелі тазалық керек. Тазалықтан барып тектілік туады. Темекі шегіп, арақ ішіп, орыстың шұжығын жегендердің бойында қазақы рух болмайды. Әркім өзін өзінше жақсылыққа баулыса, жақсылыққа тәрбиелесе, екі жақсы бас қосса үлгі боларлық ұрпақ туады. Міне сол ұрпақтың бойындағы қазақы рух соны туғызған екеуінің де рухынан басым болмақ. Рух бар жерде тектілік бар. Тектілік бар жерде білім де, иман да, тәрбие де бар.

Ruh.kz: Әсерлі сөз болды. Келелі кеңес құрылды. Сұқбатыңызға рақмет, Аға! Жазар көп болғай!

Сұлтан Мұстафин,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button