Қызылорда облысы

ЖАНҚОЖА БАТЫР ТӨРТҚҰЛАҒЫ

1969 ж. салынған мазар. Қазалы ауданы, Кәукей ауылынан 150 шақырым жерде Жанқожа батыр мазары орналасқан.

Жанқожа Нұрмұхаммедұлы (Нұрымбет) (1795-1859)қазақ батыры. Сыр бойы қазақтарының Хиуа, Қоқан хандықтарының езгісіне және Ресей отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы. Атасы Киікбай Әбілқайыр ханның батыры әрі биі болған. Ал әжесі Тәжі қалмақпен де орыстармен де шайқасып өткен, өлгенде де «табаным тіреп жатсын» деп аяғын Орынборға қаратып көмуді өсиет еткен атақты Есет батырдың жалғыз қызы. Жанқожа осы Киікбай мен Тәжіден туған Нұрмұхаммедтің баласы.

Ел аузындағы деректерге қарағанда, Жаңқожаның батырлық даңқы ерте шыққан. Жанқожа батырдың Созақ қамалын алмаққа келген қазақтың соңғы ханы – Кенесары қолымен бірігіп жасаған шабуылдары жөнінде біраз әңгіме сақталған. Батыр осы жолы әуелі өзінің жігіттерімен Созақ қамалына көмекке келе жатқан қоқандық Таған палуанды жекпе-жекте қолға түсіреді. Әскерін талқандап, кері қуып жібереді. Содан соң Созаққа қайта оралып, Кенесары қолымен тізе қосып, қамалды алады. Қамалдың қақпасын бұзып, алдымен ішке кірген осы Жанқожа батырдың сарбаздары болыпты. Қоқан бектері Отыншы мен Сушыны қолға түсіріп, баласын өлтіргені үшін Құрман биге тапсырады.

Кейбір деректерге қарағанда, Жанқожа Қоқан хандығының Шымқорған, Қосқорған, Күмісқорған тәрізді бекіністерін де талқандайды. Хиуа хандығы Аллақұл ханның тұсында 1835 жылы Қуандарияның батысындағы Құртөбе деген жерге бекініс салып, онда 200 әскер ұстайды. Жанқожаға арқа сүйеп, алым-салық төлеуден бас тартып, Хиуа бегі Бабажанның озбырлығына көнбей жүрген сырдың төменгі сағасындағы қазақтарды тәртіпке келтіру үшін түрікмен Аймұхамед палуанды жасақтарымен жіберді. 1836 жылы Ақирек деген жерде елге тізесі батқан осы Аймұхамед палуанды Жанқожа жекпе-жекте өлтіреді. Басшысы мерт болған палуанның жасақтары бас сауғалап қашуға мәжбүр болды. Жанқожа бұдан кейін де Сыр бойындағы қазақтарды хиуалықтардың езгісінен құтқару үшін, олардың бекіністеріне жиі-жиі шабуыл жасап отырды.

Патша үкіметінің әскери әкімшілігі Жанқожа Нұрмұхамедұлының көзін жою үшін Елікей Қасымов бастаған арнаулы жазалаушы әскер жіберді.    1860 жылы жазалаушы әскер Қызылқұмның ішіндегі Жанқара көлінің басында отырған Жанқожа батырдың ауылын қоршауға алды. Қандышайқастың барысында 80-нен асқан Жанқожа батыр жазалаушылардың оғынан қаза тапты.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button