Редакция таңдауы Мақала

«Жарысқазан» дәстүрі неге жасалады?

Қазақ үшін баланың дүниеге келуі – ең үлкен бақыт. Сондықтан аяғы ауыр әйелге ерекше көңіл бөлінеді.

Келінінің бойына бала біткенін сезген енесі оны қамқорлығына алып, пәле-жаладан, тіл-көзден сақтау әрекетін жасай бастайды. Жасы үлкен, көпті көрген әйелдер жас ананың жағдайын жасауға тырысқан. Абысын-ажын, ауыл әйелдері жиналып, «Құрсақ тойын» өткізеді. Келіншектің аяғы ауыр екенін білген заматтан бастап бүкіл туған-туыс, ауылдағы көрші-қолаң, үлкен-кіші демей, соның көңіл-күйіне қарап, ауыр жұмыс істетпей, қолдан келген көмегін көрсетуге міндетті болған.

«Жарысқазан» деген не?

Бұл – екіқабат әйелдің қиналмай босануы үшін жасалатын ырым. Ол үшін әдейі сақтап жүрген сүр етті асады. Осы ет піскенше әйел де тез босанады деген сенім қалыптасқан. Ай-күні жеткен жүкті әйел қатты толғатып, толғақ жиілей бастағанда, сол ауылдағы пысық әйел отқа, ошаққа жарыс қазан асады да, қуырдақ қуыра бастайды. Ошақтағы отты жай жағып, қазанның қақпағын қазанға ұрып қатты дыбыс шығарып отырған. Жарыс қазан асудағы себеп – қазанмен бірге толғақ жиілейді, тамақтан бұрын бала туылады деп ырымдағаны. Егер әйел босана алмай, одан ары қиналса, жарыс қазан асып отырған әйел қолына қара пышақты алып «қара қазан бұрын пісе ме, қара қатын бұрын туа ма?» деп, қолындағы пышақты қазанға жанып-жанып зіркілдейді. Қазақ мұны «жарыс қазан» деп атайды.

Егер бәрі жақсы аяқталып, бала аман-сау дүниеге келсе, бүкіл ауылды шақырып, қуырдақтан ауыз тигізетін. Баланың ата-әжесі, туған-туыстары құттықтаулар қабылдап, көңіл көтеру басталады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button