«Жақсылар, дастан айтайын...» жобасы өз жалғасын табуда
«Оңтүстiк Қазақстан» қоғамдық-саяси газетiнiң редакциясы Қазақстанда тұңғыш рет батырлар жырын жатқа айтудан «Жақсылар, дастан айтайын…» жобасын жүзеге асырды.
ОҚО Төлебі ауданы әкімдігінің хабарлауынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында осы байқаудың кішігірім жақсы жалғасы ретінде Зертас ауылдық округінде жас дарындар арасында «Жақсылар, дастан айтатын…» атты аудандық байқау ұйымдастырылды.
Жобаның мақсаты – рухы мықты, намысты, қайсар азамат тәрбиелеу, өскелең ұрпақты қазақ халқының рухани құндылықтарына сусындатып, отансүйгiштік қасиетке баулу. Батырлар жырын жаттап өскен баланың жат елдердiң идеологиясына бой алдырмайтынын ата-аналарға ұғындыру.
«Байқау 3 турдан тұрды. Бірінші кезеңде оқушылар кез-келген қазақ жырын жатқа оқып шығуы керек болатын. Байқаудың екінші бөлігінде үміткерлерге арнайы билеттердің көмегімен әдебиет теориясы бойынша сұрақтар қойылды. Ал үшінші кезеңінде үміткерлер әділқазылар алқасының сауалдарына жауап беріп, «Қамбар» батыр жырындағы көнерген сөздердің мағынасын түсіндірді», – деп хабарлады ұйымдастырушылар.
Байқау қорытындысы бойынша, бас жүлдені Қ.Мамытов атындағы жалпы орта мектебінің 9 сынып оқушысы Маржан Сихимбаева иеленді. Жеңімпаздың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлмира Алдиярова да алғыс хат пен ақшалай сыйлықты иеленді. Ал, бірінші орынды Қ.Мамытов мектебінің 6-сынып оқушысы Рысбек Айсана (жетекшісі Аюбаева Жамила), екінші орынды Шомшақты жалпы орта мектебінің 7-сынып оқушысы Жақсыбек Ербосын (жетекшісі Нұрмаханбетова Айгүл), үшінші орынды Қ.Мамытов мектебінің 8-сынып оқушысы Бажақова Мақпал (жетекшісі Тлегенова Алтынай) иеленді.
Сайысқа қатысқан өрендердің барлығына Алғыс хат, қаржылай сыйақы табыс етілді.
Айта кетер болсақ, қатысушылар мен олардың ұстаздарына қаржылай және басқа да бағалы сыйлықтар тапсыруға демеушілер көмек көрсетті.