Жаңалық

Жаңа есім – жаңа тарих

 «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады»

Н.Ә. Назарбаев

            Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдың сәуір айындағы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады» деген болатын. «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында болатын «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы Тұңғыш Президент ұсынысынан кейін оны жүзеге асыру ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен Қазақстан Халықтары ассамблеясына жүктелді.

Рухани жаңғыруды іске асыру қазіргі таңда басты тапсырма болып отырғаны белгілі. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері өткен ғасырлардағыдай ауырпалықтар: соғыс, ашаршылық, саяси қуғын-сүргін және тағысын тағылар кездескен емес. Оның барлығы да біздің халықтың даналығы, жігерлігі, төзімділігінің арқасы. Қазақстан тарихының парағы тереңнен тамыр тартады. Оның ішінде ата-тегіміздің небір қиын дәуірлерден өткендігі де, керісінше жайлауда жүріп талай-талай қызықты дәуренде өмір кешкендері де жазылған. Сол қалың тарихты білу, ұмытпау, ата рухына әрдайым тағзым етіп жүру, бұрынғылардың кешкен ауыр тағдырын кешпеуге тырысып, тек олардың даналықтарынан үлгі-өнеге алуға талпыну, алға ұмтылу – барша Қазақстан азаматының, әсіресе бүгінгі өскелең ұрпақтың алдында тұрған міндет.

Бүгінгі күнде Елбасының ауқымды мақаласын іс жүзінде тындыруға еліміздегі азаматтардың көптеп атсалысып жүргенін көріп жүрміз. Қазіргі жастардың дені білім-ғылымға қызығатыны қоғамымыз үшін де пайдалы екенін ерекше атап өткен жөн. Олардың бірі ғылымда жаңа бір жаңалық ашып, түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы өздерін дамытып жатса, екіншілері жеке бизнес қызметімен әлеуметке танылып, көпшілік үшін тиімді істерді тындырып жүр. Ал келесі біреудің өнерлерімен елімізді жаһанға әйгілі етіп жүргенін де жасыруға болмайды. Қысқасы, мемлекетімізде отанға қызмет етіп жүрген саны күн санап артып келеді. Дүйімге үлгі боларлық жастарымыздың барлығы рухани жаңғыруға өздерінің үлестерін қосып жүргендіктен, олардың әрбірі де ұлтымыздың тарихымен етене таныс десек қателеспегеніміз болар, сірә?.. Себебі, бір халықтың өткенін білмей тұрып, бүгінгісіне қызмет ету мүмкін емес.

Қазақтың данышпан, көреген, қайсар ұлт екендігін барша әлем жұрты мойындаған. Оның ішінде өткен ғасырларда дүниеден өткен небір ұлы тұлғалар бары жасырын емес. Ұлтымыздың ерекшелігі – мәдениетінде, тәлім-тәрбиеге баса назар аударатынында, күнделікті өмірде әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерді тастамай ұстанатынында болып табылады. XX ғасыр қазақ елі үшін аса қиын заман болды. Соның салдарынан еліміз біраз дәстүрлері мен ғұрыптарынан, ана тілінен, дінінен, өнерінің біршама бөлігінен ажырап қалды. Қысқасы, мәдениетіміз едәуір есеңгіреп қалды. Егемендік алғаннан кейін тарихта болған қаншама жағдайларға қарамастан Қазақстан аяққа тез тұрып кетті. Бүгінде еліміз дамушы мемлекеттер қатарында. Республикамызда дарынды, болашаққа деген ұмтылысы жоғары жастар өте көп. Айналаға терең назар аударсаңыз қазақтың тарихын құштарлана оқып, ата-баба аманаты – киелі жерімізді сақтап тұруға тырысатын, олардың салған жолымен жүруге бағытталған қаншама жасты байқауға болады.

Әр ғасырдың өзіндік ерекшеліктері бар. Соның ішінде әр заманның өзінің ұлы тұлғалары болады. Дәл осыған қатысты «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің директоры, бас редакторы Абай Балажан өзінің бір сөзінде: «Мәселен, кешегі соғыс жылдары қазақ жастарына Нұркен Әбдіров, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Төлеген Тоқтаровтар идеал ретінде ұсынылды. Мейлі, қай формацияда өмір сүрсе де, идеалдың аты – идеал. Әлия, Мәншүкке ұқсағаннан қазақ жастары жаман болған жоқ. Одан кейін 70-80 жылдары бейбіт заманның батырлары пайда болды. Оларға еліктедік. Ешкім жаман болған жоқ, қайта солардың ерліктерін қайталағысы келген жастардың саны артты. Ал бүгін біз жаңа дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Демек, жаңа заманға жаңа идеалдар керек! «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы ең бірінші кезекте осы үшін керек! Жастарымызды жаңа жеңістерге жігерлендіру үшін керек! Мәселен, Тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде замандастарына үлгі-өнеге болатын қаншама тұлғалар өсіп-жетілді. Мейлі спорт саласы болсын, мейлі ғылым мен өнерде болсын, мейлі өндіріс пен шаруашылықта болсын, осы бір жаңа есімдерді идеал етуге әбден болады. Ал руxани жаңғыруды ең бірінші кезекте жүзеге асыратын кімдер?! Әлбетте, идеалдар! Ендеше, бұл жобаның өзі дер кезінде қолға алынған жоба болды деп есептеймін» деген болатын. Бұдан шығатын түйін: қазіргі жастардың көбі бұрынғылардан үлгі алу арқылы өздерін дамытып келе жатыр. Үлкенге ізет көрсету қазақтың қанында бар қасиет. Ұлтымыз өзге ұлыс өкілдеріне де ерекше ілтипатпен қарап, оларды құрметтейді. Содан болар бүгінде елімізде 120-дан астам ұлт өкілдерінің бейбіт күн кешіп жатқаны. Бірнеше ұлт болып, бөлінбей, әрқашан «өле жегенше, бөле же» деген ұстаныммен Қазақстан халқы әлемдік деңгейде жүріп биік белестерді бағындып жатыр. Оған, әсіресе жастардың қосып жүрген үлесі зор.

Сөйтіп, рухани жаңғыруға аса ықпал ететін «100 жаңа есім» жобасының алғашқы жылы жайлы айтайық. «Қазақстандық 100 жаңа есім» жобасы бойынша елімізде 2017 жылдан бері көптеген ел азаматтары танылуда. Олардың әрқайсысының өздеріне тән таланттары бар. Барлығы да еліміздің руханиятының қайта жаңғырылуына сүбелі үлестерін қосып жүр. 2017 жылы жобаның ресми порталына 2098 электронды өтінім келіп түскен. «100 жаңа есімді» анықтау үшін оффлайн акция басталды. Акция несімен өзгеше десеңіз, науқан барысында ұйымдастырушылар Қазақстандағы халық ең көп шоғырланған жерлерге барып анкета таратты. Онда кез-келген қазақстандық азамат өзінің немесе таныстарының бүгінгі және келешек қоғамға үлгі болған оқиғасын жаза алды. Ал ол жиналған ақпар барлық азаматтар анкетаны толтырғаннан соң арнайы сайтта жария етілді. Міне, бастапқы жылдың ерекшелігі осы. Яғни онда азаматтар өзін-өзі ұсынуға мүмкіндік алды.

Жоғарыдағы статистикаға қарап Қазақстанда мыңдаған жас дарын иелері барын оңай байқамыз. Өз халқымыздың, өз ұлтымыздың ішіндегі ерекше қабілеттерге ие азаматтарын тани бермейтініміз жасырын емес қой?! Аталған жоба арқылы ел халқы мемлекетіміздегі өзгеге үлгі боларлық сан мың адамды танып, білді.

Жаңа 100 есімді таңдау кезінде сарапшылар әлеуметтік, мәдени, салалық, аймақтық тәрізді бірнеше қағидаларды ескерді. Мемлекетіміздің ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев: «Өтінімдерді жинау барысында елімізде мақтан етуге де, өскелең ұрпаққа үлгі етуге де лайықты мыңдаған бірегей жандардың бар екеніне куә болдық. Осынау жаңа есімдер арқылы тұтас Тәуелсіз еліміздің табыс тарихының жаңа парақтары ашылмақ» деп айтқан болатын. Министрдің бұл сөздерінен 100 есім иелерінен бөлек, тағы басқа да мыңдаған азаматтарды мақтан етуіміз керектігін аңғаруға болады. Себебі ол адамдар жеңімпаздар қатарына кірмегенмен, барлығының да өзіндік тарихтары, өзіндік дарындары бар.

«Қазақстанның 100 есімі» жобасына еліміздегі облыстар пен қалаларды алғанда барлығы 16 өңірден өтініш хаттар түскен. Соның ең көбі Қостанай мен Түркістан облыстарынан келсе, ең азы Талдықорған қаласынан ұсынылған. Жіберілген өтінімдер әртүрлі бағытта болды: спорт, ғылым, мәдениет, бизнес, медицина, қоғам. Оны жеке-жеке айтатын болсақ: спорт саласына қатысты 235, ғылыммен байланысты 210, мәдениетпен ұштасқан 307, бизнес саласының үздіктерінен 257, медицинаның шамын жағып жүргендерден 200, қоғамның жүйрік белсенділерінен 889 өтініш келіп түскен. Сарапшылар осы өтініш хаттарды саралап, барлығының тарихымен, қоғамға істеген пайдалы жұмыстарымен танысады. Кейін сарапшылар таңдалған тұлғалардың есімдерін ресми сайтқа шығарады. Ол ІІ кезең, яғни онлайн түрде дауыс беру кезеңіне жатады. Онлайн дауыс беруге 302 үміткер қатысқан. Ал оған дауыс берген Қазақстандық азаматтардың саны – 324 910. Олар барлығы – 1 376 396 дауыс берген. Нәтижесінде 102 жеңімпаз анықталды. 2 адам неліктен артық десеңіз, олар жүздіктен сәл ғана төмен тұрғандықтан, үміткерлерді тізімге қосу туралы шешім қабылдаған. Қысқасы, 2017 жылдың қорытындысы бойынша, 102 қазақстандық «100 жаңа есім» марапатына ие болды. Дұрысырақ – «102 жаңа есім». 2017 жылы желтоқсанның бірінші жұлдызында Елбасы жоба жеңімпаздарымен кездесіп, олардың сол уақытқа дейінгі жеткен жетістіктерімен және де болашаққа қойған жоспарларымен танысты.

Жеңімпаздардың алдыңғы қатарында бизнес саласы арқылы үлкен жетістіктерге жетіп жүрген Қайрат Молдасеитов тұр. Ол 28 502 дауыс жинаған. Табысты бизнесмен бастапқыда мансабын қара жұмыс істеуден бастаған. Қайрат Молдасеитов тұрақты әрі табысты бизнесмен болудың құпиясы жайлы былай деген екен: «Бизнесмен болу үшін құрылысшы немесе бағбан болу шарт емес. Ол жерде өз мамандары, яғни, агроном, құрылысшы болады. Бастысы, соны ұйымдастыра білу керек». Туған жері – Жамбыл облысына бірнеше әлеуметтік нысандар салғызған ол қайырымдылық шараларына да жиі қатысып тұрады.

«100 жаңа есімнің» қатары тек бизнес саласымен шектеліп қалмайтыны белгілі. Соның ішінде медицина саласында қызмет етіп, өзгенің денсаулығын өз жанындай ойлап жүретін алтын жүректі дәрігер – Ләззат Кенжебайқызы туралы айтсақ дейміз. Ол – Алматы қаласындағы Репродуктивті медицина институтында қызмет жасайды. Ақ халатты мейірбан жанның қандай екенін оның мына сөздерінен оңай аңғаруға болады: «Дәрігерде үш қару бар. Олар: сөз, өсімдік, пышақ» деген ұғым бар. Астарына үңілсеңіз, мағынасы терең. Жаныма жақын қару – сөз. Себебі қашан да адамгершілік қасиет биік тұруы керек. Жақсылық атаулы жақсы қарым-қатынас арқылы өріледі. Неге десеңіз, менің алдыма көкірегін мұң торлаған, сәби сүюді армандайтын қыз-келіншектер келеді. Әрқайсысының тілін тауып, мұңын тыңдайсың. Әртүрлі адамдармен бірге әртүрлі тағдырлар келеді. Бізге «Маған бала керек» деп ешкім күліп келмейді. Бәрінде бір мұң, қилы тағдыр бар. Жанары жасаураған әрбір жанның мұңын мұқият тыңдап, ішкі күйзелісін түсінуге тырысамын. Қалай да осы жандардың жүгін жеңілдетіп, өз тарапымнан қандай да бір көмегімді тигізгім келіп тұрады. Пациентім бала көтерсе, өзім де жүктілік бақытына жеткендей бірге қуанамын, мұңайса жұбатуға тырысамын». Өз мамандығын сүю, өзгеге көмек қолын созу деп осындайды айтпасақ, басқа нені айтуға болады?

Өзгеге үлгілі қасиеттері көп тағы 100 адам бар. Алайда олардың есімдері мен бүгінгі қоғам ішіндегі жасап жүрген пайдалы әрекеттерін айта берсек жетіп артылады. Сондықтан келесі кезекті 2018 жылғы «Қазақстанның 100 есімі» жобасына беруді жөн көрдік.

Өткен жылдың шарты арғыға қарағанда сәл өзгерек болды. 2018 жылғы байқау жалпыхалықтық танымалдылыққа ие болған азаматтарды насихаттауға емес, жаңа есімдерді, соның ішінде ел көлемінде немесе нақты бір өңір бойынша халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүргендерді танытуға бағытталды. Ең ерекше тұсы – оның алдыңғы жылы тізімге өтіп, алайда жеңіске жете алмаған қатысушылар бағын сынап көруге мүмкіндік ала алды. Ал талаптары мынадай болды:

–         Үміткер Қазақстан азаматы болуы тиіс;

–         18 жасқа толуы міндетті;

–         Мемлекеттің жағымды имиджін қалыптастыруға ықпал ететін қызмет саласында еңбек етуі керек;

–         Заманауи Қазақстан келбетін өз жетістіктері мен табыстары арқылы бейнелей алатын тұлға болуы керек;

–         Қазақстан дамуына нақты үлес қоса алған азамат болуы тиіс.

Өткен жылғы жобаның алдыңғы жылғыдан айырмашылығы – азамат өзін-өзі ұсына алмайтын болды. Ал қалған ережелері ұқсас келген. Яғни сарапшылар барлығының тарихымен танысып, ішінен таңдаулы дегенін ғана сайтқа шығарды. Ары қарай онлайн дауыс берілді.

2018 жылы еліміздің әр өңірінен 11 өтінім қабылданды. Ең көп өтініш 129 болып, Елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласынан түскен. Ал ең азы Қызылорда облысынан болған. Салаларға бөліп қарасақ: спорттан 90, ғылымнан 106, мәдениеттен 150, бизнестен 157, медицинадан 72 және қоғамнан 536 өтінім түскен. Ал ІІ кезеңдегі онлайн дауыс беруге 200 үміткер қатысқан. 167 324 қазақстандық азамат 836 617 дауыс берген. Қысқасы, 2018 жылы «Қазақстандық 100 жаңа есім» жобасы бойынша 29 жеңімпаз анықталды.

2018 жылдың жеңімпаздарының ішіндегі ерекше тұлға деп айтуға болатын жандардың бірі Назгүл Кенжетай. Ол географиялық шекара дегенге назар аудармайтын журналист. Оның басты мақсаты – жағдайы қиын адамдарға көмектесуді қоғамның құлағына құю. Яғни, Назгүлдің түсінігіндегі журналистика осындай. Жас маман осыған дейін көптеген жетістіктерге жетіп үлгерген. Оның жұмыстары Катар, Түркия және Еуропаның бірнеше елдерінде қойылып, ал жазғандары BBC-де жарияланған. Назым Түркияда оқып жүргенде, күніне 2 доллар үшін жұмыс істейтін қара жұмысшыларды көп байқайды. Сонда ол өзіне: «Назгүл, сен оларға көмектесуің қажет. Журналист ретінде емес, адам ретінде. Сен оларға қалай көмектесу керек екендігін білесің, тек көмектес оларға» деген екен.

Спортта да жас белсенділеріміз аз емес, қайта көп. Соның бірі – Александр Пупенко. Ол көкпардан Қазақстан құрамасының ойыншысы, Азия ойындарының, әлем чемпонатының чемпионы. Александр алғаш 9 жасында атқа мініп елге өнерін көрсете бастаған. Біз көптеген спортшыны танимыз. Соның ішінде халықаралық деңгейде елімізді танытып жүргендерді жақсы білеміз. Бірақ бір жағынан алсаңыз, мүлдем аттарын естімеген спорт шеберлеріміз жетіп жатыр. Негізі оларды тану барлығымыздың борышымыз. Себебі: ол спортшылар еліміздің көк байрағын әлемдік аренада желбіретіп жүр, ал біз болсақ оларды танымаймыз да. Бұл әділетсіздік деп ойламайсыз ба?

«Қазақстандағы 100 есім» жобасының елімізде өткізіліп бастағанына осымен 2 жыл уақыт болды. Енді алдағы уақытта ағымдағы жылда болатын жобаға өтінімдер қабылдана бастайды. Ол 1 қазан мен 20 қазан аралығында  өтеді. Ал үміткерлерге дауыс беру кезеңі 5 қарашадан 20 қарашаға дейін жалғасады.

Биылғы жылдың ерекшелігі – азаматтың өз бетімен өмір сүруді бастайтындығы болып отыр. Яғни, 39 жасқа дейінгі қазақстандық тұлғаның осы күнге дейінгі жеткен жетістіктері жайында болмақ.

         2019 жылы өтетін жобаға кімдер қатыса алады:

1.    39 жасқа дейінгі әрбір қазақстандық азамат қатыса алады;

2.  Өзінің кәсібінде қандай да бір жетістікке жете алдым деп ойлайтын, өзіне сенімді кез-келген адамның қатысуына болады;

3.  Қызметі инновацияларды енгізумен, жаңа білімді игерумен байланысты әр түрлі қызмет салаларының өкілдері: спорт және қайырымдылық, шығармашылық сектор (сәулет, IT, сән, кино, БАҚ және басқа салалар); кішіден ірі бизнеске дейін; мемлекеттік және жеке деңгейде жетекші өндірістерді дамытып жүрген адамдар (медицина, білім, ауыл шаруашылығы және т.б.); фрилансерлер, жобалар менеджерлері және басқа да мамандар өтінім хаттар жібере алады.

Жаңадан құрылған сайттан жоба қатысушысы туралы толық ақпаратты арнайы навигация арқылы алуға болады. Сондай-ақ, аталмыш сайтта өткен екі маусымның да қатысушылары мен жеңімпаздары туралы мәліметтер тұрады. Бұндай мәліметтердің қатарына қатысушының аты-жөні, туған жері және қызмет атқаратын саласы кіреді.

Жобаның қатысушыларының қатарынан болғысы келетін әрбір адам #100esim2019 хэштегін қойып өзінің жетістіктерінің тарихын баяндайтын 1 минутқа дейінгі видео жазып жіберсе болады. Бұл қатысушының қалауы бойынша жүзеге асады. Содан кейін жобаның ресми сайтына кіріп, ондағы қатысушыға арналған анкетаны міндетті түрде толтырулары тиіс. Өтінімдер ортақ базаға түскеннен кейін, жетілдірілген жүйемен тексеріледі. Яғни, «смс-верификация» жүйесі арқылы ақпараттың бұрмаланбауы қадағаланады. Бұл байқаудың ашық, әрі әділ өтуі үшін, ұйымдастырушылар тарапынан қатаң бақылау болатындығын білдіреді. Барлық анкеталар тексерістерден өткеннен соң қатысушы ретінде тіркеліп, 100janaesim.ruh.kz. сайтында жарияланатын болады. Өтінім қабылдау процесі аяқталған соң жоба қатысушыларына дауыс беру кезеңі басталады.

Биылғы дауыс беру жүйесі өткен жылдардан мүлдем өзгеше. Дауыс беруші әр саладан тек бір ғана қатысушыға бір-ақ рет дауыс бере алады. Сондай-ақ ол дауыс берместен бұрын сайтқа тіркеліп, электрондық пошта арқылы рұқсат алуы керек. Содан кейін мобильді телефонынан келген код арқылы жүйеге кіріп, дауыс беру мүмкіндігіне ие болады. Бұл код дауыс беру жүйесінің ашықтығын дәлелдейді. Тағы да айта кететін дүние, жаңа сайт заманауи платформада жасақталған. Бұл сайтты сыртқы қауіптерден қорғайды.

Өтініштер жиналғаннан кейін қазылар алқасы байқау жеңімпаздарын таңдайды. Сонымен қатар, сайтта жалпыхалықтық дауыс беру өтеді. Сайтта ең көп дауыс жинаған қатысушылар 2019 жылғы «Қазақстандық 100 жаңа есім» жеңімпаздары атанады.

Іріктеуді Дәурен Абаев, Александр Винокуров, Аружан Саин және өзге де белгілі қазақстандық қоғам қайраткерлері, мәдениет және спорт өкілдері, танымал кәсіпкерлер, блогерлерден тұратын қазылар алқасы жүргізетін болады.

Жеңімпаздардың есімдері аталған соң олар жайлы деректі фильмдер түсіріліп, еліміздің алдыңғы қатарындағы телеарналардан көрсетіледі. Байқап отырғанымыздай, 2019 жылы аталмыш жоба ерекше форматта өткізілейін деп тұр. Егер сіз де өзіңіздің бойыңыздан өзгелерден өзгеше қылып көрсететін қандай да бір қабілеттілікті байқасаңыз, онда міндетті түрде жобаның арнайы сайтына өтінім хат жолдасаңыз болады.

Қарап тұрсаңыз, біз танымайтын адамдар, есімдері көп аталмайтын жандар көптігін байқаймыз. «100 жаңа есім» жобасының да ең басты мақсаты сол. Яғни, ел танымайтын тұлғаларды көпшілікке таныстыру. Осы жоба басталғалы бері, 2 жылдың ішінде жобаның ресми порталына 5000 өтінім түскен екен. Бұл қазақ халқының арасында ерекше дарын иелері көп дегеннің дәлелі. Ұлы даламыздағы басқаға үлгі боларлық қасиеттерге ие, өте зерек, білімді, дарынды жастар қауымын тарихи тұлғалар қатарына қосуға барлық Қазақстан азаматы болып білек сыбана атсалысайық. Ол үшін алдымен сол есімдерді біліп, олардың қоғам үшін атқарып жүрген игі істерімен танысу керекпіз.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button