Жаңалық

Жастарға арналған жаңа жоба басталды

Күні кеше Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қазақстан Жастар Конгрессімен серіктестікте республиканың барлық аймақтарын онлайн форматта байланыстыра отырып, «Жаңа жағдайдағы жастар: Іс-қимыл кезеңі» Республикалық жастар білім беру жобасын іске қосты, – деп хабарлайды Ruh.kz порталы аталмыш министрлікке сілтеме жасай отырып.

Жобаның мақсаты – жастарды жаңашылыққа бейімдеп, олардың өзін-өзі дамытуына жағдай жасау.

Білім беру жобасының алғашқы қонағы – Нұрсұлтан Назарбаев Фондының директоры Дариға Назарбаева болды.

«Біз пандемияны тез арада аяқтала қояды деп ойламаймыз, ондай жағдайда әлі ұзақ уақыт әрекет етуге дайын болуымыз керек. Ал бұл – қолдауды қажет ететін адамдарға барынша көмек көрсетуді жалғастыру керек деген сөз.

Жастар үшін қоғамға, яғни елімізге қалтқысыз қызмет етуден маңызды іс болуы мүмкін бе? Осы қызмет арқылы сіздер тәжірибе жинақтайсыздар, құрмет пен беделге ие боласыздар және өмірде көп жетістіктерге жетесіздер. Мен сіздерге шын жүректен осыны тілеймін.

​Осындай өмірлік ұстаным жаңа ұрпаққа, жаңа адамдарға кез келген дағдарысты жеңуге және ұлттық егемендігімiзді нығайтуға күш-қуат береді деп сенемін», – деді Дариға Назарбаева.

Ашылу барысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева: «Саналы, білімді, белсенді жастары көп елдің – болашағы зор. Мұндай жастар еліміздің әр түкпірінен табылады. Сол себепті, жастар мәселесін талқылауды бір ғана іс-шарамен шектемей, бүкіл елдің деңгейінде жалғастыруымыз керек.

Өз тарапымыздан біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында барлық өңірлерде жастар мәселесі бойынша тыңдаулар өткізуді ұсынамыз. Біз үшін сіздердің ортаға салар ойларыңызды тыңдап, қажетті қолдау көрсетудің маңызы зор» екенін атап өтті.

Жоба аясында, бір айдың ішінде жас қазақстандықтар өз білімін арттырып, білікті жаттықтырушыларды, сарапшыларды және өзге де шақырылатын қонақтарды жобаға тарта отырып, жаңа көшбасшылық және өмірлік қарім-қабілеттерге ие болады.

Жоба аясында жастардың өзекті мәселелері бойынша әлеуметтік диалогты жандандыру және әлеуметтік серіктестік тетіктерін әзірлеу үшін, орталық мемлекеттік органдар басшылығының қатысуымен, жастар пікірталастары жоспарланған.

Жұмыс бес негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады: азаматтық белсенділік, еріктілер, ақпараттық технологиялар, жастар кәсіпкерлігі және жеке даму.

Жоба онлайн-форматта жүзеге асырылатындықтан оған еліміздің түкпір-түкпірінен жастар өкілдері қатыса алады.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылы Дүниежүзілік жастар күніне орай Zeren білім беру жастар лагері құрылған болатын. Биылғы жылы эпидемиологиялық жағдайға байланысты білім беру бағдарламалары онлайн форматта өтетін болады.

«Жастар және жаңа сын-қатерлер: әрекет ету уақыты» жобасы шеңберінде азаматтық белсенділік, волонтерлік қызмет, ақпараттық технологиялар, жастардың кәсіпкерлігі және тұлғалық даму сияқты бес бағыт бойынша онлайн-оқыту жүргізілетін болады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button