Жаңалық

Жеңіс Қазанқапов: «Eurasian Book Fair» – үлкен интеллектуалдық алаң

Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары жұмысын бастаған «Фолиант» баспасының бүгінгі таңдағы қызметі, даму перспективасы елімізге ғана емес, алыс-жақын шет елдің азаматтарына да танымал. Қазақ еліндегі кітап нарығын әлемдік деңгейге шығарды. Баспа жыл сайын Астана қаласында халықаралық кітап көрмесін ұйымдастырып отырады. Кітап шығару ісінде трендтік жаңалықтарымен көпті қуантып, көпті сүйсінтіп жүрген баспаның жұмыс барысымен танысып,  «Көркем және балалар әдебиеті» бөлімінің басшысы, белгілі суретші, иллюстратор Жеңіс Қазанқаповпен әңгімелескен едік. Оқи отырыңыз, мархабат!

Ruh.kz: «Фолиант» баспасының тарихы, осы күнге дейінгі шығарған баспалық өнімі туралы мәлімет берсеңіз.

 Жеңіс Қазанқапов: «Фолиант» баспасы баспа ісі саласында 1996 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Баспаның құрылудағы негізгі мақсаты – кітап өнімдерін басып шығару және оны тарату. Қазіргі уақытта «Фолиант» баспасы оқулықтар, түрлі бағыттағы арнайы әдебиеттер, көркем әдебиет, балалар әдебиеті, ғылыми әдебиет, құқық саласындағы сан алуан кітаптарды; оған қоса көркем безендірілген фотоальбомдар басумен айналысады. Сондай-ақ республикадағы кәсіптік және техникалық  білім беру ұйымдарына арналған оқулықтар шығару ісімен айналысатын бірден-бір баспа орны болып табылады.

Ғылыми-көпшілік және балалар әдебиеті бөлімінен шығатын кітаптар топтамасы: «Ежелгі өркениет қазыналары» («Мысыр», «Майя», «Қытай», «Рим», «Ассирия мен Вавилон»), «Қазақ халық ертегілері», «Мені мазалайтын не?», Руф Сандерсонның ғажап ертегілері, «Таңғажайып оқиғалар», «Классикалық хикаялар», «Балалар энциклопедиясы». Барлық бөлім кітаптарының қатары жыл сайын толықтырылып отырады.

Ruh.kz: «Фолиант» баспасы – Астана қаласында өтетін дәстүрлі  «Eurasian Book Fair – 2019»  ІV Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің басты ұйымдастырушысы. Аталмыш кітап көрме-жәрмеңкесі туралы айтып берсеңіз.

Жеңіс Қазанқапов: Төртінші рет өткізілгелі отырған Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі – Қазақстанның елордасы Астана қаласында өтетін маңызды әрі ауқымды мәдени шара. Іскерлік және гуманитарлық әріптестікті дамыту және нығайту мақсатында ТМД, Еуропа және Азия елдерінің баспа, кітап саудасы ұйымдарын, мәдени және білім беру орталықтарын үлкен интеллектуалдық алаңға  біріктіретін аса ірі кітап форумы. Қысқасы, бұл кітап көрмесі – үлкен интеллектуалдық алаңға айналды.

Ruh.kz: «Eurasian Book Fair» Еуразиялық халықаралық  кітап көрме-жәрмеңкесін өткізудің негізгі мақсаттары қандай?

Жеңіс Қазанқапов: Аталмыш кітап көрме-жәрмеңкесінің мақсаты – еліміздегі іскерлік және гуманитарлық әріптестікті дамыту және нығайту. Қазақстандық баспа ісі саласын дамытуға, оны халықаралық деңгейге шығаруға атсалысу. Міне, сол себепті баспамыз жыл сайын ТМД, Еуропа және Азия елдерінің баспа, кітап саудасы ұйымдарын, мәдени және білім беру орталықтарының басын қосып, осы шараны жүзеге асырып келе жатыр.

Ruh.kz:  Мұндай ірі ауқымдағы  көрме-жәрмеңкесіне қандай елдердің баспалары қатысады? Әр елден келген әріптестеріңізбен тәжірибе алмасу үшін барысы қалай өтеді?

Жеңіс Қазанқапов:  Ресей, Франция, Италия, Польша, Венгрия, Грузия, Әзірбайжан, Тәжікстан, Румыния, Түркия, Қытай, Үндістан, т.б. көптеген елдердің баспа саласындағы ұйымдары қатысады деп күтілуде. Ал тәжірибе алмасуға келер болсақ, жыл сайын көрмеде танымал ақын-жазушылармен арнайы кездесулер, кітап таныстырылымдары, т.б. шаралар ұйымдастырылады. Түрлі баспагерлер мен кітап саудасы ұйымдары өздерінің қызметтерін ұсына отырып, өзара келісімдерге келіп жатады.

Ruh.kz: Осы іс-шара барысында көрермендер, қатысушы баспалар арасында конкурстар ұйымдастырылады ма?

Жеңіс Қазанқапов:  Жыл сайын баспагерлер арасында ең үздіктерін түрлі номинация бойынша марапаттаймыз. Ал оқырманға келер болсақ, әр баспаның жекелеген бағдарламасы болады. Соған орай түрлі шара ұйымдастырылады.

Ruh.kz: Қандай кітаптардың таныстырылымы өтеді деп күтілуде?

Жеңіс Қазанқапов: Ә. Тарази көп томдық шығармаларының 9-томы – «Көк аспанда қырағы көз бар», Ә. Сарай көптомдығының әңгімелерінен құралған 2-томы, Қ. Салғараұлының «Өмірбаян туған күннен басталады», К. Жүністегінің «Қалғып кеткен халықтың намысын оятқан», С. Негимов 5 томдық шығармаларының 2-томы – «Шешендік сөздер», түрік классиктері – Ә. Несиннің «Сиқыр айна» сатиралық әңгімелер жинағы, Р. Гүнтекиннің «Үзілген жапырақтар» романы, т.б. кітаптардың таныстырылымы өтеді деп күтілуде. Сондай-ақ көрмеге қатысатын әрбір баспа өзінің жаңа кітаптарын форум алаңында ұсына алады.

Ruh.kz:  2018 жылы өткізілген «Eurasian Book Fair» көрмесі ерекше мәдени-іскерлік бағдарламасымен де есте қалған болатын. Ал биылғы көрменің ерекшелігі неде?

Жеңіс Қазанқапов:  Өздеріңіз білетіндей, биыл «Жастар жылы» деп белгіленді. Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан көрмеміз де осы тақырыпқа бағытталмақ. Жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру,  кітап арқылы олардың бойында отаншылдық рухты дамыту, сондай-ақ талантты жас қаламгерлерді тарту болмақ.

Ruh.kz: Бұл көрменің қарапайым оқырманға пайдасы барын білеміз. Ал көрмеде сатылатын кітаптардың бағасы қандай болмақ?

Жеңіс Қазанқапов:  Меніңше, халықаралық деңгейдегі кітап көрме-жәрмеңкесі – кез келген кітапсүйер жанға мереке. Себебі, мұнда әр оқырманның талғамына сай келетін түрлі бағыттағы кітаптарды баспа бағасымен алуға болады. Әрине, көрмеде баспагерлерден бөлек, кітап саудасы ұйымдары да қатысады. Олардың бағасы да қолжетімді деп ойлаймын.

Ruh.kz: Ал қазақстандық баспалар шетелдің көрмелеріне қатысады ма? Қай елдерде біздің кітап туындыларымыз сұранысқа ие?

Жеңіс Қазанқапов: Иә, әрине, қатысып отырады. Өзімізге келер болсақ, біз жыл сайынғы Франкфурт, Болонья, Минск, Мәскеу, Стамбұл, т.б. ірі қалаларда өтетін халықаралық деңгейдегі көптеген кітап көрмелеріне қатысып тұрамыз.

Ruh.kz: Әңгімеңізге рақмет. Сау болыңыз!

Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button