ЖАНДАРБЕК МӘЛІБЕКҰЛЫ: АДАМНЫҢ «АДАМ БОЛУЫ» ӨЗІНЕ ҒАНА БАЙЛАНЫСТЫ!
Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібекұлымен ашық әңгіме
Рәміздер күні қарсаңында еліміз негізгі символының бірі, еліміздің төл таңбасының авторы Жандарбек Мәлібекұлын кәсіби мерекесімен құттықтай барған едік. Көкейдегі кей сауалдардың жауабын да сол сапардан қанжығаладық. Мархабат.
Ruh.kz: Білуімізше сіз тағдырлы қазақсыз. Айтыла бермейтін ғұмырнамаңызды білсек бола ма?
Жандарбек Мәлібекұлы: Ауқымы кең сұрақ. Автобиография деген ұғым бар ғой?! Осыны аса ұната қоймаймын. Қазақта осындай бір жазылмаған заң бар. Тірісінде көңілін жықпау үшін кемшің тұстарын айта бермейміз. Көзі кеткен соң тіпті идеал жасап аламыз. Кімнің болмасын, кімнен болмасын. Өмірдің белгілі бір кезеңі өткен соң адам өткеніне көз жүгірте бастайды екен. Осы күнге дейін істеген ісін, жасаған жақсылығын, көрсеткен кемшіліктерін саралайды. Қаншалықты маңызды іс атқарды, қаншалықты пайдасы тигенін шамасы жеткенше, ақылы рұқсат еткенше пайымдайды. Міне осы пайымдаудағы, осы саралаудағы жақсылығы да, жамандығы да өзінен-өзі жарияланып шығады. Бірақ, неше жылдан кейін шығатынын, қандай жағдайларда шығатынын ешкім білмейді. Мысалы, Алаш арыстарының ел үшін еткен еңбегінің жемісін енді көріп жатырмыз. Солардың жақсылығын енді айтып бастадық. Соларды енді танып, енді зерттеп, енді жазып жатырмыз. Сол кездегі жаңалықты айтам деп күйіп кеткен азаматтарды сол кезде қолдаушылар да, қолдамаушы топ та болды. Екеуі де қазақтар…
Тағы бір мысал: Қазақ қазақ болғалы қаншама ғасыр өтті. Хандар болды, сұлтандар болды, билер болды, шонжарлар болды. Олардың өнегелі өмірі жайлы көркем әдебиет қаншама томдармен толықты. Әлі де толыға жатар. Іс жүзінде ше? Мектептер мен бекіністерді, теміржол мен ауруханаларды, наубайхана мен зауыттарды осыншама ұлы халық неге салмады?! Бұндай шындық айтылмайды. Қазақтың тарихында болмаған ғимараттар мен теміржол торабы, озық технологиямен жабдықталған орталықтар тек тәуелсіз Қазақстанға ғана тән. Бұл елбасының еңбегі. Қазір де жақтаушы мен даттаушы топ болып екіге бөлініп отырмыз. Тағы да сол қазақ…
Тарих – шырылдаған шындықты ақыры бір шығарады. Өзінен-өзі сөйлеп кететін де осы тарих. Мен осындай төзімге таң қаламын. Бәлкім даналығы да осында жатқан шгығар қазақтың. Мен осындай кекшіл емес көпшіл қазақтың бір ұлымын да.
Ruh.kz: Сонау жақтан бастап алып келе жатқан әңгімеңіздің арнасын өзіңізге қарай бұрсақ. Қандай отбасында өстіңіз, сәулет өнеріне деген қызығушылық қашан пайда болды?
Жандарбек Мәлібекұлы: Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауданының Екпінді деген бөлімшеде туып-өстім. Екпіндіні кей-кейде 23-бөлімше деп те атайды. Біздің бөлімшеде екі-ақ үй тұратын. Әкем 1910 жылдан бастап ТүркСіб теміржолын салысқан теміржолшы. Өле-өлгенше осы жолда жұмыс істеп кетті. Сол теміржолдың нанының арқасында тіршілік жасадық. Тарихта көп айтылатын Сығанақ қаласы бізден төрт-ақ шақырым қашықтықта орналасқан еді. Сол Сыр өңірінде өнерге деген ерекше бір аура бар.
Айдаладағы екі үй құлып дегенді білмей кетті. Мал мен ит кірмесін деп жіппен байлағаны болмаса, екі-үш күндеп сапарлап кеткенде көрші үйге емін-еркін кіріп-шығып жүре беретінбіз. Үлкендер өз дастарханын ғана емес, көрші үйдің дастарханын да толықтырып отыратын. «Ана үйдің сүті бар ма екен», «ана үйдің шамы таусылып қалмап па екен» деген сұрақтардың жауабын біліп келу үшін талай жүгірдік. Мен осындай бауырмалдықты көріп өстім. Қазақтың табиғатын осындай деп танып, осындай деп өстім. Осындай таныммен қалыптасып, еңбектің арқасында, тәрбиенің арқасында осындай дәрежеге жетіп отырмын дей аламын. Кешке кірпіш құйып еңбектеніп, күндіз сабақ оқып жүрдік. Адамның «адам болуы» өзіне ғана байланысты дүние екеніне көзім жетті. Мақсат керек. Еңбек керек.
Ruh.kz: Бүгінде геральдика бұрын соңды болмаған сұранысқа ие болып тұр. Логотиптер, рудың таңбалары, әулеттің таңбасына дейін бар тіпті. Таңба жайлы айтып өтсеңіз?
Жандарбек Мәлібекұлы: Қазақтың таңбасы – күн! Ұлы Дала елі де өз табиғатына байланысты Алтай мен Атырау, Ертіс пен Қызылқұм аймақтарын алып жатқан кеңістікте бір тіл, бір дәстүрдегі өз философиялық ойлау жүйесін қалыптастырды. Бұл біртұтас қазақ деген халықтың қалыптасуына негіз қалады.
Қазақ халқының мыңдаған жылдар бойғы тарихын дәуір-дəуірлерге бөліп зерттеуде Қытай, Ресей, Жапон, Америка, Еуропа ғұлама ғалымдарымен қатар отандық археологтар мен тарихшыларымыз да (Ә.Марғұлан, К.Ақышев, М.Қадырбаев, З.Самашев, А.Г.Медоев, Қ.Салғараұлы, Қ.Сартқожаұлы т.б.) өзіндік елеулі үлестерін қосты. Қазақ тарихындағы негізгі арқаудың бірі – таңба. Қазақстан жерінде таңбалық жүйенің өзіндік әдіснамалық жіктемесі қалыптасқан. Жалпы, таңбаларды әртүрлі стильге жатқызуға болады: аңдарды сипаттау (аң стилі), үй жануарларын дәріптеу, саятшылық (садақ белгілері) және қолданбалы ою-өрнектер жүйесі (декоративтік-қолданбалы жүйе).
Қазақстанның шығыс, батыс, орталық аймақтарына таралған ру-тайпалар қауымдастығына тән белгілерді сол аймақтардан табылған таңбалы тастардан көруге болады. Мысалы, Қаратаудың Сауысқанды шатқалында көптеген ру бірлестіктеріне тән таңбалы тастар бар. Ұлытаудың Алтышоқысында тұрған, кейін белгісіз себеппен Эрмитажға жөнелтілген таңбалы тас та – осыған дәлел.
Жылқы малына таңба басу, қойларға ен салу, қойтастарға елді мекеннің бейнесін салу – рулық жүйе кезіндегі меншік белгілері. Қазақ даласында қоғамдық жүйенің дамуына, өзгеруіне байланысты сақинаға өрнектеп мөр салу да қалыптасты. Ә.Х.Марғұланның «Беғазы-Дәндібай» атты монографиясы Ұлы Дала жерінде II-I мыңжылдықта рулық-тайпалық құрылымның қалыптаса бастағанын дәлелдейді. Таңбалы тастардағы рулық жүйе белгілері, көлік ретінде атқа, түйеге жегілген арбалардың көрінісі, киіз үй тәрізді күймелердің суреті, үйретілген жылқылардың бейнесі, жабайы жан-жануарлардың символикалық сұлбалары, жер жыртып жүрген шаруалар нұсқасы өз заманына тән мәдениеттің қалыптаса бастағанын айғақтайды.
Таңбалық жүйе – ру-тайпалық құрылымның негізі. Таңба арқылы рулық қауымдастық қарым-қатынас айқындалады. Ертіс бойындағы таңбалар мен Маңғыстау өңіріндегі және Қаратау шатқалындағы таңбалар арқылы бұл жерлерде қандай ру-тайпалардың орналасқанын аңғару қиын емес. Таңба жүйесін ұлы дала мәдениетіндегі ақпараттық институт деуге болады. Ұлттық генетикамыздың негізі ұлттық тектілігімізде жатыр. Қазақ халқы – текті халық. Тектілік қазақ шежіресінің негізін құрайды. Жеті атаға дейін қыз алыспау – қазақ генетикасының көне заманнан келе жатқан өніп-өсіп, өркен жайған жүйесі.
Халқымыз «ер жігіттің үш жұрты болады» дейді: нағашы жұрт – шеше жағынан, қайын жұрт – әйелі жағынан және өз жұрты. Таңбалы жүйеге жүгінсек, осы үш жұрт қауымдастық, туысқандық, құда-жекжаттық, тұтастық, бірлестік негізін құрайды. Бұл – қоғам мен қауым мүшелерінің бір-біріне деген жанашырлық, бөлінбес ынтымақтастық бастауы. Бұл жөнінде көрнекті этнограф Ақселеу Сейдімбек «Қазақтың ауызша тарихы» атты еңбегінде кеңінен тарата баяндады емес пе?!.
Ruh.kz: Елтаңбаның бірнеше нұсқасы болғаны белгілі. Негізгі нұсқаға қалай келдіңіздер?
Жандарбек Мәлібекұлы: «Бұл өмірдің қызығы махаббатпен,
Көрге кірсең үлгілі жақсы атақпен.
Арттағыға сөзің мен ісің қалса,
Өлсең де өлмегенге боласың тең» дейді Абай данамыз.
Халқымыздың шежіре-тарихына айналған Ұлы бабалар өсиеті мен елдік істері ешқашан естен шықпауы керек. Ел бірлігін пір тұтып, соның жоқшысы, ұраншысы болған дана билеріміз – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сыртқы шапқыншылыққа тойтарыс беру үшін 1726 жылы Ордабасыда үш жүздің басын қосып, жауға бастар қолбасшыларын сайлап, атқа қондырды. Бұл заман қазақ жүз басыларының біріккен заманы болды. Геральдикалық тәсілмен берілген үлкен буын, орта буын, кіші буын элементтері – осы дәуір кезеңінің сипаттамасы.
1218 жылдан 1991 жылға дейін арпалыста өткен қазақ халқы өзінің ерекше мәдениетін – күй мәдениетін, дала сән-салтанатын, тарихын, ділін, тілін дамыта отырып, кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырды. Жылқы киіктер — қос тұлпар. Бұл жерде олар еңсесі биік, дәулетті, тәуелсіз мемлекет құру жөніндегі ел мұратын еске салады. Оның ішкі мазмұнынан «Мәңгілік ел» идеясы айқындалады.
Елтаңбадағы қанат сипаты геральдикалық тәсілмен үлкен, кіші, орта көлемдегі қауырсын буындардың бірігіп келіп ерге «қонуынан» пайда болған. Бұл үш жүздің бірігу, ынтымаққа келу дәуірін білдіреді. Мұны Ұлы Дала елінің айбары, арқауы десек те болады. Бағзы замандағы тұлпар бейнесі батылдықты, сенімділікті және ерік күшін танытады. Олар еліміздің қуатты және гүлденген мемлекет құру туралы ғасырлар бойғы тілегін аңғартады. Бұл мүсін – шынайы ой-арман мен ұдайы жетілуге және жасампаз дамуға ұмтылыстың көрінісі.
Сонымен қатар, арғымақтың алтын қанаттары алтын масақты еске салады. Бұл Қазақ елі халқының еңбексүйгіштігі мен отанымыздың әрі рухани, әрі материалдық игілігін танытады.
Ruh.kz: Неге пырақ? Неге мүйізді? Неге жеті жасар?
Жандарбек Мәлібекұлы: Тұлпар – дала дүлділі, ер азаматтың сәйгүлігі, желдей ескен жүйрік қуаты, жеңіске деген жасымас жігері, қажымас қайраттың, мұқалмас қажырдың, тәуелсіздікке, бостандыққа ұмтылған құлшыныстың бейнесі. Қанатты тұлпар – қазақ мифологиясы мен поэзиясында кең тараған бейне. Ол ұшқыр арманның, самғаған таңғажайып жасампаздық қиялдың, талмас талаптың, асыл мұраттың, жақсылыққа құштарлықтың белгісі.
Қос тұлпар уақыт пен кеңістікті біріктіреді. Сондықтан мүйізді тұлпар семантикалық және тарихи түп-тамыры терең маңызды типологиялық бейне болып саналады.
Қанатты әрі мүйізді тұлпарлар, жоғарыда айтқанымыздай, сақтардың Берел қорғанынан шыққан «мүйізді» тұлпарлармен шендеседі. 1969 жылы Жамбыл облысындағы Билікөлдің оң жағалауынан тасқа қашалып жасалған үш мүйізді бас киім киген адам бейнесі табылған. Түркі дүниесіндегі әфсаналарға қарағанда, жалпы, мүйіз – батырлық, байлық, ырыс, дәулет, өсіп-өну символы екенін аңғарамыз. Сонымен бірге ол – биліктің, көсемдік пен өжеттіктің көрінісі.
Ұлы Дала халқының ру-шежірелік институты өмірлік қажеттіліктен туған. Қазақ даласында жаңашылдыққа деген ынта әр кезде-ақ болған, қазір де солай. Ру-тайпалық, жүздік қауымдастық тек бітімі жарасқан ел болу үшін туындаған. Ол ғасырлар бойы «бүкіл қазақ – бір атаның ұрпағы, бір тамырдың бұтағы, бәйтерегі» деген түсінік бойынша өсіп-өркендеп отырған. Қазір де әрбір қазақпын деген азамат өз ата-тегін, этногенезисінің негіздемесін, өзі шыққан тегін және рулық байланыстарын біліп отыруы тиіс. Осындай далалық институт нәтижесінде біртұтас отбасы сияқты, отан, жер-ана қағидаттары зерделенген. Жеті аталық ұстаным бойынша бабалар ұстанымы шөбере, шөпшекке жетіп, ғасырлар қойнауындағы деректер өз жалғасын тауып отырған.
Этнограф ғалым, қаламгер Ақселеу Сейдімбек: «Қазақта рушылдық болуы мүмкін емес. Оны болдырмайтын тетікті ата-бабаларымыз жасап кеткен. Өйткені менің шешем, әйелім, келінім басқа жүзден. Сонда басқа жүзден болғаны үшін шешемді, әйелімді, келінімді тәрк етуім керек пе? Оған бару мүмкін емес. Қазақта рушылдық, жүзшілдік бар деген адам мүлде қазақ ұлтының ішкі этножаралым тетігін, механизімін білмейтін көр соқырдың нақ өзі» деп жазады («Қазақия» газеті, №22, 2015 жыл, 27 мамыр).
1727 жыл «Бірлескен заман» ұғымын тағы да айқындады. Халық санасында бірлік бейнесі жаңғырды. Бұл – Ордабасыда Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сынды дала даналарының бүкіл қазақ рубасыларын жинап, бірлестікке шақырған кезеңі. Соның арқасында қазақ халқы жоңғар шапқыншылығына тойтарыс берді. Абылай хан бастаған Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Қарасай, Шақшақ Жәнібек, Албан Райымбек батырларымыз бен басқа да жүздеген қаһармандарымыздың арқасында ел іргесі сақталып қалды. Аталар жолы, батырлар аманаты кейінгі ұрпаққа рух беріп, Тәуелсіздік пен «Мәңгілік ел»» құндылықтарын аманаттайды.
Ruh.kz: «Ақылды киіз үй» қандай киіз үй?
Жандарбек Мәлібекұлы: Төлтума мәдениет бір күнде, бір жылда жасалмайды. Ғасырлар бойы түзіліп, ұлт талғамымен, дүниетанымымен дамиды. Киіз үй дегеніміз не?..
Қазақтың киіз үйі – әрбір шаңырақ иесінің қоғамдағы орнын, халық ортасындағы беделін, тұрмысы мен деңгейін көрсетеді. Киіз үй – қазақ үшін Табиғпен астасқан, кеңістікпен үйлескен шағын мәдени-рухани әлем.
Киіз үйдін маңдай алды мiндетті түрде шығыска каратылып тігіледі. Оның философиялық мәні – жақсылық күн құрғатпай келсін деген ниет; күн мен шуақ – тазалык, сенім, қуаныш рәмізі.
Киіз үй – Казак үшін имандылық ұясы, дәстүр ордасы. Ұзатылған қызына да, отау етіп шығарған ұлына да үй көтеріп беру – үзілмейтін салт. Алаштың ақшаңқан үйі – тәуелсіздік пен бостандықтың, байлық пен деулеттің, адамшылық пен ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің рәмізі. Отау көтерген жігіт санатқа да, санаққа да кіреді. Ұзатылған кыз да барған жерінде жаңа әулеттің негізін қалайды. Екеуі де елге, қауымға салық төлеп, қоғам байлығына үлес қосады.
Киіз үй – сәулет өнері тұрғысынан керемет үйлесім мен жарасымдылық бейнесі, оның әрбір элементінде ниет және арман бар: әлемдік жаратылыс самсап тұрады. Ол – Ұлы Дала мәйегі, яғни мәдениетінің ұйытқысы. Кез келген баспана – адам баласы үшін жылылық пен арман нышаны. Осы тұрғыдан киіз үй – қазақ халқының эстетикалық тәрбиелушісі, дәстүр мен салт қоры. Сәулет пішімі жөнінен дәстүрлі қазақ үйіне тең келер нұсқа жоқ.
Жаз – жайлау, күз – күзеу, Қыс – қыстау. Даланың көшпелі тіршілігінде қонуға ыңғайлы етіп төрт, бес, алты, жеті, сегіз, оң қанатты үйлер де жасақталған. Ал, сән-салтанатты (той мен аста, хан тоқтағанда) керсету мақсатында он екі, он төрт, он алты қанатты үйлер жабдықталған.
Ауызша жеткен деректерде жиырма төрт, отыз қанатты киіз үйлер тігілгені туралы айтылады. Қазақ жерін 1253-1255 ж. аралап өткен француз елшісі Гильом де Рубруктың («Кейбір киіз үйлерді тарту үшін арбаға 22 өгізге дейін жегіледі екен» деп жазуы бекер емес.
Қазақ үйлерi биiк лауазымды, жоғары шенді адамдардың дәрежесіне сәйкес «Алтын Орда», «Ақ Орда», «Көк Орда», «Хан Орда», «Орда» деп аталып, соған сай, лайық етіп жасақталған. Қарапайым халық ішінде үй мәртебелері «Үлкен үй», «Кіші үй», «Отау», «Кіші отау» деп ныспыланған. Елде жиі айтылатын «Өз үйім – елең төсегім», «Түтіні шыққан үй жылы,Төскейлей шыққан күн жылы» сынды мақал-мәтелдердің бәрі қазақы үйдің мәдениеті мен мәйегін анықтайды. Ал «Ақылды киіз үй» дегеніміз қазіргі кездегі озық техникалармен жабдықталған киіз үй.
Ruh.kz: Астана қаласының проектісін жасап, ұсынғаныңыз белгілі. Ол қандай проект еді? Сіздіңше бұл жоба неге қолдаусыз қалды?
Жандарбек Мәлібекұлы: Қысқа ғана жауап берейін. Байқауға бірнеше жұмыстар қатысты. Байқаудың негізгі шартының бірі бойынша суды құрылысқа келмейтін аймақ ретінде қарадық. Ал жапон сәулетшісі суда өскендіктен, суды құрылыс аймағы ретінде пайдалану оған әлдеқайда оңай һәм әлдеқайда тиімді. Қала үшін де солай. Себебі сулы аймақтарға құрылыс жүргізу үшін қайбір нысандарды сұлатып тастаудың, қиратудың қажеті жоқ. Яғни жобаны қаржыландыру тарапынан еш шығын болмайды. Әйтпесе, 2 млн халқы бар қаланың архитектурасын салған адамға 1 млн адамды қоныстандыру деген не?
Ruh.kz: Өзге де жобаларыңыз бар ма?
Жандарбек Мәлібекұлы: «Oitek» жобасының жұмысымен айналысып жатырмын. Бұл не десеңіз толықтырып айтайын.
Ruh.kz: Әрине, аға.
Жандарбек Мәлібекұлы: ХХІ ғасыр – әлемдегі дамыған мемлекеттер архитектуралық ағымының нарықтық экономика бет бұраған дәуірі. Архитектураның тегі құрылыс саласы болса да, даму процесі мен өркендеуі оны капиталға бағынышты етіп койды. Өткен XX ғасырдың басында темір мен шыны өнеркәсібі архитектураға қандай әсер етсе, ХХІ ғасырдың жаңа құрылымы құрылыс материалдарды – кесек-кірпішті, ағашты, табиғи заттарды солай ығыстырып, орнына химиялық өндіріс заттарын пластика, керамика, жасанды мрамор-граниттерді алып келді. Бұл архитектура өнеріне, архитектураның сыртқа көріністеріне әсерін тигізбей қоймады. Сыртқы әшекейге керамогранит, басқа да бояулар шарасыздан енгізілді. Архитектураның ішкі функционалды жобалау бағыты да тек нарықтық экономикаға мөлшерлеп жасалатын болды. Ақша – архитектура – ақша, А-А-А көтерме баға жүйесі қалыптасты.
Ғаламторда ештеңе шектелмей, еркін ақпарат басым болғаннан кейін ақыл-оймен бірге шығармашылық та баршаның олжасына айналды. Архитектура саласына бірін-бірі қайталау дәрежесі жеткеннен кейін эклектикаға, синкретизмге ұшырап, бірінен-бірі дараланып тұруы үшін түрлі геометриялық кескіндемелер пайда бола бастайды.
Эклектиканы – архитектурада әртүрлі қауышпайтын элементтердің көрініс табуын сөз етіп көрелік.
Бұл «архитектуралық жаңалық» – нарықтық экономика капитализмінің жаңаша жұмысының көрінісі. Өткен XX ғасырдың екінші жартысында Париждегі Жорж Помпиду музейінен кейін архитектура саласында «хайтек» (ағыл. hi-tech, ол «high technology – жоғары технологиялар» дегеннен шыққан) стилі пайда болып, əлі күнге дейін өз ықпалын жүргізіп келеді. Хайтек архитектураға ғана емес, тұрмыстық киім-кешек өндірісіне, қолөнер заттарына да еніп кетті. Бұндай үрдіске балама немесе төтеп беретін стиль не архитектуралық мектеп әлі қалыптаса қойған жоқ.
Бірақ әлем мұны тұтас қабылдап отыр деу артық. Хайтекке әр ел өз төл-тума сәулет жобаларын балама ретінде ұсынып жүр. Бұл да – ойланатын және қолдайтын бағыт. Мысалы, дәстүрлі архитектуралық мектебі бар Скандинавия елдері Швеция мен Финляндия, Балтық жағалауы елдері – Рига, Таллин, Вильнюс қалалары мен шығыста Жапония, Қытай және Араб т.б. елдер өздеріне тән архитектуралық сипатын ұстанып отыр.
Біріншіден, ұлттық немесе интернационалдық архитектураның базасы тепе-теңдігін сақтау маңызы артты.
Екіншіден, архитектураны саясатқа немесе капиталдық байлыққа айналдыру саясаты – күш көрсету немесе жетістікке масаттану болатыны дәлелденді. Бұл ең әуелі ұлттық мүддеге, әсемдік пен көркемдіктің алуантүрлілігіне нұқсан келтірсе, екінші жағынан, экспансиялық немесе өз санатын, мүддесін асқаларға күштеп таңу секілді шара.
Мемлекеттік дамыса, экономикалық өсу барометрi архитектурада көрініс табады. Біз ұсынғалы, талдағалы отырған «ойтек» — осының амалы.
Ойтек қазақтың «ой» және «тек» деген екі сөзінен, екі ұғымынан құралған. Ой – ұлттық «менді» айғақтайды, сонымен бірге ол «қазақша ойлау» дегенді де нұсқайды. Тек – тек-тамыр, ұлттық болмыс, ұлттық бітім. Көркемдікке келсек те, ой мен ою, ой мен ойын, ой мен ояну арналас, ыңғайлас. Мәндес негіздері де ұшырасады. Текте де жауапкершілік пен талап негіздері бар. Бұл жоба туралы бөлек сұқбат жасамасақ, елтаңбағңа арналған сұқбаттың арнасы ауып бара жатқандай ма, қалай өзі (күліп)?!
Ruh.kz: Жақсы, аға. Орайы келсе, сөйтелік. Сұқбатымызды жалғастырайық. Сәулет өнерін меңгерген, қазақылықты бойына сіңірген жас буын қалыптастыра алдыңыз ба?
Жандарбек Мәлібекұлы: Дәл қазір бір қаланың жобасын жасап шыға қоятын шәкірт тәрбиеледім деу артық болар. Жыл сайын біршама түлек ұшырамыз. Солардың қайсысы өз-өзіне келіп, рухани толықсып, пісіп жатса ағалық қолдау жасап, білгенімді үйретуге бармын. Жалпы ана жақта да, мына жақта да шәкірттерім бар.
Ruh.kz: Жастар жылында жастарға айтарыңыз бар ма?
Жандарбек Мәлібекұлы: Біздің жастар ақылды да парасатты. Жастар заман талабына сай өсіп, жетіліп, қалыптасып келеді. Қазір жас таластыра алмайсың. Қазір білім таласатын уақыт. Бұл орайда небір ағаларды бірнеше орайтын жас жігіттер мен қыздар баршылық. Шүкір. Бір дегеннен ештеңе бола қоймайды. Оңай келген олжаның қадірі жоқ. Жастарға қажырлы еңбекті, талмас қанатты, талапты тілеймін. Мына заманның мүмкіндігін меңгерген, қазақы болмысты, қазақтың даналығын бойына сіңірген, бірнеше тілді еркін меңгерген жастар кемел болашақты кепілі, ел ертеңі. Ұнаған істі махаббатымен істеген адам – ең бақытты һәм ең табысты адам.
Ruh.kz: Сұқбатыңызға, ағалық ақылыңызға мың алғыс, аға! Деніңіз сау, ғұмырыңыз ұзақ, еңбегіңіз жемісті болсын!
Сұлтан МҰСТАФИН,
Ruh.kz