Жамбылдың мерейтойына арналған тарихи-әдеби шара өтті
ҚР Ұлттық музейінде Халық ақыны, жыр өнерінің шебері, айтыскер Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған «Жыр алыбы» атты тарихи-әдеби кездесу және ҚР Ұлттық музей қорынан «Ұлы дала жыршысы – Жамбыл» атты көрмесі өтті деп хабарлайды Ruh.kz порталы музейдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Жыр алыбы» дөңгелек үстелін өткізудің мақсаты – халық поэзиясының атасы атанған Жамбылдың айтыскерлік мұрасы, күйшілік, жыршылық өнері, ғажап шежірешілдігі мен ақын жырларының шеберлігі жайында сөз қозғап, қазақ әдебиетіне қосқан үлесі және ғылым-білім мен руханияттың биігіне сай іргелі еңбектерін жан-жақты насихаттау.
Жиынға қатысушылар Жамбылдың өмірі мен шығармашылығы жайлы ойларымен бөліссе, жыршы, дәстүрлі әнші Ерболат Шалдыбеков жырдан шашу шашып, Нұр-Сұлтан қаласының мектеп оқушылары әлем халықтары тілдерінде ақынның өлеңдерін оқыды.
Сондай-ақ, шара барысында «Жамбылдың жастық шағы» атты көркем фильмінен үзінділер көрсетіліп, ҚР Ұлттық музейінің қорларынан ақынның өмірі мен шығармашылығын бейнелейтін ғылыми әдебиеттер, жәдігерлер мен бейнелеу өнері туындыларынан жасақталған көрме ұсынылды.