Жастарға арналған жаңа жобалар
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы төрт жаңа жобаны таныстырды
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын талқылау мақсатында «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы аймақтық жастар ресурстық орталықтарымен онлайн-кездесу өткізді.
Онлайн мәжіліске ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, аймақтық жастар ресурстық орталығының және «Жастар» ҒЗО өкілдері қатысты.
Президенттің тапсырмалары мен шешімдерін талқылаған мәжіліске қатысушылар бірауыздан «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауы еліміздің ары қарай дамуына, антикризистік жағдайларды дер кезінде шешуге, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталғанын және осы орайда барлық саланы қамтығанын айтты. Ал ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы жөніндегі комитеттің төрағасы Шахмардан Баймановтың пікірінше Президент Жолдауын тек барша қазақстандықтар болып бірлесе жұмылғанда ғана жүзеге асыруға болады.
«Жолдауда еліміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси дамуының барлық аспектілері көрсетілген. Жолдау басында Президент еліміздің экономикалық дамуы халықтың қоғамдық-саяси жаңғыруына тікелей байланысты екендігін айтты. Бұл өте түйткілді ой және маңызды бағыт. Сондықтан, Жолдаудың тиімді жүзеге асуы үшін бірінші кезекте барша азаматтардың бірлігі мен халық санасының жаңғыруы қажет», – деді Шахмардан Байманов.
Айта кетейік, онлайн мәжілісті Мемлекет басшысының Жолдауын аймақтық жастар ресурстық орталықтарына түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында «Жастар» ҒЗО ұйымдастырды. Осы орайда «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Аян Сакошев жылдың соңына дейін жүзеге асуы тиіс жаңа жобаларды да таныстырды.
«Мәжіліс барысында 4 жаңа жобаны таныстырдық. Олар жақын күндері өз жұмыстарын бастайды. Бұл бірінші кезекте әлеуметтік осал санаттағы жастармен жұмыс жасауға бағытталған жобалар. Пандемияға байланысты барлық шаралар онлайн түрде жүзеге асатын болады. Бұл үшін біз онлайн платформаларды және әлеуметтік желілерді пайдаланамыз», – деді Аян Сакошев.
«Jastarga – kenes», «Jastarga – bilim», «Jastarga – qyzmet», «Jastarga – jumys» жобалары қыркүйек айының ортасына дейін өз жұмысын бастайды деп жоспарлануда.