«Жау табақты» кімге тартады?
«Жау табаққа» қандай мүшелер кіреді? Бұл табақ неге бұлай аталады?
Соғым сойылып, ет мүшеленген соң «мынау арнайы қонақтың кәдесі», «мынау құдайы қонақтың кәдесі», «мынау күйеу баланың төсі», «мынау құдағидың сыбағасы», «мынау келінге» және тағысын тағы осы секілді сөздерді естіген боларсыз?
Қазақ өзіне деп сойған малының ең сүбелі мүшелерін қонаққа қалдырады. Үйіне келген мейманға кәделі жілікті, майлыны, дәмдіні ұсынып, құрметке мастанған қонағының күйіне көңіл тойдырады. Және өздері қонаққа барғанда дәл осындай сый көретініне кәміл сенімді болады. Бұл дархандық емей, немене?!
Табақ тарту – терең ұғым. Халқымызда 50-ден астам табақ түрі бар. Ретімен тізіп келеміз. Қызығы қонаққа ғана тартылады деп білетін табағымыз үй иесінің досымен бірге қасына да ұсынылады екен. Бұндай табақты «Жау табақ» деп атайды.
Үйге түскен қонағына өкпесі болса, сыртынан сөз қылған жаман ғадеті барын білсе, араздықтары болса, сертінен тайса, сол мейманның руына бір реніші болса, не басқа да бір көңіл жібімейтін жөнсіз қылықтары арқылы айыпты болған қонағына «жау табақ» тартады («жау табақты» кей ретте «жай табақ» деп те атаса керек).
«Жау табаққа»: ортан жілік, жауырын, тоқпан жілік, қабырға омыртқа салынады. Байқап тұрғандарыңыздай бұл ең кәделі мүшелер емес. Және ең дәмсіздері де емес.
Осындай табақ тарту арқылы үй иесі қонағының бір айыбы бар екенін, көңілінде қаяуы бар екенін ұқтыртады. Өкпесінің айыбы өтелсе, кешірімге бар екенін білдіртеді.