Жаңалық Редакция таңдауы

Жастардың кәсіп ашып, жекелей, әлеуметтік жобаларын іске асыруына мүмкіндік беретін жоба

Өз әлеуетін, өмірлік маңызды дағдылары мен көшбасшылық қасиеттерін дамытуға, бастамашыл жобаларын іске асыруға мүдделі жастар үшін құрылған Zhas project жобасын іске асыру қолға алынды. Осыған орай Талдықорғандағы Журналистер үйінде баспасөз мәслихаты өтті.

Жергілікті БАҚ өкілдерімен бол­ған кездесуде алғашқы болып сөз ал­ған Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің басқарма басшысы Алмагүл Құтанова аталған жобаның мақсат-міндетін тү­сіндіріп өтті.

Ал өз кезегінде сөз алған Жетісу облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли: «Шыны керек, бұл жобаны біраз уақыт күттік. Шамамен 2017-2018 жылдары жақсы нәтиже берген жобаға сол кезде 600 млн теңге бөлініп, 600 азамат грант ұтып алған еді. Аталған грант иелері бүгінге дейін өз жобаларын жүзеге асыруда», – дей келе, ауқымы кеңей­ген жоба туралы нақтылы мәліметтерге тоқ­талды.

Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрлігі мен Азаматтық бастамалар­ды қолдау орталығы бірлесіп жүзеге асырған жоба жастардың кәсіп ашып, жекелей, әлеуметтік жобаларын іске асыруына мүмкіндік бермек. 18 бен 28 жас аралығындағы азаматтар мен осал санаттағы жастар, жұмыссыздар, аз қамтылған отбасынан тұратын, же­тім және мүгедек жандар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар, көпбалалы отбасы, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне аталған жобаға қатысуға мол мүмкіндік бар.

Көрсетілген санатқа жататын жандар шілде айының 26-сынан тамыздың 10-ы аралығында Zhas project жобасының әлеметтік желідегі парақшасына өтінім қалдыра алады. Алғашқы кезеңде өзде­­рінің жобаларын ұсынып, өтінім қал­дырса, келесі кезеңде арнайы құрыл­ған комиссияның зерделеуімен грант иесі атануына болады. Жиында бұл жайлы «Тамшыбұлақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жанат Төлемісова егжей-тегжейлі баяндады.

Айта кетерлігі, Алматы және Жетісу, Қарағанды, Маңғыстау мен Түркістан облыстарында жүзеге асырылатын жобаға қатысып, өз өтінімдерін ұсынған және нәтижеге қол жеткізе алған жастарға ­1 миллион теңге грант берілмек. Жиын барысында осыған тоқталған қонақтар көптен бері елге таныс жоба туралы толыққанды ақпаратты парақшадан онлайн оқи алатынын да атап өтті.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button