Жаңалық Редакция таңдауы

Жастарға арналған жәрмеңке

Жастарға арналған алғашқы ұлттық жалпыреспубликалық онлайн еңбек жәрмеңкесіне 1,4 мыңнан астам адам қатысты. Жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына орналасуға ниет білдірген азаматтардың саны 4 мыңнан асты.

27-29 маусым аралығында өткен жәрмеңкеге қазақстандық 23 ірі жұмыс беруші қатысып, enbek.kz порталына 50-ден астам мамандық бойынша 1 320 бос жұмыс орнын ұсынды, олардың басым бөлігі техникалық мамандықтарға жатады. Іс-шараға қатысқан жұмыс берушілер арасында Еуразиялық топқа (ERG) және тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығына кіретін кәсіпорындарды, Kaspi.kz, «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «КАТКО» БК ЖШС, «Ernst & Young Kazakhstan» ЖШС, «Eurasia Group Kazakhstan» ЖШС, «Magnum Cash & Carry» ЖШС, «Бірінші несие бюросы» ЖШС компанияларын және тағы басқаларын атап өтуге болады.

Айта кету керек, қандай да бір арнайы орта білімі бар жұмыс іздеушілерге ұсынылған жұмыс орындарының жартысынан көбіне орналасуға (782) мүмкіндік берілді. Ал 386 бос жұмыс орнына тек жоғары білімі бар мамандар үміткер болды. Сонымен қатар жұмыс берушілер мектеп білімін ғана қажет ететін 162 бос жұмыс орнын ұсынды.

«Жұмыс іздеушілер арасында «кадрлық әкімшілік маманы», «техник-технолог (тағылымгер)», «кеңсе менеджері», «технологиялық процесті бақылау жөніндегі зертханашы» және т.б. бос жұмыс орындары сұранысқа ие болды. Жәрмеңке басында еңбек жолын енді бастаған жас мамандар­ға «Тиімді жұмыс іздеу» тақырыбын­да мастер-класс өткізілді. Онда оларға түйіндемені қалай дұрыс жазу, жұмыс берушілермен кездесу кезінде өзін қалай ұстау керектігі, қандай сәттер­ге назар аудару қажеттігі айтыл­ды. Үш күн ішінде ұйымдардың HR менеджерлері Youtube порталындағы тікелей эфирде өз компанияларын таныстырып, жұмыс шарттары, ашық бос жұмыс орындары, жұмысқа ор­наласу ерекшеліктері және бас­қалары туралы айтты. Сондай-ақ жұмыс іздеушілермен 110 онлайн-әңгімелесу өтті», деді іс-шараны ұйымдастырушылар.

Естеріңізге сала кетейік, бұл іс-шара Қазақстанда алғаш рет жас мамандарды жұмысқа орналастыру мақсатында өткізілді. Алдағы уақытта халықтың түрлі топтары үшін онлайн еңбек жәрмеңкесін ай сайын өткізу жоспарланған.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button