ЖЕНТ ҚАЛАШЫҒЫ (Х-ХҮ ғғ.)
Х-ХІІ ғғ. Сырдарияның төменгі ағысы бойында орналасқан ірі ортағасырлық қала орны. Жалағаш ауданы, Аққыр ауылынан оңтүстікке қарай 30 шақырым жерде орналасқан. Қалада мұсылман дінін ұстанған түркі тайпалары қоныстанған. Осы аймақта орналасқан Жанкент, Баршынкент, Ашнас (Асанас) қалалары Жент өлкесінің қалалар тобын құрады. Жазба деректерде қаланың оғыз-қыпшақ иелігінде болғанын, 1138-1152 жж. Қараханидтер билігінде, кейін моңғол шапқыншылығына ұшырағанымен, саудагерлер пайда табу мақсатымен келетін базары болғанын, ХІ ғасырда Арал теңізі Жент теңізі аталып, мұнда анадолы түріктерінің атасы Селжұқ жерленгені айтылған.
Жентті П.И.Лерх (1870 ж.), Каллаур (1900 ж.), И.Кастанье (1910 ж.) т.б. өз еңбектерінде атағанымен, орнын нақтылай алмаған. С.П.Толстов алғаш рет 1946 жылы Жент қаласының орнын көрсетіп, үстіңгі бетінен жинаған деректер бойынша, оның жасын ХІІ-ХҮІ ғғ. деп тұжырымдады. Зерттеушінің пікірінше, ХІІ-ХІІІ ғғ. Жент Хорезм мемлекеті дүниежүзілік державаға айналу барысында тіректі қаласының бірі болған. Кейін 1958 жылы Б.В.Андрианов, 1961 жылы С.П.Толстов ескерткіш орнында зерттеу жұмысын жүргізді.
1946 жылы Сырдария мен Әмударияның аралығында орналасқан ескерткіштерді толық аралап шыққан С.П. Толстов Женттің негізгі орнын тапты. Ол Қызылордадан 115 км жерде орналасқан Жанқала жұрты. Жанқалада 1946-48, 1957-58 жж. Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы (жетекшісі Толстов) зерттеу жүргізіп, жиналған қыш ыдыстардың негізінде қала Х-ХІІІ ғасырлар аралығында болған деп топшылады.
Моңғол шапқыншылығынан кейін Жент қаласы қайта жанданып, Сыр өңіріндегі ірі мәдени-экономикалық орталыққа айналды. Қалада ақша сарайы жұмыс істеп, күміс және мыстан соғылған теңгелер шығарылды. «Моңғол шапқыншылығына дейін Жент үлкен қала болатын. Қаншама зобалаңға ұшыраса да ол сауда-саттыққа қолайлы қала болып қала берді… Бұл жерде әлі күнге дейін сауда орны жұмыс істейді. Саудагерлер өз саудаларын мақтап, табысты екендеріне бәсекелеседі. Қала базарлары көл-көсір… Ол жерде ылғи да таразы басы құбылып тұрады»,-деп жазды ХІІІ ғасырдың тарихшысы Жамал Қаршы.