Жаһандық жылынуға жастар да үн қосты
Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымы және Ұлыбритания мен Италияның Қазақстандағы елшіліктерінің ұйымдастыруымен М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінде «Жастар үні: климат өзгерісіне қарсы күресте әлемді жұмылдыру» тақырыбында студенттер арасында пікірталас өтті.
Гибридтік форматта өткен пікірталасқа КАЗГЮУ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Назарбаев университетінің 100-ге жуық студенті қатысты. Басқосу Шотландияның Глазго қаласында 31 қазан мен 12 қараша аралығында өтетін Климаттық конвенция мен БҰҰ күнін мерекелеу қарсаңында Қазақстан жастарының тың идеялары мен жаңа ұсыныстарын тыңдау үшін ұйымдастырылды.
Жиынды «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының баспасөз және коммуникациялар бойынша кеңесшісі Эльнара Байназарова жүргізді.
«БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерриш бүгін жарияланған жаңа мақаласында климат өзгерісіне қарсы күресте тек мемлекет көшбасшылары ғана емес, әрбір жеке адамның, әсіресе жастардың қосатын үлесі зор екенін атап өтті. Сондықтан жергілікті деңгейде еліміздің жастарымен осы талқылауды ұйымдастырып отырмыз. Жаһандық температураның жоғарлауына байланысты жер шарында болып жатқан қуаңшылық біздің елді де айналып өтпеді. Бүкіл өңірде бірте-бірте климаттың өзгеруі байқалуда. Мысалы, биыл Маңғыстау облысы қуаңшылықтан үлкен зардап шекті. Міне, бүгін дискуссиялық хабарлама жасау, жастар үнін тыңдау арқылы Қазақстан азаматтарын жаһандық үрдіске жұмылдыруды көздеп отырмыз. Сондай-ақ, халықаралық қатынастар саласында оқитын жастарға жаңа мотивациялық серпін беруді көздедік. Біз ұтымды ойлар мен ұсыныстарды топтастырып БҰҰ және Қазақстандағы БҰҰ агенттіктерінің жобалары шеңберінде назарға аламыз», – деді Эльнара Байназарова.
«100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы: «Әлемдік үрдістерді барынша көп адамға ұғындырып, өзінің жеке үлесі қандай болатынын сезіндіріп, ой сала алсақ дипломат ретінде де мақсатымның орындалғаны деп білемін», дейді.
Студенттер алдында сөз алған Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори жаһандық мәселеге студенттердің белсенді атсалысқаны өте маңызды екенін айтты. «Біз барлық елдерден ұлттық анықталған жарналар мен ішкі саясатты барынша жиі және ұжымдық түрде дұрыс жолға түскенше кідіріссіз жетілдіруін сұраймыз. Сенімді қалпына келтіру, әрекетті жандандыру және Париж келісімі рухын жаңғырту үшін бізге, әсіресе, жастар атынан көбірек талпыныс қажет», – деді ол.
Бүгінде адамзат тап болған климаттың төтенше жағдайы тиісті және жедел әрекеттерді талап етеді. Париж келісіміне сәйкес температураның жаһандық өсуін 1,5 градусқа дейін төмендету қажет. Осыны ескерткен Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Кэти Лич: «Әлем климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл жасау үшін бірігуі керек. Әрбір ел, үкімет және бизнес біздің планетамызды қорғау және мақсатты 1,5 градусты сақтау үшін жауапкершілікті сезінуі тиіс. Жеке тұлға ретінде біз де өз рөлімізді атқаруымыз керек», деді.
Пікірталаста Назарбаев университеті Халықаралық қатынастар факультетінің 2-курс студенті Диана Сабытаева түрлі компаниялардың жан-жануарлар мен өсімдіктерге әсері туралы сөз қозғап, су менеджментіне тоқталды. Әсіресе, Каспий және Арал теңізінің таяздануына компаниялардың кері әсері айтылып, оның жан-жануарлар мен өсімдіктерге тигізетін зиянын баяндады.
«Су менеджменті мәселесін шешуде Үкімет заңдық тұрғыда макрожоспарларды жасайды, ал жекелеген адамдардың көзқарасы мен іс-әрекеті де өте үлкен рөл атқарады», – дейді Диана Сабытаева.
Сондай-ақ, студенттер климаттың өзгерісімен күрес, био-саналуандылықты сақтау және қалдықтарды қайта өңдеу мәселелерін талқылады.