Жастар және отбасы саясатының өзекті мәселелері бойынша семинар өтті
ҚР АҚДМ Стратегиялық сессияларын Атырау облысында өткізу аясында Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов онлайн-форматында «Жастар және отбасы саясаты саласындағы өзекті мәселелер» тақырыбында семинар өткізді.
Іс-шараға 50-ден аса жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері, өңірлік жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Ш.Байманов 2020 жылғы жастар мен отбасы саласындағы жұмыстың негізгі нәтижелері мен 2021 жылға арналған өзекті міндеттер туралы айтты.
Кездесу барысында Жастарды қолдаудың 2025 жылға дейінгі Кешенді жоспарының негізгі бағыттары, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды.
Жоғарыда аталған заң жобасын дайындау шеңберінде «NEET санатындағы жастарды», «Жастарды дамыту индексін» және «жастармен жұмыс жөніндегі маман» және т. б. заңнамалық бекіту ұсынылады.
Сонымен қатар, семинар барысында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында «Тәуелсіздік ұрпақтары» ұлттық жобасын іске асыру бойынша жұмыстар талқыланды, айта кету керек, ұлттық жоба аясында қазақстандық жастардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған реформалар әзірленеді.
Бұдан басқа, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сакошев Аян заң жобасы аясында «Жастарды дамыту индексі» ұғымын мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бөлігінде білім беру, денсаулық және әл-ауқат, жұмыспен қамту және мүмкіндіктер, саяси қатысу, азаматтық қатысу, бос уақыт және инфрақұрылымға қолжетімділік, қауіпсіздік салалары бойынша негізгі индикаторларды қамтитын жергілікті атқарушы органдар қызметі тиімділігінің кешенді көрсеткіші ретінде толықтыру ұсынылатыны атап өтілді.
Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша Заң жобасына жастар ресурстық орталықтарын дамытуды қолдау, жастарды жұмысқа орналастыру және жастарды қолдау жөніндегі мемлекеттік шараларды ақпараттық сүйемелдеу мәселелері бойынша ұсыныстар енгізді.