ЖАНКЕНТ ҚАЛАШЫҒЫ (ІХ-ХІ ғғ.)
Оғыз тайпаларының Сырдария жағасындағы ең атақты қалаларының бірі. Қазалы ауданы, Жанкент ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 500 м қашықтықта орналасқан.
Жазба деректерде Жанкент алғаш рет араб тарихшысы Ибн-Рүстемнің еңбегінде аталады. Сондай-ақ араб географы Ибн-Хаукал «Оғыздардың басты қаласы Жанкент болды, оны ирандықтар Нау-Керде, арабтар Әл-Харият, сарматтар Дахи Нау деп атаған» дейді. Жанкент атауының өзі Янгикент-Жаңакент-Жанкент (Жаңа қала) деген мағынаны білдіреді. Жанкент тарихы ғасырлар қойнауында жатыр. Қаланың гүлдену дәуірі ІХ ғасырдың 2-жартысы мен ХІ ғасырдың алғашқы ширегі Жанкент шаһары – аумағы 15-20 гектар, егіншілігі, саудасы мықтап өркендеген қала болды.
Қыпшақ-қимақ тайпалары мыңдаған малдарын айдап, Карлан өткелі арқылы Жанкентке келіп, сауда жасап отырған. Қаланың шет көшелері құмыра жасаушылардың, ұсақ қолөнершілердің, зергерлердің, қару-жарақ жасаушы ұсталардың балшықтан соққан сабан үйлері мен ұстаханаларына толы, ал шаһар орталығындағы гүлзар баққа оранған, хауыздары мөлдір суға тұнған қала бектерінің биік дуалмен қоршалған үйлері болды. Қала сырты суға толтырылған орлармен қоршалды. Шаһардың төрт қақпасы болған.
Әрбір жұма күні шаһар орталығындағы базар алаңында сауда қызу жүріп отырған. Жанкенттің шығыс пен батысты жалғастырып жатқан Ұлы Жібек жолы бойындағы тоғыз жолдың торабына орналасуы қаланың географиялық, экономикалық маңызын арттыра түсті. Осылайша, оғыздарда қалалық мәдениет жоғары дамыды. Х ғасырда Жанкент бойының оғыздары Жайықтағы тайпалармен және башқұрттармен 34 жыл жауласады (922-956 жж). 956 жылдан соң бұл алауыздық түркімен және қыпшақ оғыздарының арасында өтеді. Негізінде ұлыстың түбіне жеткен де осы қайшылық болып саналды.
1219 жылдың күзінде Сыр бойындағы оғыз-қыпшақ қалалары моңғол шапқыншылығы салдарынан күл талқан болып қирайды. 400 жыл бойы қалалық мәдениет жасаған оғыз-қыпшақ тайпалары тағы да көшпелі өмірге түседі. Моңғолдар салған ойран басылмай жатып-ақ, Жанкент сауда мен қолөнер орталығының бірі ретінде қайта көтеріліп, ХІҮ ғасырда гүлдену шегіне жетті. Мұсылман мәдениеті ықпалында болған бұл қала Жаңақала – Жанкент деп аталады.
Жанкент қаласының орнын алғаш зерттеушілердің бірі П.И.Лерх (1857 ж.) болатын. Ол Жанкент қаласына келген кезде қаланың ескі қабырғалары, кейбір архитектурасы, көшелерінің ізі әлі жоғала қоймаған. Сыртынан қарағанда Жанкент қаласының түрі үлкен төбе сияқты үйінді болып жатады. Оның аумағы төрт бұрышты, жан-жағы тұтасымен биік қыш қамалымен қоршалған. Қамал қабырғасының қалыңдығы 6 метрдей. Ең жақсы сақталғаны оңтүстік қабырғасы, онда қатар-қатар тізбектелген бірнеше биік мұнаралар, оқ ататын тесіктер сақталған. Қала ортасында ел басқарушылары тұрған айнала қоршалған ескі сарайдың орны бар.
Жанкент қаласында жүргізілген археологиялық зерттеулер кезінде құмыралар, ұршықтар, наным-сенім дәстүрлерінде пайдаланылған қошқар бейнесіндегі керамикалық туындылар табылды.