Жаңалық

Жаңа орфографиялық ереженің лингводидактикалық негіздері туралы

Бірінші. Қазіргі кирилше әліпбидегі 42 әріптен бес-алтауы ғана қысқартылыпты деп, жаңа латынша әліпбиімізді қомсына бермейік дегім келеді. Қысқартылған бесеу емес, 10 әріп: ё, й, х, ц, щ, ь, ъ, э, ю, я. Бұл 10 әріптің басы артық, қазақ жазуы үшін қызметі (графикалық жүктемесі) жоқ екені әуел бастан белгілі болатын. Жалғыз қазақ әліпбиі емес, СССР-дағы өзге де туыстас түркі және иран текті халықтардың мысалы, тәжік әліпбиінде де осы 9 немесе 8 әріп қаздай тізіліп тұр. Бұл «тоғызды» идеологиялық күштің қысымымен сырттан сыналап кіргізілгені де баршамызға аян. Осы аталған әріптерсіз де қазақтар жазуын жазып, оқуын оқи беретіні күмәнсіз еді.

Ал қазіргі латынша қазақ әліпбиінің басы артық оннан арылуы жазу реформасындағы шешуші оң қадамның бірі деп бағалаған жөн болар.

Екінші. Әсіресе жазу-сызу, әліпби, емле ережелері сияқты жалпыхалықтық сипаттағы мәселелерге келгенде әрқилы пікірлер, пікіралуандығы болатыны түсінікті жайт. Олардың қайсыбірі пікірталас барысында тиянақ тауып жатса, қайсыбірі сындарлы сөз, дәлел мен уәжге тоқталмастан, әдейі қаузаған сайын өрши түсіп жатады.

Бұл жерде айтайық деп отырғанымыз: «қосар» ма?, «дара» ма? деген мәселе. Таластың басы жиырма-отызыншы жылдары басталып, аяғы 1957 жылғы емле ережесінен кейін тиянақ тапқан болатын. Бұрын сұу/су, тұу/ту, кійім/киім, қыйын/қиын болып әрі-сәрі жазылып жүрген сөздер 1957 жылғы Ережеден кейін бірізге түсті. Алпыс екі жылдан күні бүгінге дейін баспа беттерінде, мектеп өмірінде осыдан қате кетіп жатса, дабыл қағылып, шу көтерілер еді. Бірақ тиянақ тапқан талас әліпби ауыстырумен байланысты «қосар» ма?, «дара» ма? дейтін мәселе қайта сөз бола бастады. Ғылыми орта болған соң, көтерілген мәселе бәрімізді де ойландыратыны белгілі. Институтта өткен ғылыми кеңес, теориялық семинарда пікір білдіруге, ереженің балама жобасын, баяндама жасауымызға бәріміздің де мүмкіндігіміз болды. Пікірталас та, пікір алысу да мәнді өтпеді деп айта алмаймыз.

Пікір алысуда, алдымен А.Байтұрсынұлы кезіндегі төте жазуында қиын, тиын, ит, киім деп те, қыйын, тыйын, иіт, кійім деп те жазылғаны айтылды. Бара-бара бұл мәселе 1920-1930 жылдары қызу пікірталасқа, аяғы дауға айналған. Қосармен жазудың «жоқшысы» қоғам қайраткері, ғалым Елдес Омарұлы болса, дарамен жазудың «жоқшысы» педагог ғалым, жазушы Жүсіпбек Аймауытов болды. Қарама-қарсы пікірлерді саралай келіп, оларды екі форматқа түсірдік. Біріншісі – а) Елдес Омарұлынікі, екіншісі – ә) Жүсіпбек Аймауытұлынікі. Біз бұл жерде сөздің жеке басын да, олардың қосымшалармен түрленімін де екі форматқа салып байқадық. Мыңдаған, он мыңдаған сөз екі, үш таңбаға дейін ұзарады.

а) форматы: ә) форматы:
іитіиүу (7) iıtiıúý (7) итиу(4) ıtıý (4)
сұуұнұу (7) suýunuý (7) суыну(5) sýyný (5)
іймійтүу (8) iımiıtúý (8) имиту(5) ımıtý (5)
ыйманыйлығымыздың (17) yımanyılyǵymyzdyń (17) иманилығымыздың(15) ımanılyǵymyzdyń (15)
ійіліктірүу (11) iıiliktirúý (11) иліктіру(8) ıliktirý (8)
тарыйхый (8) taryıhyı (8) тарихи(6) tarıhı (6)
қыйұуластырұу (13) qyıuýlastyruý (13) қиуластыру(10) qıýlastyrý (10)
ырақаттандырұу (14) yraqattandyruý (14) рақаттандыру(12) raqattandyrý (12)
сұуландырұуұмұздұң (18) suýlandyruýumuzduń (18) суландыруымыздың(16) sýlandyrýymyzdyń 16)
жұуұнұуұ (8) juýunuýu (8) жуынуы(6) jýynýy (6)
бұуұнұуұ (8) buýunuýu (8) буынуы(6) býynýy (6)
ыйландырұуұ (11) yılandyruýu (11) иландыруы(9) ılandyrýy (9)
жұуұнұсұуұ (10) juýunusuýu (10) жуынысуы(8) jýynysýy (8)
ійлектенүуү (11) iılektenúýú (11) илектенуі(9) ılektenýi (9)

Ж.Аймауытов педтехникумда оқытушы болып жүрген кезінде өзінің көзбен көріп, басынан өткен тәжірбиесі жөнінде былай деген: «Мен педтехникум бітіретін жігіттерге бастауыш мектепте қыс бойы тәжірибе сабағын бергізіп келемін. Сондағы менің көзім жеткені: бір қыс оқып, хат таныған ең зерек деген балалар «у» мен «и»-ды дұрыс жаза алмайды. Олар сұу, асұу, тұу, татұу, биле, ине, бие, сила… деп жазады.

Бірінші кластың ең тәуір оқұитын балаларына жазғызып көрдім. Мысал үшін Егем Алданазарұлы деген баланың жазғанын оқып көрсетейін: табу, тұу, ине, бие, биле. Бұлар білмеген соң, емлеге ең жетік деген осы кластың тағы бір Жайық Жанәліұлы деген балаға жазғыздым. Оның жазғаны: сұу, асыу, табыу, татыу, тұу, біие, ине, иә, биие, сила. Бұл «ұу»-ларды дұрыс жазғанмен, «и»-ге келгенде біресе жалғыз и, біресе ы+и жазып шатастырады. «Сұу»-да «ұ» жазып, «асыу»-да «ы» жазған себебін сұрағанымда, «ы» естіледі деп айтады. Сондықтан жаздым, – дейді. Міне, үш жыл оқыған бала әбден көзі қанғандықтан, мұғалімнің сөзіне нанғандықтан, «ұу»-дың жазуын әрең біліп, «и»-дің жазуын біле алмай отыр. Бұларды оқытқан – дыбыс әдісіне жетік, тәжірбиелі мұғалім. Ол ол ма? Үш жыл оқыған бала түгілі, 8 жыл оқып, педтеқникумды бітіріп, ертең өзі оқытқалы отырған, оқытып жүрген жігіттердің өзі «сыйыр»-ға неше «ы» жазылатынына әлі күнге дауласады».

Үшінші. Ықшамдылық – тіл құрылымының барлық деңгейінде кездесетін үрдіс. Мысалы, синтаксистік деңгейдегі бұл жыл/биыл, бұл күн/бүгін, алып бер/әпер, алып кел/әкел болып ықшам нұсқаның пайда болуы жинақылықпен байланысты. Өзіңізді куәға тартсам, диқаншы, бағбаншы, мергенші, аспазшы, шаштаразшы, мердігерші, аттестациялау, механизациялау, комбайнерші т.б. ықшамдалып, диқан, бағбан, мерген, аспаз, шаштараз, мердігер, аттестаттау, механикаландыру, комбайншы болғанын тәжірибелі баспагер, редактор ретінде қаламыңыздың лексикалық деңгейдегі ықшам нұсқаға артықшылық бергенінен де бейхабар емеспіз. Бұны Сіз білгенмен, былайғы жұрт біле бермейді-ау дегендіктен айтып отырмын.

Енді дыбыстық (фонетикалық) деңгейдегі жүздеген сөздің ықшамдалу үрдісіне бірер мысал келтіруге де тура келіп отыр: ойын сөзіне қосымша жалғағанда ойына емес, ойна; тасы (ның) тасықын болмай тасқын, ұрлық-тың ұрылық болмай, ұрлық болуы, жиын-ның жиыналыс емес, жиналыс болуы осы айтылған ықшамдылықпен байланысты дегіміз келеді. Бұндай дыбыстық жақтан ықшамдалған сөздер ықшамдылық (экономия) үрдісі бойынша осылайша орфографияланып жүр. Мағынаға тигізер шарпуы жоқ бұндай сөздердің «түбір» сақтау ұстанымы бойынша жазылмайтыны белгілі.

Жазу-сызудың жинақы, ықшам болып, үнемділік ұстанымына сай келуі өз алдына. Бұл жерде жаңа латынға үйретушілер мен үйренушілердің көретін қиындығы 20-50 –жылдар аралығындағы тас өткел, тайғақ кешуге қайта түсіп, мәдени жұртшылықтың, мыңдаған, сан мың мектеп оқушылары мен студент жастардың беті қайтып қалмасына кім кепіл?

Психолог-педагогтардың айтуынша, шұбыртпа жазуға әдеттегіден көп энергия жұмсалып, оқуда да, жазуда да автоматизм төмендейтін көрінеді.

Институт сөзін іністіитут деп сындырып жазыпсыз, бірақ дұрысы іністійтүут емес пе? Сіздің мақалаңызбен айдар ашқан «Ана тілі» газетімізге үн қосқан титулды ғалымдардың бірі дара әріпті таратып жазу керектігін айта келіп, қыру сөзін қырыу, кіру сөзін кіріу деп жазғанды жөн көріпті. Ал дара әріпті (у-ды) таратып жазудың із өкшесіне түсіп жүрген доктор, профессор ағамыз бұлай жазу «абсурд», өйткені езулік пен еріндік қатар дыбысталмайды, дұрысы қырұу, кірүу дейді. Міне, осыдан тағы да талас өрби береді.

Тұңғыш Президентіміз – Елбасымыз бекіткен әліпбидің құрамына w («дабл-ю»-ды) кіргіземіз деп жар(ғақ) құлағы жастыққа тимей жүрген сол ағамыз әріптесі Б.Қалиевтің институт сөзін institwt, футболды – fwtbol, ресурс терминін reswrs деп жазғанын мүлде теріске шығаратыны белгілі. Өйткені әліпби түзуші ғалым Ә.Жүнісбектің жүйесі бойынша w әрпі графикалық контекст бойынша тек дауыстылардан кейін келеді: taw, suw т.б. Сөйтіп, мәселенің басы еліктеу, аяғы солықтау болып кетеді.

Төртінші. Сөздің ұшар басында қысаң ы, і дауыстыларын білдіретін ы, і әріптерінің жазылу/жазылмауы, бұрынғыға көз жіберсек, өткен жүзжылдықтың 60 – жылдарына дейінгі кезеңде жазу тәжірбиесінде кездесетін елеулі қиындықтардың бірі болатын. Мысалы: ылақ/лақ, ырас/рас, ылақтыр/лақтыр, ілек/лек, ілес/лес, ілгек/лгек, ілеген/леген т.б. Мектеп өміріндегі жазу-сызуда, баспа өнімдерін шығаруда бұл қиындық орфографиялық сөздік, анықтағыштар арқылы бірте-бірте реттеле түсті. Л, р-ден кейін, ашық а, ә біршама ашық елермен келетін тұста лақ, лас, лайық, лай, рас, рақым, ләззат, ләйлек; лебіз, лезде, рәміз, ресми, реңді деп жазылуы а, ә, е дауыстыларының билігінде. Ал аталмыш жартылай дауыстылардан соң қысаң езулік немесе дауыссыз келетін орындарды ілгек, ілмек, іліндір, ілкімді, ірі қара, іріктеу деп жазу орнықты.

Ырақат деп жазуды дұрыс-ақ дегеннің өзінде, оқушыларымыздың дұрыстықтан ауытқып, рақат түрінде жазуға итермелеп отырған нәрсе – тілдің ішкі әлеуетіндегі ықшамдылық емес пе? Бұл жағын да ойлансақ.

Басқаларды айпағанның өзінде ғалым, жазушылардың жұртшылыққа белгілі Рымғали Нұрғалиев, Рза Қонақова, Рым Кененбаев, Рахметолла Райымқұлов, Қ.Рысбергенова сынды т.б. танымал есімдердің Ыры-, ырый-, ыра- болмай, осы күйде жазылуының арғы себебі тілдің ықшамдылық әлеуетінің объективтенуі емес пе? Бір тұста жалғамалық үрдісі жүрсе, екінші бір тұста ықшамдылық үрдісінің қоса жүруі тілдің ішкі әлеуетімен байланысты.

Ереже біршама тұрақталғанға дейін ылақ/лақ, ырас/рас, ылайық/лайық т.б. сөздер әрі-сәрі жазылып келді. Дегенмен лақтату, лақтау, растату, лайықсыз тәрізді сөздер қосымшамен түрленген тұста қысаңдар көмескіленіп, көбіне сөз басында ы, і әріптерінсіз жазу басымырақ болды. Рақымет, лашын, лебіз сөздері де осылай жазыла бастады. Өйткені әрі қысаң, әрі әсіре келте дауыстылар (ы, і, ұ, ү) сөздердің буын саны артып, екпін соңғы буынға ойысқан сайын естілімі дүдамалдана түседі. Сонымен қатар бұндайда мағына ажыратуға септігі тие бермейтін әсіре келте дауыстыларды белгілемеуді тілдің ішкі әлеуеті мүмкіндік беріп отырған жазудағы ықшамдылық үрдісімен байланысты деуге болады.

Тілдегі ықшамдалу үрдісі – жазу-сызу (әліпби, емле, емле сөздігі) деңгейінде де болатын құбылыс. А.Байтұрсынұлы төте жазуда 9 дауысты (а, ә, о, ө, ұ, ү, ы, і, е), 19 дауыссызды, яғни 28 дыбысты 24 әріппен беретін әліпби түзді. Бұл дыбыс санынан әріп саны кем түсетін қайталамасы (аналогі) жоқ ең таңдаулы әліпби болды. Дыбыстың санынан әліпбидегі әріп санының кем болуы ­­– тілдің жазу-сызу деңгейіндегі ықшамдылық, жинақылық әлеуетімен байланысты.

Жазу-сызу деңгейіндегі ықшамдауға әсіре қысқа, қысаң, езулік пен жарты дауысты, созылыңқылау, ерінбейімді и дауыссызы қосар әріппен ыи, іи; дәл осы сияқты қысаң әрі әсіре келте еріндік ұ, ү мен жарты дауысты еріндік у дауыссыздарын ұу, үу түрінде қосарлап жазу немесе и, у түрінде дара әріппен жазу емленің ең қиыны болды. 20-50 жылдары көптеген сөз бірде қыйын, сыйыр, бірде қиын, сиыр болып әртүрлі жазылып келді. 1957 жылғы Негізгі Ережеден кейін тұрақталып, қазіргі кезде бірізді жазылатын болды.

Бесінші. Махаббат, ләззат, іззет тәрізділерді махабат, ләзат, ізет түрінде орфографиялауды жөн деп біледі. Тілімізде қосар әріппен жазылатын бұдан басқа да күллі, әдді, мүдде тәрізді біралуан, бірақ саны шектеулі «жабық» жүйедегі сөздер бар. Бұлар – ескі қазақ жазба тіліне (XVI-XX ғғ. басы) төсеніш болған ортаазиялық түркі жазба тіл дағдысынан келе жатқан, ескінің көзі. Бұлайша жазу қазіргі қазақ жазуында ғана емес, өзбек, ноғай, татар, қырғыз жазба тілінде кездеседі: түрік, өзбек, қарақалпақ, қырғыз тілінде де қосармен жазылады. Бұндай сөздерді дағды бойынша жазуды жөн көреміз. Сөйлеуде әлгідей сөздерді қосарлап айту ұшыраса бермейді. Бірақ көтеріңкі стильмен нәшіне келтіріп айтатын жайттар ән әуендерінде, сахна тілінде кездеседі. Мысалы, ұлы жазушы М.Әуезов «махаббат сөзін құлақты аймалайтындай етіп айту керек» деген екен. Оны бір кездері Әбіш Кекілбай ағамыздың естелігінен ұшыратқан сияқты едім.

Зерттеу, зерделеу өз ғалым ортамызда бір-бірімізге ғана айтумен шектеліп, жалпақ жұртшылыққа кеңінен түсіндіре алмай жүргендіктен лингводидактикалық мазмұндағы көпшілікқолды құралдар жоқтың қасы деуге болады.

Біз бұл баяндамамызда жазу-сызумен байланысты кейбір түйткілді мәселелерді лингводидактикалық қырдан қарау қажеттілігіне тоқталдық.

Нұргелді Мақажанұлы Уәли

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі

институтының бас ғылыми қызметкері,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button