«Жеке батыр» тауы туралы қандай аңыз білесіз?
«Ұлы дала аңыздары» айдарының бүгінгі санында Бурабайдағы Жеке батыр тауы туралы аңызбен бөлісеміз.
Жеке батыр туралы аңыздың нақты тарихи негізі бар. Қазақстанның ең әсем өлкесі – Бурабай өңірінде «Жеке батыр» деп аталатын тау бар. Ол Бурабай алқабының солтүстік жағынан едәуір биік болып көрінеді. Осынау алып тау шынында да барлық әскери құрал-жабдықтарымен құрсанып жатқан жауынгерге ұқсайды.
Әр аңыздың негізінде бұрын болған нақты оқиғалар мен қаһармандары тұруы әбден мүмкін.Осының бір мысалы ретінде ерлік күресімен осы өңірде өткен Тілеміс есімді қазақ жауынгері жөнінде баяндайық. Кенесары Қасымовтың жауынгерлері Ақмоланың приказ-қамалын басып алуы кезінде ол ержүректігімен, зор күш-қуат иесі екендігімен көзге түседі. Бірнеше дұшпанымен жекпе-жекке шыққандығына орай, Кенесары оны Жеке батыр деп атаған. Ханның аузынан естілген сөзге сәйкес сол кезден бастап жұрт оны Жеке батыр деп есінде сақтаған.
Кенесарының өз жауынгерлерін әр түрлі батырлық лақап есімдермен атайтын әдеті болған. Мәселен, ол Иман батырды «Аю батыр» деп атаған (Батыр Иман – бұл 1918-1920 жылдардағы азамат соғысының халық батыры Амангелді Имановтың атасы). Жеке батырды да солайша «Менің сұңқарым» деп атаған.
Тілеміс (Жеке батыр) және би Жанайдар Орынбаев, әскербасы Кенесары ауылы аралас, қойы қоралас көрші болған, олардың ауылы қатар жайғасқан, ортақ жайылымды пайдаланған. Олар өмірде де достар болған екен. Арғын тайпасының Сүйіндік және Қуандық руынан шыққан. Кенесары ханмен бірге қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігін қорғау үшін мың санды жасақтарды ертіп келген де нақ осылар екен.
Бұлардың екеуі де дала жауынгері қаруларының барлық түрін меңгерген батыр әрі мерген болған, аттың құлағында ойнап, оның үстінде бас айналатын жаттығулар жасай білген. Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романында Орынбай бидің ұлы Жанайдар батырға қатысты бірнеше эпизодтар келтірілген. Роман бойынша, Жанайдар Кенесарының қарындасы, ержүрек әрі батыл әскербасы Бопайға ғашық деп көрсетілген.
Халықтың жадында Жанайдардың адами қасиеттері туралы, оның Жеке батырмен достығы жөнінде бірнеше аңыз сақталған.
Шайқастардың бірінде дұшпанның күші хан сарбаздарының санынан артық болып, бұлар тіпті шегінуге мәжбүр болады. Осы тұста қарсыластарының тегеуріні артып бара жатқанын аңғарған хан зығырданы қайнап, қылышты суырып алып, ұрысқа түседі де, жауды оңды-солды талқандайды. Алайда шайқас барысында, Кенесарының өміріне қауіп төнеді. Өйткені найзаның соққысы мен садақтың дәл көздеуінен ешкім де қашып құтыла алмайды. Сол кезде оның қасында болған Жанайдар батыр ханға жақын шауып келіп, Кенесары атының жүгенін өзінің найзасымен іліп алған күйі оны ұрыстан алып шығады. Осылайша, олар сыртқа шығып, хан қауіпті жағдайдан аман қалады. Бұлар ұрыста жеңіп, жау қашады. Осы кезде Кенесары Жанайдар батырдың мойнынан жау найзасының сынығы шығып тұрғанын байқап: «Ау, менің қымбатты батырым, сенің мойныңда тікен тұр ғой!» – деп дауыстайды. «Мойнымда бірдеңе тұрғанын өзім де сездім, бірақ не екенін ұқпадым!» – деп жауап қайырады ол.
Кешкісін, ұрыстың шуы басылған кезде ғана аяқтарын мойынға тіреп тұрған екі жігіт одан найзаның үлкен сынығын шығарып алады. Аңыздың мазмұны осындай.
Найзаның сынығы кірген жерден қан көп кетеді, жарақаттың ушығып кетпей, тезірек жазылуы үшін Кенесары жігіттердің біреуіне қанды сорып, түкіріп тастауды бұйырады. Жарақаттың қанын сорып тастаған жігіт Жанайдардың досы Жеке батыр Тілеміс еді. Батырлар Ұлы далада жарақаттан осылайша емделген!
Жақын маңайдағы ауылдардың ең жақсы емші-балгерлері шақырылады. Жанайдардың өмірін сақтап қалу үшін молдалар келіп, дұға оқиды, үш жасар семіз бие құрбандыққа шалынады. Жанайдар үш күн, үш түн қимылсыз, есіне келе алмай жатады, ақырында көзін ашқанда, қасында қасықпен аузына су тамызып отырған Жеке батырды көреді. Кенесарының көрнекті екі серігінің арасындағы достығы осындай болған.
Жанайдар сауыққан соң екі батыр өздерінің достығын ұлы мен қызын атастырып, оларды күйеу бала мен қалыңдық деп атау туралы шартпен бекітеді. Балалары өсіп, бірнеше жыл өткенде Жанайдардың ұлы Мейрам Жеке батырдың Бадигүл есімді қызына үйленеді. Мейрам 70 жыл өмір сүріп, 1921 жылы қайтыс болады.
Жеке батырдың арғы ата-бабалары қырғыздар екен. Терісаққан өзені ағып жатқан Атбасар даласында Балуанкөл деп аталатын көл бар. Жергілікті тұрғындар Жеке батыр ауылының тұрғындарын Балуанкөл қырғыздары дейді екен. Сол тұста қазақтар арасында тұрған қырғыздардың тұтас отбасылары, өз малдары мен жайылымдары болыпты. Оның үстіне, қырғыздардың манабы Садырмен болған екі жылдық соғыстан кейін Абылай хан оны жеңіп, екі қырғыз руын алып келген, оларды Жаңа қырғыз және Бай қырғыз деп атап, Көкшетау жеріне орнықтырған. Алайда барлық құжаттар мен зерттеулерде, оның ішінде Е.Бекмахановтың әйгілі еңбектерінде Жеке батырды Арғын руының Орта жүз өкілдері деп көрсетілген. Бүгінде Терісаққан өзені ағып жатқан барлық жер және айнадай Балуанкөл орналасқан жер Ақмола облысының Атбасар ауданының аумағына кіреді.
Жанайдар мен Жеке батыр балалық шағынан бері бірге өскен, олар Кенесары қозғалысы басталғанда Сүйіндік руының қарулы жасағына басшылық етеді. Бұл рудың қариялары сұлтан мен болашақ ханның қозғалысына қосылу жөнінде шешім қабылдайды. Өзінің шыққан тегі қырғыздар болғанына қарамастан, Жеке батыр ақырғы күніне дейін Жанайдармен және Кенесарымен бірге болады, оның ішінде ханның Алатауда тұрып жатқан нағыз қырғыздарға сапары кезінде де қасында бірге жүреді. Кенесары мен Наурызбайдың қайғылы қазасынан кейін ғана, қазақ бірлестіктері мүлде бытырап кеткен соң Жеке батыр өзінің серіктесі Жанайдармен бірге кері қарай, шарапатты Сарыарқа даласына оралуды дұрыс көреді.
Жеке батыр тауының биіктігі 836 метрге тең.
Дереккөз: «Қазақ жерінің жүз аңызы» Орынбай Жанайдаров