Жаңалық

Жаңа форматтағы «Өлкетану» оқулығы жарық көрді

Әр аймақтың өз тарихын, қасиетті жерлерін жас буынға, нақтырақ айтсақ, мектеп оқушыларына насихаттау мақсатында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында жаңа оқулықтар жарық көрді. Сегіз автордың бірлестігі арқасында жарық көрген кітап бір жыл көлемінде жазылып, жарияланған. Сонымен қатар, жаңа қалыптағы өзгеше оқулық алдағы оқу жылынан бастап, Алматы облысының барлық мектептерінің 5-6-7 сыныптарының оқушыларына ұсынылмақ.

Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» мақаласы ұлт тарихын, ұлттық құндылықтарды сақтауды, жас буынның санасын жаңғыртып, ұлттық болмысын қалыптастыруды, бәсекеге қабілетті жастарды даярлауды мақсат тұтатынын білеміз. Сондай-ақ, аталмыш бағдарламалық мақала аясында ел тарихын, республиканың қасиетті жерлерінің насихатын толық танытып, ұрпақ санасына сіңіру үдерісі қарқынды жүріп жатыр.

«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жоғарыда аталған міндеттемелерін жүзеге асыру, санасы азат, бәсекеге қабілетті ұрпақ даярлау мақсатында Г.С.Асанбекова, К.Б.Қамысбаева, Г.Д.Рыскелдиева, Қ.С.Темірбаева, С.А.Семжанова, А.Ж.Мақышева, Ж.Ш.Маханбетова, Н.Е.Мұханбеталиева есімді бірлеске сегіз автордың «Өлкетану» атты еңбегі «Алматыкітап» баспасынан жарық көрді.

Жаңаша форматтағы оқулықта әр аймақтың қасиетті жерлерінің тарихы, аймақтың ерекше нысандары жөнінде ақпараттар жинақталып, географиялық-тарихи, әдеби-музыкалық тұрғыдан терең талданған. Алдағы оқу жылында оқушылардың назарына ұсынылатын жаңа оқулықтың ішінде аймақтың қасиетті жерлерінің тарихы ғана емес, өңірдің әдеби қоры, географиялық қасиеті, музыка саласындағы атақты тұлғалардың тарихы қамтылған. Жаңа кітаптың мұндай тәсілмен жазылып, баспадан жарық көріп, мектеп бағдарламасына енгізілуі арқылы мектеп жасындағы оқушылардың ұлттық құндылықтарға, ұлт тарихына, географиялық орындардың қасиетіне деген ынтасын оятып, олардың бойындағы отансүйгіштік деңгейін арттыру көзделді.

«Бұл кітаптың өзге оқулықтардан айырмашылығы айтарлықтай үлкен. Оқулық үш сынып дәрежесіне ортақ стандартта жазылған. Дәл осы ерекшеліктің арқасында жоғары сыныптың оқушысы өткен мағлұматтарды әрдайым қайталап отыруға, ал төменгі сынып оқушысы өз қызығушылығына байланысты жоғары сынып бағдарламасын ерте оқуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, кітаптың тағы бір ерекшелігі – оның безендірілуі. Жалпы адамдардың есте сақтау қабілеті әрқалай. Көзбен көргені түйсігіне әсер ететін немесе оқығанын жылдам қорытатын адамдар бар. Сол үшін де біз кітаптың ішінде оқушының отансүйгіштік, ұлттық рух дәрежелерін көтеруге көмектесетін суреттерді көптеп жариялауға тырыстық», – деді кітап авторларының бірі.

Сондай-ақ, арнайы баспасөз конференциясында ұстаздар арасында пікірталастар туып, өз ойларын ортаға салды. Арнайы шараға қатысқан тәжірибелі мұғалімдердің пікірлері бір арнада тоғысты. Олардың айтуы бойынша, дамыған заманда оқушылар да алабөтен дүниені пайдаланғысы келеді және стандартты жүйеден әбден жалыққан.

«Оқушылар әдебиетті, тарихты, географияны және музыканы бөлек-бөлек оқиды. Және ол оқулықтарда аталған ғылымдардың барлығы ғылыми тілде, атақты профессорлардың көзқарас тұрғысынан жазылған. Бұл оқушылардың ақпарат қабылдау деңгейіне ауырлау болуы кәдік. Сондықтан, біз жаңа форматта жарық көріп отырған оқулықтың ішінде қызықты деректер мен таң қалдыратын, бұрын ешқандай жерде кездеспеген мәліметтерді беруге тырыстық. Кітаптың мақсаты – оқушылардың бойында отансүйгіштік қасиетін дамыту. Еңбектің жазылуы барысында да бұл ұстанымымыздан айныған жоқпыз», – деді келесі бір автор.

Ақпараттық толқынның өте жылдам жүріп жатқанын білеміз. Осы кезеңде оқушылар болсын, ересек адам болсын күн сайын аса үлкен мөлшердегі ақпараттарды санасына сіңіреді. Содан келіп, адамның есте сақтау қабілетінің нашарлауы, өзінің тұлғалық келбетін анықтай алмауы сияқты кереғар дүниелер алдымыздан кесе-көлденең шығып жатады. Сондықтан, кітаптың жазылар алдында кең ауқымды ақылдасу нәтижесінде жаңа оқулықты аймақтарға бөліп жазу ұсынысы қабылданып, бекітілген еді.

Осы қабылданған ұсыныс нәтижесінде «Өлкетану» кітабының 7 аймаққа арналған нұсқалары жарық көрді. Оның ішінде Алматы мен Астана сияқты ірі қалаларына арналған аталған оқулықтың жеке нұсқалары жасалған. Ал қалған аймақтардың тарихы, географиялық ерекшеліктері топтама ретінде басылды. Әрбір оқулықта жергілікті өңірдің тарихы, географиясы, әдебиеті, музыкасы жөнінде мағлұматтар беріліп, оқушылардың жеке ізденістеріне арналған сілтемелер де жасалған.

«Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы дер шағында жарияланды. Біздің қазір рухани құлдырап бара жатқанымыз ақиқат. Экономикамыз да, саяси әлеуетіміз де көтерілді. Енді руханиятымыздың деңгейін арттыруымыз керек. Кітаптың тағы бір артықшылығын айта кетейін. Мысалы, сынып-сыныпқа бөлініп қарастырылған оқулықтарда тарихи мағлұматтардың немесе әдебиеттегі жазушылардың өмірі бөлініп-бөлініп беріледі. Ал бұл кітапта әрбір параграф 15-18 беттен тұрады. Десек те, бұл беттердің әрқайсысында үлкен сүзгіден өтіп, сарапталған деректер жатыр. Оқушы мағлұматты өз қажеттілігіне сай толық алу құқығына ие болды. Ендігі жерде оқушылар әрі қарай өзін ғылыми ізденісте сынап көруге ұмтылуы шарт. Өйткені, оқулықтағы деректер мен қызықты мәліметтер көзі ашық оқушыны осы бағытқа жетелейді», – деп тұжырым жасады авторлардың бірі.

Алматы қаласының өлкетану тарихын жазу барысында авторлар көптеген тарихи материалдарды қолданған. Мың жылдық тарихы бар шаһардың келбетін оқушыға таныстыру үшін, бұрын-соңды айтылмаған тың деректерді беру үшін бірқатар атақты ғалымдар, профессорлар, тарихшылар, өлкетанушылар кітаптың татымды болуына көмегін тигізді. Сонымен қатар, оқулықты безендіру барысында мұрағатта шаң басып жатқан, ешқашан жарық көрмеген өткеніміздің куәсі іспетті фотосуреттер алынды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Қазақстанның қасиетті географиясы» деп аталатын бағыт көлемінде де ұлттық тарихи мұраларымызды сақтау, оны жаңа ұрпаққа насихаттау, осы арқылы олардың отансүйгіштігін арттыру мақсатында көптеген саяхаттар мен акциялар ұйымдастырылуда. Айтқымыз келіп отырғаны – аталған бағыт аясында ұйымдастырылған шаралардың көпшілігі мектеп оқушыларының игілігіне бағытталған. Осындай бастамалар арқылы дамыған қоғам иелерін бәсекеге қабілетті, патриот азамат болуға мектеп жасынан бастап тәрбиелеу, бағыт-бағдар беру, ұлттық рухын көтеру секілді өте маңызды міндеттемелер жүзеге асуда.

Ұлт болашағының тұтқасын ұстайтын жастарды бала күнінен жауапкершілікке үйрету, өзінің болмысын тануға тәрбиелеу – Елбасының көреген саясатының жемісі. Ұлттың санасын жаңғырту кезеңінде өте жауапты қызмет жасап жатқан мамандардың да еңбегі мақтауға тұрарлық.

Әрбір адамға өз туған жері ыстық. Ал оның қасиетін, географиялық, тарихи, мәдени, музыкалық, әдеби бай мұрасын білу – ұрпаққа парыз. Сегіз автордың білімі, одан бөлек бірнеше ғалымның, өлкетанушылардың тәжірибесі тоғысқан «Өлкетану» оқулығы да осы ерекшелік бойынша жазылды. Мысалы, Алматы облысының оқушылары мұқабасында  «Өлкетану: Алматы облысы» деген жазуы бар оқулықтарды пайдаланады. Оқулықта аты айтып тұрғандай, тек қана Алматы өңірінің тарихы, ұлттық бай мұралары сипатталады. Оқушы өз аймағына, өз туған жеріне қатысты деректерді үлкен ынтамен оқитыны белгілі. Географиялық картадан өз ауылын, ауданын көргенде қуана алатын оқушылардың осы қадамға барары анық.

«Оқулықтың құрылымдық жағын «Ой» сөзімен байланыстырып алдық. Кітап «Ой серпін», «Ой қазына», «Ой қазық», «Біліп жүр» айдарынан тұрады. «Ой серпін» оқушылардың қызығушылығын арттыратын айдар болса, «Ой қазықта» сабаққа қатысты жалпы мәлімет, «Ой қазына» айдарында тереңдетілген дерек берілсе, «Біліп жүр» бөлігінде тақырыпқа байланысты тың мәлімет келтірілген», – дейді оқулық авторларының бірі Гүлмира Рыскелдиева.

Авторлардың айтуынша, дәл осы Алматы облысының тарихы оқушыларға Верный қаласынан бері қарай ғана айтылып келеді. Бірақ оның алдындағы уақытта да бұл жерде тіршілік болды. Атақты адамдар өмір сүрді. Өзіндік қала мәдениеті қалыптасты. Сегіз авторға бұл жөнінде өлкетанушылар, тарихшылар, жазушылар көмек көрсеткен.

Биыл 20 жылдығы тойланған елордамыздың да өз тарихын насихаттайтын «Өлкетану» оқулығы жарық көрді. Ол да оқушыларға қала тарихынан, қаланың мәдени ерекшеліктерінен сыр шертпек. Мемлекеттің дәуірлеу кезеңімен бірге жасасып келе жатқан астана шаһарының ұрпақ білуге тиісті өте маңызды оқиғаларға куә болып келе жатқанын білеміз. Жан-жақты оқушының сапалы маман, тұлғалы азамат болары анық. Ал сапалы адам, саналы ұрпақ – ұлт болашағы.

Алдағы уақытта аты аталмаған еліміздің өзге де аймақтарының тарихы, өлкенің өткені, мәдени құндылықтары жөнінде оқулықтар жазылып, жарық көрмекші. Бұл жоспар жақын арада жүзеге асуы ықтимал.

Авторлардың сөзіне сүйенсек, халықтың санасын рухани жаңғыртып, санасы азат ұрпақ даярлау кезеңінде жаңашыл дүниелерге бет қоюымыз керек. Бәсекелестікті арттырып, бәсекеге қабілетті азаматтарды дайындау үшін олардың, ең алдымен, тарихи біліміне, отансүйгіштігіне мән беруіміз керек. Өйткені, адам сапасы бүгінде біліммен өлшенеді. Кітаптарда тек қана тарих беттерінің тамашалары ғана өрнектелмеген. Сонымен қатар, халықтың ұлыларының айтқан нақыл сөздері, халық ауызынан қалған мақал-мәтелдер де қамтылған. Авторлар жаңа дүниенің оқушыларды елітіп, баурап алуы үшін бар өнерлері мен ізденістерін салғанын айтады.

Қалған аймақтарға арналған «Өлкетану» оқулығы да дәл осындай бағытта жазылып, басылды. Тағы да еске сала кетейік, «Өлкетану» оқулығы алдағы оқу жылынан бастап, мұқабада аталған өңірлер бойынша мектептерде оқытылмақ. Бұл – ұлт тарихындағы ұлы бастаманың ірі жетістіктерінің бірі. Қасиетін танымаған ұлттан береке кетеді. Қасиетін дәріптей білген ұлттың мерейі үстем бола бермек.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button