Жаңалық

Жас өнертапқыш энергия өндіру жобасын ойлап тапты

Автокөліктің қозғалысы арқылы баламалы энергия көзін өндіруге арналған бұл жоба ұлттық «STEAMUP» байқауында үздік деп танылды.

«Жүрген көліктерден энергия өндірудің шағын макетін жасадық. Өндіру механизмі бірнеше бөлшектерден тұрады және көліктер көп шоғырланған аймақтардың көшелерінде жер астында орналастырылады. Олар жылдамдық бəсеңдеткіш төмпешіктерге ұқсас болады. Аталмыш платформадан көлік өткен сайын құрылғы төменге түсіп, қайта орнына келу арқылы энергия өндіреді», – деді Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Мерей Сембай.

Механизм құрылысын сипаттау және қажетті есептеулер жүргізу үшін жоба авторлары Қызылорда жылу электр торабының қызметкерлерінен кәсіби кеңестер алған. Сол жердегі генераторлардың жұмысын қадағалап, оның параметрлері мен құрылғы өлшемдері жайлы ақпарат жинақтаған.

«Бұл – электр энергиясын адам денсаулығына, қоршаған ортаға залалсыз түрде алудың тиімді əрі қарапайым жолы. Қомақты қаржыны да қажет етпейді. Дегенмен белгілі аумақты жылдар бойы шығын келтірмей жарықпен қамтамасыз ете алады. Мәселен, 20-дан астам жылдамдық бəсеңдеткіш төмпешіктің орнын осындай 10 конструкциямен алмастырсақ, үш жылдың ішінде 70 млн теңге қаржыны үнемдей аламыз», – деді Назарбаев зияткерлік мектебінің оқытушысы Жеңісбек Жолмырзаев.

Қызылордалық новаторлар бұл экономикалық, экологиялық және энергетикалық тұрғыда тиімді саналатын жобаның әзірге отандық тәжірибеде баламасы жоқ дейді. Сондықтан алдағы уақытта тың технологияны патенттеп алып, өндіріске қосуды мақсат етіп отыр.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button