Жаңалық

Жастар Сарайының қайта жаңғыруы

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Жастар жылы» аясында қомақты ісшаралар мен нақты жобалар жүзеге асырылып, оның материалдық-техникалық базасы қазіргі заман талабына сай қайта жаңғыртылуда. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдылығына айналуға тиіс екендігін ерекше айтады. Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тұжырымдамалық мақаласында қазақтың бай әрі ықшам тілімен бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы және т.б. ұғымдарды халыққа жеткізіп, туған жердің тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі және әдет-ғұрпы арқылы әрбір азаматтыңеліне деген сүйіспеншілігін артыруды, ұлттық құндылықтарды сақтауды өзекті мақсаттардың бірі деп санайды. «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы да «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы іспетті. Елбасы идеясының мәні тереңде жатыр. Тарихи сананы жаңғырту арқылы өткенімізге көз салу, ұрпаққа мирас етіп, болашақпен сабақтастыру арқылы ол ұлттық мұрамызды сақтап және әрі қарай терең зерделеу керектігін және ол үшін елімізде аса қажетті ірі жобалар қолға алу керектігін ерекше айтады. Әрине, мемлекет отбасынан басталатыны сияқты, ұлттық жобалардың бастауы да жас ұрпақтың тәрбиесімен шынайы айналысуымен байланысты.

Осы тұрғыдан алғанда, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Жастар жылы» аясында қомақты ісшаралар мен нақты жобалар жүзеге асырылып, оның материалдық-техникалық базасы қазіргі заман талабына сай қайта жаңғыртылуда. Жақында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова бастаған Үкімет тобы:  білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев және Ақтөбе облысының жаңа әкімі Оңдасын Оразалин Батыс Қазақстандағы ірі оқу орны Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Жастар сарайының жұмысымен танысты. Студенттермен кездесу барысында Гүлшара Әбдіхалықова ханым «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, Елбасының халыққа Жолдауымен жастарды таныстырып, оларды осы іс-шаралардың орындалуына белсенді ат салысуына шақырды.

«Жастар жылы» аясында Жастар сарайы  қайта күрделі өңдеуден өтіп, оның ішінен студенттерге арналған 120 орындық «Zhubanov Cinema» кинозалы, «Мәңгілік Ел» мәжіліс залы, «Атриум» көрме залы ашылды. ҚР Үкімет мүшелерін жаңғырған Жастар сарайының ғимаратының мазмұнымен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеттің ректоры Бауыржан Ердембеков таныстырды. Сонымен қатар университет проректоры Рахым Бекназаров «Ақылды университет» жобасын қонақтарға ұсынды.

Енді жаңғырған  Жастар сарайынан ашылған нысандарға қысқаша тоқталып кетейік. «Мәңгілік Ел» мәжіліс залы тек қана Қ.Жұбанов университетінің жастарына ғана емес Ақтөбе өңірінің барлық жастарына қызмет етеді. Жастар жылына орай, Ақтөбе қаласының 150 жылдығы мен лингвист-ғалым Құдайберген Жұбановтың туғанына 120 жыл толуына арнап өңірдегі Жұбановтар есімі берілген білім мен мәдениет ошақтарымен бірлесе отырып республикалық деңгейде «Жұбанов шаңырағы» мега жоба ұйымдастырылмақ. Осы жобаның негізгі мақсаты – киелі Жұбановтар әулетінен шыққан танымал тұлғалардың үлгі-өнегесіне құрмет көрсету арқылы ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлес қосу болып табылады.

Жаңартылған Жастар сарайында алғаш рет «Мәңгілік Ел» – жастарының әлеуеті мен мүмкіндіктері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел барысында студенттер болашақ түлектерді жұмысқа орналастыру, әлеуметтік сұрақтар мен жастар саясатының өзекті мәселелерін талқылады. ҚР Үкімет тобымен кездескен Қ.Жұбанов университетінің белсенді студент жастары қойған сұрақтарына нақты жауаптарын алып, өздерінің ұсыныстарымен бөлісті.

Жастар сарайының «Атриум» көрме залында жас дизайнерлердің сән көрсетілімі және әлемге әйгілі шетел суретшілерінің Қ.Жұбанов университетіне сыйлап кеткен  экслибристтік туындылары ұсынылды. Мысалы, италияндық суретші Луиджи Казалино ақтөбелік жерлесіміз Жұбановтар отбасына өзінің туындыларына арнаған болатын және оны көрермендерге әр қырынан көрсете білді. Осындай көрменің ашылуының арқасында университет студенттері ұлы грек графикалық суретшісі Янис Кириакидиспен кездесіп, оның  қайталанбас көркем  туындыларын тамашалауға мүмкіндік алды. Көрме барысында студенттер экслибристтік өнерді терең танып,  өздерінің шығармашылықтарында осы бағытты бекім ұстануды мақсат етті. Поляк суретшісі Казимеж Бабкевич өмір шындығын мейлінше дәл жеткізуге тырысқан қылқалам шебері екенін студенттер жақсы біледі. Ол шабытты шығармашылық ізденіс үстінде, өзі де аңғармастан, кейінгі ұрпаққа  өз туындыларын шынайы түрде әңгімелеп берген болатын. Көрмеде осы экслибристің ең үздік үлгілері қайталанбас жәдігерлер қатарында қала бермек.

Жастар сарайындағы «Zhubanov Cinema» атты кинозалы 120 көрерменге арналған. Жақын арада студенттер университет кинозалында «Бір түп алма ағашы», «Балалық шағымның аспаны», «Основатель» атты фильмдерді тамашалай алады. Аталмыш фильмдердің барлығы студент жастардың онлайн дауыс беруі арқылы таңдалып алынды. Жалпы фильмдер жетісіне үш рет көрсетіледі. Жастар жылына орай, бұл кинозалда басты рөлдерде ойнаған актерлермен бірлесіп танымдық шаралар мен кездесулер жоспарған.

Сонымен қатар жаңарған Жастар сарайында Ақтөбе өңірінен шыққан қос ару өнерпаздарды дәріптеу мақсатында би өнерінде өзінің өшпес ізін қалдырған балет артисі Нұрсұлу Тапалова атындағы хорегорафия залы,  КСРО-ның халық артисі, әнші Роза Жаманова атындағы музыка кабинеті, фортепиано мен домбыра кластары, мультимедия және т.б. оқу кабинеттері білім алушыларының игілігіне ұсынылған.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе», – деп М.Əуезов айтқандай, бүгінгі ұрпақ кешегі тарихын білмесе, елдігімізге сын болары хақ. Қазақстан Республикасы қысқа мерзім ішінде аяғынан нық тұрып, барша әлемге терезесі тең ел ретінде әлемдік қауымдастыққа таныла білді және ұлттық сананы қалыптастыру, нарықтық экономиканың заңдылықтарын зерттеу бойынша ауқымды бағдарламаларды жүзеге асырды. Елбасының бағдарламалық мақалалары ең алдымен көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарға бағытталған. Мақалада ұлтжанды, білімді жастарды тәрбиелеу, белсенділігі жоғары жеке тұлға қалыптастыру мақсаты қойылған, мұны жүзеге асыру – Қазақстан Республикасының бәсекеге қабілетті елге айналуына және отыз елдің қатарына енуіне жол ашу.

Бауыржан Жүнісов,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік

мемлекеттік университетінің профессоры

Ақтөбе қаласы

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button