Жаңалық

ЖАМАУ ЖАЗҒАН ЖЫР ҚАНДАЙ?!

Өздеріңе ар атымен

Түгел қарыз бұл күндер!

Самародный сары алтын,

Саудасыз берсең алмайды.

Саудыраған жезіне.

Саудырсыз сары қамқаны,

Садаға кеткір сұрайды,

Самарқанның бөзіне.

Абай хәкім

КІРІСПЕ

Басын ашып алайық. Қай-қай өнер туындысы болмасын адамды белгілі бір деңгейдегі рақатқа бөлейді. Түсініксіз де тәтті сезімге бөлей алған туынды ғана – өнер деген атқа лайық! Асылында осылай. Поэзияға да осындай критерийлер таңсық емес. Жүректен шыққан өлең мен мидан шыққан өлеңнің арасында көзге көрінбейтін, бірден байқала бермейтін бір асау сезім бар. Оқып отырғаныңда желке тұсыңды шым еткізе алмаса, оның несі өлең?!

Мейіріммен қарайтұғын мөлдіреп,

Мойыл көздің шарасында – тас тұмар,

Қайран ақын қайғы кешіп өлді деп,

Қарашыққа қалтыраған жас тұнар. Бұл – Жамау БҰХАРБАЙ есімді ақынның өлеңі. Қолымда қаламгердің «Пері қызына хат» өлеңдер жинағы түскелі бірнеше айдың жүзі болды. Жата-жастана оқымасам да кемінде үш қайырғанымды білемін. «Қиын кезде халыққа жамау болсын деп есімін ер әулие Еңсебек қойған, қазақ көгінде жүз жылда бір туатын жарық жұлдыздардың бірі болар деген үмітпен қарайтын Жамау елдің жоғын жоқтаған азамат, адуынды ақын еді. Шығар биігіне жете алмай өмірден ерте өтті. Көзі тірісінде тапсырған кітабы енді еске алғанда оқитын ескерткіш болып қалды» деп жазылған екен кітап басында.

Ақынның махаббат тақырыбындағы өлеңдерінен басталған жинақтың басым бөлігі балладалар мен дастандардан тұрады. Балладаларындағы сарын, оқиға желісі, шиеленісуі мен қорытындысы таза өмірден алынғаны, мидың ештеңені алып-қоспағаны көрініп-ақ тұр. Бәз балалық шақ. Шынайы оқиға. Өмірден алынған желі. Бәрімізге таныс ауыл тынысы. Ақсақал ақылы. Әкелер мінезі. Аналар жасы. Бәрі-бәрі жып-жылы жарасым тауып, тып-тыйнақтай тізіліп, рет-ретімен жалғасын тапқан. Алып-қосары жоқ.

БАЛҚАШ БАЛЛАДАСЫ

Қазақ әдебиетінде «соғысқа дейінгі» һәм «соғыстан кейінгі» деген екі үлкен кезең бар. Осы кезеңдерге сай екі үлкен буын бар. Жамау ақын соғысқан кейінгі буын өкілі. Бұл ақын шығармаларынан-ақ менмұндалап көрініп тұрады.

Желемік боп тұрды ертемен,

Жағы үрпиіп қараша.

Жанын соғыс оты өртеген,

Ауылда аздау тамаша. Балқаш балладасы осылай үрейлі де суық басталады.

Поэзияда «күз» бен «көктем» деген мезгілдер айтырлықтай рөл ойнайды. Күз – табиғатпен бірге сезімдердің де тоңалатын, адамның бәрі белгісіз бір мұңның жетегінде жүретін мезгіл. Күздің қара суық желін, күңіренген аспанын, сұстанған кейіпін «Жағы үрпиіп қараша» деп бір ғана жолмен бере салу – екінің бірінің қолынан келе бермес, ойына орала бермейтін теңеу. Талайдың болашағын жұтып қойған соғыстан кейінгі қай ауылдың болмасын сиқы осындай еді-ау (бұны көркем шығармалардан анық білемін). Осынау тым көңілсіз табиғат картинасын бірінші шумақтан оқырман көз аплдына шебер жеткізе білген автор: –

«Жесір жылдар азынайды,

Жетім айлар қыстығып.

Кетіп жасыл азы зайғы,

Қара ормандар құшты ымырт» деп жалғастырады. «Қара орман» дегенді қара халық деп түсінсек, «жесір жылдар» мен «жетім айлардың» көз жасы суалып, тіршіліктің түрпідей қамытын мойындарына кезек киісіп, тағдырдың күс қолынан талай таяқ жегенін тарих біледі. Көл бетінде безек қаққан кемедегі аналар күйін, енді-енді басталғалы тұрған дауыл кейпін, ауға ілінген балыққа байланысты болып қалған ауыл сұрқын суреттей келіп, –

«Балалы ана безектейді:

«Сәби қайтті ембеген?»

Қос анары кезектейді

Балдай шырын кернеген» деп соғыстың алғашқы жылдарын анық байқатады. Текеметті тастап тракторға, киізді тастап комбайнға, орамалды тастап от кешуге, баланы тастап балық аулауға ауысқан аналардың тәтті күндерін аңсауы, тірліктің әділетсіз заңы мен соқыр соғысқа тістенуі баллададан байқалады.

Ащы дауыс көкті жарып,

«АП-А-А» деді,

Сап тынды.

Жайындарға берді де алып

Дауыл суға лақтырды.

Кәрі мыстан жетеледі

Толқындарға дем беріп.

Қайран ару кете берді

Балықтарға жем болып». Балқаштың бұйра толқыны осыншама тарихқа куә, осыншама қайғаға сеп. Бұл желі оқырманға «Қан мен тер» трилогиясы арқылы да таныс. Десе де, болған оқиғаны боямасыз жеткізу, «ұқсап кетер екен», – деп жасандылыққа бармау – поэзияға тән де жарасымды әдет. Осылай қайғылы аяқталатын, жығылғанға жұдырық болған қатал күннің қайрымсыз соңын автор: –

«Қарлығаштың қанаты боп,

Өртті басып жүрдіңдер,

Өздеріңе ар атымен

Түгел қарыз бұл күндер», – деп қанағатпен тәмәмдайды.

Шынында да, «жау жағадан алғанда, бөрі етектен» күндерде үлкен дүрбелеңге шама-шарқынша көмектесіп, барын салып, жанын қиған ана ерлігі қару ұстап өлген жауынгер ерлігімен пара-пар! Ақын адамзат атынан сол күндерге, сол жандарға алғысын айтып, тәубесіне келіп, өткен күндерге қарап кімдердің алдында борыштар екенімізді біліп, адамдықтан айнымауымызды мейманасы тасыған жұрттың санасына тапсыра салады. Бір ғана күннің, бір ғана жанның басындағы тағдыр арқылы бүкіл қазақ даласының кейпін көрсетеді.

МЕДАЛЬ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

Жамау Бұхарбайдың шығармашылығы негізінен соғыстан кейінгі кезең екенін жоғарыда айта кеттік. Аталмыш балладада сол соғыстан кейінгі жылдардың, «Балқаш балладасындағы» емшектегі балалардың мектеп жасына жеткен тұсын, соғыстан кейінгі онжылдықтың ішін суреттейді.

«Жақсылықтың қарымтасын қайырса,

Асық сұрар – біреу пайда айырса,

Мұжық топай қолға түссе – мереке,

Ханбазарда шүкей құны – тайынша». «Медаль туралы баллада» осылайша бала шақтан бұлдыр елес болып басталады. Дүниенің барлығын ұмытып, асық ойнап кеш батыратын балалар үшін жаман топайдың өзі таптыра бермейтін бұйым. Асығы көп бала – көшбасшы. Тек, ұтылып қалғанда ойына оралатын не сұмдықтың бәрі баланы еріксіз ересек қылып жібереді. Соңғы асығыңнан айырылғаның емес, өзіңмен жасты біреудің баласынан ұтылып қалғаның жаныңды жегідей жейді. Уайымның үлкені осы ғана болсайшы…

««Намыс» атты соңғы тірек жоғалды,

Бұдан әрі ер жігітте не қалды?!

Шыдау қайда,

Төс қалтадан Жасболат

Жарқ еткізіп жұлып алды медальды». Жасболат ұтылды. Манағы жас бала әп сәтте ер жігіт болып шыға келді. Намысқа мінді. Асығын қайтып алу үшін асық сатып алу керек. Ақшасы жоқ екені екі бастан белгілі. Асықтың төлеміне бірдеңе беру керек. Бірақ не? Әкеден қалған медаль ше?

Не боларын күтіп, тағат тауысқан,

Бар ынтамыз тамашаға ауысқан

«Өңкей шірік, едренемайт» деген,

Селт етістік қарлығыңқы дауыстан. Бұл дауыстың иесі балдақ мініп жүретін майдангер, қорықбасты Жазықбай. «Өңкей шірік, едренемайт» деген сөзді айтқызып қойғанын көрмейсіз бе?! Осы үш сөз арқылы да кейіпкердің бар болмысын ашып тұрған жоқ па?! «Ерлігі үшін» деген әкесінен қалған медельді, әкесінің тері мен жасы, қаны мен жаны сіңген медельді екі асыққа айырбастаған майдандас досының ұлына ашуланған Жазықбай аттан секіріп түсіп, балдағын да тастай салып, бір аяқтап қипақтап барып, медальді тартып алуы, балаларды қамшымен осып-осып жіберуі, «қожайынсыз құтырған ит күшігі, Қан қаптырып, жоқ қылайын мен сені!» деп жекуі, сонан соң қанталаған көзіне жас алып тұрып, қолындағы медельді сүйуі ыза мен адалдықтың, қамқорлық пен жазаның күресі сынды. Осыншама сезім бір ғана сәтте кинофильм кадрлары іспетті алма-кезек ауысып тұруы майдан көрген, қан кешкен, ыза буған адамға ғана тән. Автор бірнеше эмоцияны бір-ақ сәтке сыйғызып жіберуі кейіпкер мінезін онан сайын аша түседі.

Сәлден соң «Құлыныңа қолым тиді-ау, асылым», – деп барып, дауысы қарлығып, ашық аспан астында, бейбіт күннің біріндегі баланың қылығы үшін мың піскен майдаңгердің қан қысымы көтеріліп, тамағы қарылып, отырған қалпы өртеніп кете баруы – сол кездің адамына ғана, майдан көрген адамға ғана тән іс.

Қолындағы медальді бауырына басып жатып, еңкілдеп тұрып, тамағы қарылып: –

«Қырылдатып құрғап қалған тамағын,

Үні естілді, бойға жинап бар әлін:

«– Арманына жетпей кеткен боздақтың

Бұл медальда бейнесі бар, қарағым.

Үлгісі бар намыстың да, ардың да,

Көз жасы бар жесір қалған жардың да,

Жетімдердің ширығуы, жасуы,

Шәйіттердің аманаты бар мұнда.

Хас асылдың орны ешқашан толмайды,

Кейінгі ұрпақ кешпесін деп сор-қайғы

Ғарасатта төгілген қан киесін

Қасиеттей алмағандар – оңбайды»… Бүкіл балладаның жүгін арқалап тұрған ой осы. Осы ойды жеткізу үшін Жазықбай жазым болуы керек еді. Ауыр жараның аузын ойнап жүріп тырнап алған балалар бұл өсиетті Жазықбайдың аузынан есітуі керек еді. Автордың қорытындысымен емес, майдангердің қырылымен айтылғанда ғана бұл тармақтарға күшті бір рух бітеді, әсерлі шығады. Көркем туынды осынысымен құнды.

Жамау ақынның бұдан өзге: «Балдақты қарт туралы балладасы», «Шатырбай – Мәулім», «Нартайлақ – Назар», «Мерген» дастандары бар. Осылардың әрқайсысы да өзіндік ойымен, жүйелі желісімен, тартымды уақиғасымен құнды. Архивте қалған ақынның қаламынан осындай дүниелер туған. Тарихтың әділ бағасын беру үшін де, өткенге мақтанышпен, бүгінге қанағатпен қарау үшін де, адамдықты ұмытпай, адалдықты ту қып ұстап өту үшін де ақын керек, поэзия керек! Тек, шаң жұқтырмас жырларды шаң басып қалмаса болғаны…

P.S. Жақсылар өлмес болсайшы!

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button