«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының XVІ еңбек маусымы қорытындыланды
Алматы облысында республикалық «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының XVІ еңбек маусымының жабылу рәсімі өтті, – деп хабарлайды Ruh.kz ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов, Алматы облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Сапаров Эльдар, республикалық «Жасыл ел» штабының басшысы Данияр Азамат, республикалық жастар ұйымдарының көшбасшылары, өңірлік делегаттары, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының белсенділері қатысты.
Жиын барысында үздік штаб, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының белсенді сарбаздары, қозғалыстың ең белсенді қатысушылары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің атынан алғыс хаттармен марапатталды.
Сөйтіп, «Жасыл ел» жобасының арқасында, 2020 жылдың өзінде Қазақстанның барлық өңірлерінен 11 мыңнан астам жас маусымдық жұмыспен қамтылды.
Айта кетсек, 15 жыл ішінде 300 мыңнан астам жас «Жасыл Ел» жобасына, яғни маусымдық жұмыстарға тартылды. «Жасыл Ел» жобасы бүкіл Қазақстан бойынша жастар еңбек жасақтарына 40 миллионнан астам ағаш отырғызуға, саябақтарды, алаңдарды, аулаларды абаттандыруға мүмкіндік берді.
«Жасыл ел» республикалық штабы жалпы мемлекеттік жастар қозғалысына айналды, белсенді жастарды біріктіріп, оларды еңбекке баулыды, патриотизм сезімін ұялатып, өмірлік маңызды әлеуметтік дағдылардың дамуына ықпал етті, ал ең белсенділері үшін – табысты кәсіби мансапты құрудағы әлеуметтік лифт болды.
Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев өзінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, «қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – біздің еліміз үшін бірінші кезектегі мәселелер, бұл біздің маңызды және негізгі міндетіміз. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды».
2021 жылы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Жасыл ел» республикалық штабымен бірлесіп, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр.