Жаңалық

Жастар және дін

Ауқымды тақырып төңірегінде «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты Дінтанулық зерттеу орталығының жетекші менеджері Укенов Али Сайлауұлымен аз-кем сұқбаттасып көрдік.

Ruh.kz: Қоғамда діндар жастардың болуы табиғи заңдылық па?

Али Укенов: «Жастар» дегенде көбіміздің көз алдымызда не елестейді? Көбіміз «жастар» деген сөзді көңілді, махаббатқа және үмітке толы, болашаққа ұмтылған деген сөз тіркестермен байланыстырамыз. Ал қазіргі жастарды, озық жастар, жаңашыл жастар, зияткерлі жастар деп атауымыздың өзі бір үйреншікті ұранға айналып кеткен сияқты. Дегенмен жастар арасында қандай да бір дінге бет бұрғандар саны күн сайын артып келетіндігі де жасырын емес.

Сонымен қатар жалпы адамзат баласы біркелкі еместігін естен шығармау жөн, тіпті сол адамзаттың бір бөлігін құрайтын жастарды да біркелкі деу мүмкін еместігін атап өтуіміз қажет. Әсіресе, әлемдік қауымға ашық, ғылым мен білім үшін шетел асып жүрген, қанға сіңген қонақжайлығы бар Қазақстан мемлекетінің жастары да біркелкі болмауы табиғи құбылыс. Сол себептен жастар салыстырмалы түрде аз болса да өздерінің өмірлік тәжірибесіне сүйеніп, өздерінің талғамы мен қызығушылығына қарай қандай да бір музыкалық, шығармашылық, діни топтар мен ұйымдарға тіркеліп, сол ұйымдар мен топтардың ішінде белсенді түрде іс-шараларға қатысуы біздің қоғамымыздың дамуы мен плюрализмге, яғни ашық қоғамға бет бұруымыздың бір көрінісі екендігі мәлім.

Ruh.kz: Жастардың көптеп дінге бетбұруында қауіп бар ма?

Али Укенов: Дінге бет бұрған немесе діни ілімге қызыққан жастар да аз еместігі айдан анық. Көбімізде «дін» дегенде көз алдымызда не елестейді? Әрине ең алдымен рухани бай адам, сенуге болатын және әділ көзқарастағы тұлғалар, біздің тарихтаға Әл-Фараби, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы сынды бабаларымыз көз алдымызға келеді.

Дегенмен, көбімізге осы «жастар» мен «дін» дегенде ақылымызға оң әрі жағымды ойлар келсе де, бұл екеуінің жеке өз бетіне негативті құбылыстармен байланысы бар екендігі де жасырылмайтын шындық. Әсіресе көбімізді уайымдатып, аландататыны осы екеуі бір тұтас болған сәті. Яғни, жастардын бойына тән шыдамсыздық пен әлемдегі көп діндер тарапынан бағаланатын шыдамдылықтың бір ортада табылмауынан туындайтын мәселелер. Өкінішке орай жастар, тарихи тамыры тереңге сіңген діндердегі ілімдерді меңгеруде табандылық танытпайды. Осылай жастар діни ілімді өз бойына аз уақыт ішінде сіңіруге тырысады. Әйтсе де, діндер тарихынан байқауға болатындай, бұл мәселеде шыдамдылық – маңызды компонент екені анық.

Осылайша жастарға тән қарқындылық, динамика, көптеген діндер тарапынан талап етілетін шыдамдылық әрі талаптылықпен ұштаса бермейтіні де көзге көрінуде. Бұлай айтып отырған себептердің бірі – қоғамда орын алған жағымсыз оқиғалар, солардын ішінде жастар тарапынан белсенді түрде атсалысқан іс-әрекеттер. Айқындап атап кететін болсақ, жұма күні түсте мешітте болған жас серілер мен бикештер, сол жұма күні кешке таман уақытта түңгі клубтарға жиналуы тансық көрініс еместігі бәрімізге мәлім. Тіпті елімізде діни мотивтермен отау құрып, сосын 1-2 апта ішінде «талақ» айтып, ажырасып жатқан жандар да аз емес.

Ruh.kz: Бұның себебі қандай?

Али Укенов: Бұның себептері көп. КСРО ыдырып, шекараларымыз айқара ашылып, өз идеологиямыз бен имунитеттерімізді қатайтып алуымызға берілген саяси уақыттың тапшылығы және сонымен қоса келген 90-шы жылдардағы экономикалық дағдарыстан туындап отырған салдар десек де қате болмас. Алайда, солардын ішіндегі маңыздылардын бірі ретінде қоғам ішінде, соның ішінде жастар арасында төзімділік мәдениетінің дамымауын жатқызуға болады.

Қоғамда орын алған жастар ішіндегі құбылмалы көрініс, тұрақсыздық, ертеңгі біздің жалпы қоғам ретінде болашағымызға аландататын бір себеп екені де құпия емес. Себебі, осындай тұрақсыздықтан, табандылық танытпағандықтан, осы өмірде өз орнын таба алмаған жас азаматтарымыздың көбеюі мүмкін. Абай атамызды еске алсақ, өмірде бір кірпіш болып, кетігін таба алмай жүрген жастар аз емес. Яғни қоғамда тұрақты бір орынға ие болмаған жас азамат, ертеңгі күнгі қоғамдық тұрақсыздықтын себебі болуы ықтимал. Осының ішінде діни тұрақсыздық, яғни қандай да бір жалған діни ілімнің арбауына іліну ықтималының артуы да бек мүмкін. Себебі бүгін діннің тек сыртқы пішініне қызыққан жастар, ішкі мазмұнына мән беруге шыдамдылық пен табандылық танытпайды. Ертеңгі күні өздеріне қажет көкейкесті сұрақтарына жауап табуда, қоғамның толыққанды бір мүшесі болуында да әлжуаздық танытады.

Зиялы жастар – тұрақты діндер

Қорытындылай келсек, жастарды қандай да бір діни немесе саяси радикализмнен аман сақтап қалу амалын шыдамдылыққа сүйенген білімнен ғана көреміз десек, бұрынғы ата-бабаларымыздын айтқандарынан алыс кетпеспіз. Өйткені көптеген мәселелердің, яғни саяси тұрақсыздық, экономикалық дағдарыс, діни радикализм сынды күйзелістердін алдын алғымыз келсе, жаһандық үрдіске бет бұрып, инемен құдық қазғандай білім мен ғылым жолына түсу арқылы ғана өзімізді әрі біздің болашағымыз болып саналатын жастарды, асыра сілтеушіліктен, жаман жолға түсуден аман алып қалу мүмкіндігіміз бар. Осы жерде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің «Болашаққа бағдар: Рухани Жаңғыру» атты мақаласындаға «Білімнің салтанат құруы» пікіріне назар аудара отырып, ертеңгі дамуымыз бен бүгінгі тұрақтылығымыздың қайнар көзі осы білімде жатқаны һақ.

Ruh.kz: Сұқбатыңызға рақмет!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button