Жастар жылынан Еріктілер жылына
Жас ұрпақты тәрбиелеп, оқытуға жұмсалған қаржы – болашаққа жасалған ең тиімді инвестиция екені даусыз. Заманауи өзгерістерге заманауи көзқарас пен қадам керек. Жас буынның болашағы жарқын, еңбектері жемісті, жүздері жарқын болғай!
Шетелдік басылым беттерінен қызық бір ақпар көрдім. Мәселе А.С. Пушкиннің «Сказка о рыбаке и рыбке» (бұдан әрі «Алтын балық») ертегісі жайында. Анығында ертегінің не туралы жазылғаны жайында. Оқушылар, оқытушылар, әдебиетшілер мен профессорлар бұл ертегіні «қанағатсыз кемпір туралы ертек», – деп бағаласа керек. Анығында ше? Бұл ертегі махаббат туралы десем, келісесіздер ме? Әдемі, жас, ақылды әйелді сүю аса ақылды қажет етпейді. Ал қартайған, қанағатсыз кемпірді жақсы көрі үшін жүрек керек. Дәлелдеп көрелік:
1. Ертегі қалай басталады?
«Жил старик со своею старухой», – деп басталады. Басқа «жили-были» деген қалыптағы ертегілерден әу бастан-ақ ерекшеленіп тұр емес пе?! «Өз кемпірімен». Код осында жатыр. Иә, қанағатсыз, иә ұрысқақ. Бірақ өз кемпірі. Қазақша аудармасында бұл код жоқ. Ахмет Байтұрсынұлы:
«Теңіздің жағасында кемпір мен шал,
Тұрыпты отыз үш жыл нақ дәлме-дәл», – деп бастап, Крыловтың үлгісінде аударып шығады. Мәселе бұнда емес.
2. Олар қайда тұрды?
«У самого синего моря», – дейді Пушкин. Және шалдың кемпірге деген махаббатының кейпі ретінде теңіз де түсін өзгертіп тұрады. Есіңізде ме?
«Помутнело синее море.
Почернело синее море», – деген жолдарын жақшаның ішіне алып қояды, Пушкин.
Айтпағымыз не?
Мәдениет екінші орынға түскен кезде, бірінші орынға денсаулықты сақтау үшін бөлінген сұмдық қаржы шығады. Мәдениетсіз адам аурушаң болады. Бұл пафоссыз сөз. Десе де, біздің ақпаратты қабылдауымыз, көркем шығарманы талдауымыз осыдан 50 жыл бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда өзгешеленіп кеткендігі жасырын емес.
Бір ақпаратты анықтау үшін кемі 20-30 кітапты парақтап отыратын қауым, осы күні 2-3 минутта (мыңдаған сілтеменің арқасында) ақпараттың рас, өтірігін анықтай алады. Демек, бұл қауымды таңқалдыру да, қызықтыру да оңай емес. Ал бұл маңызды. Шын маңызды.
«Жастар кітап оқымайды», «жастарда қызығушылық жоқ», «жастар жұмыс істегісі келмейді» және т.б. толып жатқан сөздер бар. Жоғарыда кітаптың неге оқылмайтынына анық мысал келтіріп кеттік. Осындай коды бар, осындай жұмбағы бар шығарма кейінгі 20-30 жылда жазылды ма?! Ал қызығушылық пен жұмыс жайындағы сөз тіпті бөлек.
ХХІ ғасыр адамына уақыттан артық қажеттілік жоқ. Сондықтан уақытында, уақытылы анық керек салаға көңіл бөлініп, жастардың қызығушылықтарын ескеріп, сол қызығушылықты кәсіпке, болашаққа айналдыру аса маңызды. Осы ретте елімізде биылғы жыл – «Жастар жылы» болып бекітілгенін айта кеткіміз келеді. Бұл жылдың да аяқталуына санаулы күндер қалды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы «Жастар жылын» қорытындылап, «Еріктілер жылының» басталғанын айтты. Жастар жылында атқарылған шаруа жетерлік: «Жас ақын-жазушылар форумы», «Жас кәсіпкерлер фестивалі», «Жастар Синергиясы» және т.б. жастарға арналған байқаулар мен іс-шаралар көптеп ұйымдастырылды. Жемісті болса екен деген ниет, тілектеміз.