Жаңалық Редакция таңдауы

«JASTARx» сараптамалық алаңының кезекті кездесуі Екібастұзда өтті

Павлодар облысы Екібастұз қаласында «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «JASTARx» сараптамалық алаңының бесінші кездесуі өтті, деп хабарлайды Ruh.kz.

Жиын қатысушылары «Адал Азамат: мәдениеттіліктің негізі неде?» тақырыбы аясында әрбір тұлғаның бойындағы мәдениеттілікті қалыптастыратын және оны арттыратын негізгі факторлар туралы сөз қозғады.

Сараптамалық алаңға Екібастұз қаласының əкімі Аян Бейсекин, орынбасары Бибігүл Иманғалиева, Екібастұз қаласы ЖБДО директоры, қалалық мəслихат депутаты Еркін Құсан, сондай-ақ жас сарапшылар, БАҚ өкілдері және қоғам белсенділері қатысты.

«JASTARx» бесінші кездесуінің спикер құрамында JCI Ltd жеке компаниясының басқарушы директоры Мұрат Жұманбай, «Қайнар» БДО-дағы мектеп кәсіпкерлігі бойынша стартап-клубтың негізін қалаушы, педагог-ұйымдастырушы Айдана Жұмабекова, «АMANAT» партиясы Павлодар қалалық филиалының атқарушы хатшысы, қалалық маслихат депутаты, депутаттық фракция басшысы Санира Жүсіпова, «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ халықаралық ынтымақтастық жөніндегі менеджері Гульжамиля Камарова болды.

JCI Ltd жеке компаниясының басқарушы директоры Мұрат Жұманбай өз сөзінде жастар бойындағы мәдениеттілік негіздерін қалыптастыруға креативті индустрияның қайнаған ортасы Жайдарман ойындары үлкен септігін тигізгенін атап өтті.

Креативті индустрияның қазіргі таңдағы кадрлық ұстаханасы жайдарманшылардан құралып отыр. Жайдарман түлектері қоғамның әр саласында сәтті қызмет атқарып жүр. Бұл – ел азаматтарының мәдениеттілік негіздерін қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосады. Өйткені Жайдарманның басты құндылықтарының бірі – мәдениеттілік, – деді Мұрат Жұманбай.

Мәдениеттілік негіздерін қалыптастыруда білімнің алатын орны туралы «Қайнар» БДО-дағы мектеп кәсіпкерлігі бойынша стартап-клубтың негізін қалаушы Айдана Жұмабекова тарқатып айтты.

Бүгінде жай ғана ел қатарлы оқып, диплом алумен шектелу жеткіліксіз. Білім жолына тәрбие негіздерін қоса отырып, оны сатылай құру, іздену, еңбектену арқылы құру маңызды. Неліктен мәдениеттілік білімнен көрініс табады? Өйткені білімді адам өзінің оқуға жұмсаған уақыты мен күшінің қадірін біледі. Сондықтан ешқашан мәдениетсіздікке жол бермейді, – деді ол.

Кездесу соңында Екібастұз қаласының əкімі Аян Бейсекин сараптамалық алаңды ұйымдастырған «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығына алғысын білдіріп, мұндай кездесулердің жастар үшін маңызы зор екенін атап өтті.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button