Жаңалық

Жамбылдағы жарылыс хроникасы: не белгілі?

Әлеуметтік желілерде 26 тамыз күні Тараз маңында қойма өртеніп жатқаны хабарланып, фото-видео тарай бастады. «Таразға барар жолда әскери қойма өртеніп жатыр. Көлікте соққы толқыны сезілді», деп жазып жатты тараздық тұрғындар. Кейін Қорғаныс министрлігі өкілдері оқиғаны растап, өрт сөндіріліп жатқанын мәлімдеді.

«Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімде сағат 19.00 шамасында қоймалардың бірінің жанында өрт шықты. Өрт салдарынан белгіленбеген заттар жарылды. Өртті сөндіруге бөлімнің өрт сөндіру командалары, шынжыр табанды өрт сөндіру машиналары тартылды. Оларға Жамбыл облысы бойынша ТЖД өрт сөндірушілері көмек көрсетіп жатыр», деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді

Ведомство мәліметінше, өрт болған маңға Қорғаныс министрінің орынбасары генерал лейтенант Руслан Шпекбаев бастаған Қорғаныс министрлігінің комиссиясы жіберілді. Бұдан соң жарылыс болған қоймаға тақау орналасқан үйлердің тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың мәлімдеуінше, жарылыс болған жерге жақын орналасқан 3 елді мекен бар. Оның ең жақыны Қайнар ауылы 1 шақырым жерде. Ал қалған екі адам  дайындалған 10 мектеп пен 5 колледждің жатақханаларына орналастырылды. 27 тамыз күні эвакуацияланған тұрғындар үйлеріне қайтарылып, 227 адам арнайы дайындалған орынды паналап қалған.

Қанша адам зардап шекті

Қорғаныс мининстрлігі жарылыс салдарынан 32 адам зардап шегіп, Тараз қалалық №1 ауруханасына түрлі жарақатымен жеткізілгенін хабарлаған. Президент Қ.Тоқаев 30-ға жуық қызметкер жарақат алғанын жазған болатын.

Кейін белгілі болғандай облыс әкімдігі зардап шеккендер саны ұлғайғанын мәлімдеді.

«Ауруханаларға 88 адам жүгінді. Оларға қалалық ауруханада, Байзақ ауданының орталық ауруханасында тиісті медициналық көмек көрсетілді. Медициналық көмек көрсетудің арқасында жеңіл жарақат алған 60-қа жуық адам үйіне қайтарылды», деді облыс басшысы Жамбыл өңірлік көммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.

Оның дерегінше, қазіргі таңда Тараз қалалық орталық ауруханасында 28 адам жатыр. «Алтауының жағдайы орташа ауыр. Бірақ, өмірлеріне ешқандай қауіп жоқ. Таңертең науқастармен кездестік, жағдайларын сұрадық. Дәрігерлерден оларға қандай көмек көрсететіндігін білдік. Дәрі-дәрмекке қатысты еш мәселе жоқ. Қазір олардың жағдайы тұрақты», деді Бердібек Сапарбаев.

Пойыздар мен көліктер тоқтатылды

Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің Тараз-Луговое жол бөлігінің тақ және жұп бағыттары барлық пойыздар үшін жабылды. «Оған Жамбыл облысындағы темір жол желісінен 250-300 метр аумақта оқдәрілердің жарылуы себеп болып отыр»,-деп жазды өзінің Facebook парақшасында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы БАҚ-пен жұмыс жөніндегі департамент директоры Қайсар Жұмабайұлы. Жарылыс болған аймақтан 8-10 км қашықтықта жатқан Үшбұлақ станциясына Тараздан өрт сөндіруші пойыз келді. Сондай-ақ өрт сөндіруші пойыз Шу станциясынан да жөнелтілді. Жолаушылар мен жүк тасымалдаушы пойыздардың қозғалысы тоқтатылды.

Жарылыс себебі

Бұл жолғы жарылыстың себебі әлі белгісіз, десе де мамандар әскери бөлімдегі өрттің өрши түсуін мамандар онда сақталып келген тротилдің отқа орануымен байланыстырды. Ал министр Нұрлан Ермекбаев жарылысқа қоймада қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, не болмаса химиялық реакциямен өздігінен туындауы немесе диверсия себеп болуы мүмкін деген болжам айтты. Сондай-ақ, министр Нұрлан Ермекбаев Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы кейбір оқ-дәрі осыдан екі жыл бұрын әскери қойма жарылған Арыс қаласынан әкелінгенін айтты.

«Қойма бастығы, сақтау бөлмесінің бастығы, командирдің сақтау жөніндегі орынбасары, әскери бөлім командирі және тағы басқалар бар. Бәлкім солардың бірі салғырттыққа жол берген шығар. Ең бірінші осындай болжам бар. Бірақ әзірге ондай ауытқушылық байқаған жоқпыз. Тергеу ондай фактілерді анықтаған жоқ. Сондықтан қазір мүмкін нұсқалардың ешқайсысын тізімнен шығарып жатқан жоқпыз. Тергеу жан-жақты жүріп жатыр. Ең үздік деген сарапшылар тартылды. Жарылғыш заттардың сынамалары зертханаға беріледі. Талдау жасалады. Міндетті түрде шындыққа көз жеткіземіз деп ойлаймын, деді министр Нұрлан Ермекбаев баспасөзге берген сұхбатында.

Төтенше жағайлар министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша, төтенше оқиға кезінде жалпы ауданы 697 шаршы метр болатын қойма ғимаратын жалын шарпыған. «Жарықшақтардың ұшу радиусы 2 шақырымға дейін жетті. Қазіргі мәлімет бойынша, қоймада 500 тоннадан астам тротил сақталған. Тағы бір мәлімет бойынша ауруханаға 90-ға жуық адам түскен. Оның 49-ы төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері», деп жазылған ресми деректе.

Ұлттық аза тұту күні жарияланды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысында жарылған әскери қоймаларға қатысты пікір білдіріп, оқиға толық бақылауда екенін жеткізді.

«Жамбыл облысына Қорғаныс, Төтенше жағдайлар министрлері мен Ішкі істер министрінің орынбасары барды. Жарылысқа жақын маңдағы ауылдардың тұрғындарын көшіру туралы шешім қабылданды. Облыстық ТЖ департаменті мен әскерилерден 30 шақты қызметкер жарақат алған», деп жазды Президент Twitter желісінде.

Мемлекет басшысының айтуынша, өрт салдарын жою бойынша жедел штаб жұмыс істейді. Қылмыстық іс қозғалды. ТЖМ, ІІМ, ТЖМ бөлімшелері жұмылдырылды. Сондай-ақ, теміржол қатынасы уақытша тоқтатылған.

«Өрт салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Құтқарушылар, әскери қызметшілер, дәрігерлер және барлық тартылғандар белсенді жұмыс істеп жатыр. Өкінішке қарай, зардап шеккендер саны артып барады. Бірақ жағдай жалпы бақылауда. Тараз бен ауыл тұрғындарынан сабыр сақтауды және сақ болуды сұраймыз», деп жазды ол Twitter-де.

Ал 27 тамызда Президент Жамбыл облысында болған жарылыстарға байланысты шұғыл жиналыс өткізді. Жиынға Премьер-Министр, құқық қорғау, қорғаныс, қауіпсіздік және басқа да күштік құрылымдардың басшылары қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысында болған төтенше оқиға салдарынан қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көңіл айтып, зардап шеккен адамдардың тезірек сауығып кетіне тілектестік білдірді. Сондай-ақ Бас Прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне Жамбыл облысындағы оқыс оқиғаның мән-жайын және кінәлілерді анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу амалдарын мұқият жүргізуді тапсырды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамыз – Жамбыл облысындағы әскери бөлімде болған жарылыс пен өрт салдарынан қаза тапқандарды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

«Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы адам өліміне әкеп соқтырған қайғылы оқиғаға байланысты 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаймын. Қаза болған әскери қызметшілер мен құтқарушылар ерен ерлік пен нағыз жанқиярлық көрсетті. Ерлеріміздің есімі ел жадында мәңгі сақталады», деп жазды.

Осыған орай Мемлекеттік ту төмен түсіріліп, таңғы сағат 10-да Қазақстанның барлық мешіттерінде қаза тапқандардың рухына құран бағышталады. Бұл күні бұқаралық ақпарат құралдарында көңілашар бағдарламалары мен ойын-сауық шаралары тоқтатылды.

Үкіметтік комиссия өрт пен жарылыс зардабын бағалайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің өкімімен 26 тамызда Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймасында орын алған өрт пен жарылыс салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен комиссия құрамына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, ішкі істер министрінің орынбасары Мұрат Баймұқашев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, индустрия және инфрақұрылымдық даму және басқа да орталық мемлекеттік органдардың вице-министрлері кірді. Комиссия алдына залалды бағалау және өрт пен жарылыс салдарын жою, зақымдалған инфрақұрылымды қалпына келтіру, сондай-ақ зардап шеккендерге әлеуметтік қолдау шараларын көрсету бойынша міндеттер қойылды.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың БАҚ өкілдеріне берген мәліметі бойынша, әзірге жөндеуді қажет ететін 118 жылжымайтын мүлік анықталған. Оның 106-сы – тұрғын үй, 12-сі – коммерциялық нысан. Жөндеуді қажет етеді делінген 106 үйдің 35-іне күрделі жөндеу тағайындалып отыр. Облыстық жедел штаб қалған 71 үйді жеңіл зақымдалды деп таныған.

«Олар да қалпына келтіріледі. Барлық жұмыстарға Үкімет тарапынан қаралатын және жергілікті бюджеттен қосымша бөлінетін қаражат жұмсалады. Өңірдегі демеушілер де қаржылай көмек көрсетеді. Бүгін бір үйдің күрделі жөндеу жұмыстары басталды.Қалған үйлерде құрылысшылар ертеңнен бастап іске кіріседі. Екі айдың ішінде барлық үйлерді қалпына келтіреміз деп өзімізге міндеттеме алып отырмыз. Оған біздің мүмкіндігіміз де, құрылысшылар күші де жеткілікті»,деді облыс әкімі.

Қаза тапқан азаматтар мемлекеттік наградамен марапатталды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен әскери және қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Жамбыл облысындағы әскери қойма жарылысында қаза тапқан азаматтар мемлекеттік наградамен марапатталды.

І дәрежелі «Айбын» орденімен наградталғандар: Қапезов Арман Қуанышұлы (марқұм) – Бас әскери прокуратураның Оңтүстік аймақ әскери прокуроры Микропуло Александр Николаевич (марқұм) – Төтенше жағдайлар министрлігі Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі өрт сөндіру кезекші қызметінің жедел кезекшісі (өрт сөндіру жетекшісінің орынбасары).

ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталғандар: Дәлібаев Оразбек Дайраұлы (марқұм) – Қорғаныс министрлігі № 28349 әскери бөлімі ведомстволық күзет командасының атқышы, Жанболатов Руслан Жүрсінбайұлы (марқұм) – Қорғаныс министрлігі № 28349 әскери бөлімі өртке қарсы қорғаныс және құтқару жұмыстары әскери командасының маманы (өрт сөндірушісі), Мешінбай Марат Сайлауұлы (марқұм) – Қорғаныс министрлігі № 28349 әскери бөлімі өртке қарсы қорғаныс және құтқару жұмыстары әскери командасының маманы (механик-жүргізушісі), Нәдірбеков Еркін Ерікбайұлы (марқұм) – Қорғаныс министрлігі № 28349 әскери бөлімі өртке қарсы қорғаныс және құтқару жұмыстары әскери командасының бөлімше бастығы (команда бастығы), Сандыбаев Елдос Қадырбайұлы (марқұм) – Төтенше жағдайлар министрлігі Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 3 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы, Темірболатов Арнұр Серікұлы (марқұм) – Төтенше жағдайлар министрлігі Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 3 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы, Төребеков Тәңірберген Құдайбергенұлы (марқұм) – Төтенше жағдайлар министрлігі Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button