Жаңалық

"Жерұйық" фильмі қуғын-сүргін заманның шындығын көрсетті

Режиссер Сламбек Тәуекел мен сценарийші Лаврентий Сон түсірген «Жерұйық» фильмі Кореяның астанасы Сеул қаласында көрсетілді. Көрерменнің жоғары бағасын алған туындыға киносыншылардың өз пікірі бар.

Кинолента 20 ғасырдың отызыншы жылдарында болған Қазақстанға жаппай жер аудару туралы баяндайды. Кореядағы көрсетілімді «Корея-Орталық Азия» Ынтымақтастық форумының хатшылығы, Қазақстан елшілігі мен «Қазақфильм» ұйымдастырған.

«Жерұйық» фильмі 2011 жылы жарық көрді, бірақ Кореяда ресми түрде алғаш рет көрсетілген еді. Фильм еліміздегі ірі киностудиялардың бірінде корей тіліне аударылып, титрленген. Оған екі ай уақыт қажет болды, дейді мамандар.

Әрине, ерекше атап өтуге болатын қазақ фильмдері аз емес. Дегенмен, орны бөлектері бір төбе. Мәселен, запыран заманның зарын бере алған «Жерұйық» фильмі зорлық-зобалаңды шебер бейнелей алғанымен құнды.

Бұл көркемфильм 1937 жылы Қиыр Шығыстан кәрістер жер аударылған Алматы облысы, Үштөбе ауылында өскен сценарист Сон Лаврентийдің балалық шағы туралы десек те болады. Бірақ фильмнің сценарийін Лаврентий Сон мен Сламбек Тәуекел бірлесе отырып жазған екен.

Кезінде Корей ұлттық театрында «Жад» («Память») деп аталған қойылым сахналанды. Ол драмада корейлердің Қазақстанға депортациялануы көрсетілген еді. Сол қойылым кезінде көрермен залында отырған Сламбек Тәуекел туындыдан ерекше шабыт алып, Лаврентий Сон мырзаға осы тақырыпты кеңінен аша түсетін «Жерұйық» деген атаумен көркем фильм түсірсек деген ұсыныс тастапты. Ол фильмде қазақ еліне жер ауып келген корей, неміс, еврей, поляктар, шешендер, түріктер, күрдтер, тағы басқа да халықтар жайында, бастарынан кешірген ауыр тағдырларына тереңірек үңіліп, сол жайында көрсетілсе деген мақсат тұрған, дейді Сламбек Тәуекел.

 

Сламбек Тәуекел, кинорежиссер

Фильмнің басты идеясы — Қазақстандағы көпұлттылық­тың пайда болуын көрсету. Қазақ халқы отандастарымызды жылы қарсы алып, оларға мейірімділік танытты. Бұл фильм Корей елінде бұрын да көрсетілген. Қазақстанға келіп те талай шет елдік бұл туындымызбен танысқан еді. Жарық көргелі 8 жылдың жүзі болса да, бағаланып, көрерменін тауып жатқаны, әрине, Лаврентий екеумізді қуантады.

Сценарийі үш айда жазылып біткен фильм 2009 жылғы қарашадан 2010 жылдың қараша айына дейін Қаратал өзенінің бойында түсірілген.

Қазақ халқының қанына сіңген қонақжайлықты дәріптеген бұл көркем фильмдегі басты рөлдерді Болат Әбділманов, Назгүл Қарабалина, Сергей Попов, Бағлан Әбдіраимов, Тамара Қосубаева, Алтынай Нөгербек, Меңтай Өтепбергенов, Алексей Шемес сынды дарынды әртістер сомдаған. Алғашында «Атажұрт» деп аталып, кейіннен «Жерұйық» болып өзерген бұл фильмнің сюжеті қасіретті жылдардың ауыр жағдайында ізгілік пен адамгершілікті алға қойған Қазақстан халқының достығын бейнелейді.

«Адамзаттың бәрін сүй, ба­уырым деп». Ұлы Абайд­­ың осы сөзін беташар қылған кинолентаның көтерген жүгі барынша ауыр. Сталин заманындағы өзге  ұлттарды қазақ жеріне қоныстандыру саясатының құрбандарын және олардың бастан кешірген ауыр да, азапқа толы тағдырларын осы фильмнен көре аламыз.

Ұжымдастыру, ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, соғыс сияқты небір зобалаңға тап келсе де, адалдығынан айнымаған, тектілігін жоғалтпаған, ізіне шам алып түскен сатқындардың сөзіне арбалмай, бір-бірін отқа итермеген мәрт адамдардың ерлігі еріксіз таң қалдырады. Кәріс, неміс, түрік, шешен, күрд және басқа да ұлттар амалсыз туған жерінен алыстап қазақ еліне келген кезде қатты жатсынады. Бірақ бауырмал қазақ халқы оларды төріне шығарып, бір үзім нанын да бөліп береді. Фильмде жұрттың берекесі мен бірлігін ойлап, елдің қамын жейтін нар тұлғалы азамат Орынбай – өмірде болған кейіпкер. Ол өз туған жерінен амалсыз көшіріліп әкелінген әртүрлі  ұлттарды жатырқамай, бауырына басады. Міне, қазақтың қазақшылығы да осында ғой… Нағыз бұқпасыз шындықты дәл көрсеткен көркем туынды сапасы жағынанан да ешқандай фильмдерден кем емес. Фильм соңы мәрт азамат – Орынбайдың Сібірге жер аударылуымен аяқталады.

Бүгінге дейін кино өнері туралы бірқатар кітаптар шығарған, 100-ден астам мақалалар, рецензиялар, сұхбаттар мен зерттеулердің авторы, кинотанушы, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Назира Рахманқызы «Жерұйық» фильміне қатысты өз ойын былай деп білдірді:

–  «Жерұйық» – бұрын қазақ киносында көтерілмеген, көрсетілмеген тақырыпты қаузаған фильм. Орта Азияға, Қазақстанға депортацияланған халықтар туралы тақырып Кеңес Одағы кезінде жабық тақырыптар қатарында болатын. Сондықтан бұл тақырыпқа арналған фильмдер арнайы түсірілмеді. Бірақ өткен ғасырдың 60-шы жылдарында түсірілген бір-екі фильмде ашық айтылмаса да, емеурінмен көрсетілген сәттері болды. Осы ретте, әсіресе, 1965 жылы жарық көрген Шәкен Аймановтың «Атамекен» фильмін айтуымыз керек.

Фильмде немересімен бірге ұзақ сапарға шыққан бас кейіпкердің (Елубай Өмірзақов ойнайды) пойызбен кетіп бара жатып, бір станцияда шешен қариямен кездесетін эпизод бар. Осы эпизодтан ұғатынымыз – жаңағы шешен қария өзінің туған жерін, елін аңсап, тіпті пойыздың ішінде де емес, үстінде кетіп бара жатады. Және оның іс-әрекетінен, бет-жүзінен ашық та емес, жасырын кетіп бара жатқанын сеземіз. Фильм авторлары осы бір ғана кейіпкері арқылы Қазақстанға, жалпы Орталық Азияға мәжбүрлі түрде көшірілген қаншама жанның тағдырын көрсетті. Әрине, фильмде ол ашық айтылмайды. Кеңес үкіметі тұсындағы цензура оған мүмкіндік бермейтін де еді. Бірақ Шәкен Айманов бәрібір сол шешен қария арқылы кіндік қаны тамған туған жерін бір көруге зар қылып, жасырын баруға мәжбүр еткен кеңес саясатының сұмдық көрінісін бере  алды. «Атамекендегі» осы кейіпкер «Жерұйық» фильміндегі қазақ жеріне күштеп көшірілген қаншама ұлт өкілдерінің жинақталған бейнесі іспетті.

Осы тұста өткен ғасырдың 60-шы жыдары түсірілген тағы бір фильм туралы айтқым келіп отыр. Бұл –жазушы Әкім Таразидің сценарийі бойынша режиссер Мәжит Бегалин түсірген «Тұлпардың ізі» фильмі (1964). Фильм эпизодтарының бірінде той күнгі дастархан басында түрлі ұлт өкілдері (түрік, шешен, т.б.) отырады. Оны кейіпкерлердің кескін-келбетінен, үстеріндегі киім үлгілерінен айқын аңғаруға болады. Әрине, фильмнің айтар ойы да бұл кейіпкерлер туралы емес. Тақырыбы, идеясы басқа шығарма. Бір қарағанда той дастарханы басында отырған түрлі ұлт өкілдерінде тұрған не бар деуіңіз де мүмкін. Бірақ олар сонау 60-шы жылдары қазақ ауылында өз өзінен пайда болған жоқ қой… Киноның құдіреті дегеніміз осы: «Тұлпардың ізіндегі» жаңағы кейіпкерлер де, «Атамекендегі» шешен қария да эпизодтарда ғана көрінсе де, өз уақытының белгісін, дерегін қалдырып үлгерді. Осындай емеурін жасалған фильмдер болды, бірақ тікелей бұл тақырыпқа арналған алғашқы толықметражды көркем фильм – «Жерұйық» екенін айтуымыз керек.

Фильм сценарийін жазған Лаврентий Сон да корей халқының өкілі. Оның да атасы, әкесі Қиыр Шығыстан қазақ жеріне көшіп келген. Ол өзінің сценарийінде атасы мен әкесі секілді  қаншама адамдардың тағдырын бейнеледі. Ал режиссері Сламбек Тәуекел – бүкіл саналы ғұмырын қазақ киносына арнап келе жатқан үлкен тұлғалардың бірі. Ол тек «Батыр Баян», «Махамбет», «Жерұйық» секілді көркем фильмдерді ғана түсірген жоқ, сонымен қатар, «Мұң», «Сағыныш», «Төзім», «Сәтбаев: ғасыр адамының толғауы» атты деректі фильмдері бар. Жалпы Сламбек Тәуекелдің қай фильмінде болмасын, қазақ халқының, оның біртуар ұл-қыздарының тағдыры көрсетіледі. «Жерұйық» та осындай фильмдерінің қатарынан екенін айтуымыз керек.

Бұл фильм басқа елдерден көшіп келген халықтардың тағдыры, оларды құшақ жая қарсы алған қазақтың бейнесін аша алған дүние. «Жерұйық» авторлардың жүрек түкпірінен жарып шыққан фильм екендігі көрінеді. Фильмнің тақырыбы да, идеясы да ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Өйткені ол – қандай қиын кезең болса да, адами қасиетіңді жоғалтпау туралы ғой. Адамгершілік, мейірім, парасатпен жасалған жақсылық ешқашан ұмытылмайды. Бұл қағиданың мәңгілік өзгермейтініне осыдан бес-алты жыл бұрын Кабардин-Балқар еліне іс-сапармен барған кезімде көзім тағы да жете түсті. Сол жолы түрлі жастағы, түрлі салада қызмет істейтін адамдардың көздеріне жас алып, қазақ халқына ерекше ілтипаттарын білдіріп, қазақ халқы оларды қалай аман алып қалғаны туралы айтқан әңгімелерін өз құлағыммен естідім. Кезінде қазақтың жасаған жақсылығын олар ұмытпаған. Қай қазақты көрсе де, рахметін айта жүретініне куә болдым. Жақсылық ешқашан ұмытылмайды деген осы. Сондықтан өсіп келе жатқан ұрпақ үшін бұл фильмнің баға жетпес дүние екендігі сөзсіз, – дейді кинотанушы Назира Рахманқызы.

«Жерұйық» фильмін Қазақстан халықтар Ассамблеясының кезекті сессиясында Елбасының өзі атап өтіп, жоғары бағасын берген болатын. Аталмыш туынды көптеген шет елдерде көрсетіліп, көрерменнің көңілінен шықты. Сондай көрсетілімдердің бірінде бір көрерменнің фильм соңында айтқан сөзі ерекше әсерлі болды, – дейді фильм режиссері Сламбек Тәуекел.

–      Есімде қалған бір көрсетілім бар. Шешенстанда болған жағдай. Грозныйда бір көрсетіп, сосын Дағыстандағы Хасавюрт қаласының спорт сарайында фильмді таныстырған болатынбыз. Бір қызығы, Шешенстан тұрғындарының барлығы қазақ тілін түсіне ме деп қалдым сол жерде. Фильм көрсетіліп болғаннан кейін бір ақсақал орнынан тұрып, «Қазақ халқының бақыты үшін шешен шалының бір басы керек болатын болса, мен өз басымды қазір беруге дайынмын, деді. Себебі біздің халықты халық ретінде сақтап қала алған – осы қазақтар. Бұл үшін шешен халқы қазақтарға мәңгілік қарыздар екенін мен өз ұрпағыма үнемі өсиет етемін», деді. Әрине, бұлай деуіне нақты не себеп болғанын мен айта алмаймын. Бірақ тарихты оқысақ, біздің фильмде де шешен ақсақалының ролін ойнаған ресейлік актер Дагун Омаев та біздің Шығыс Қазақстан облысында туған азамат. Жалпы шешен халқы ақсақалдарының басым көпшілігі Қазақстанды екінші Отаны деп есептейді. Белгілі саясаткерлерінің арасында да кіндік қаны Қазақстанда тамғандары бірталай. Олардың барлығы соғыс кезінде, қатты қиналған кезде біздің елге депортацияланған адамдар.

Бұл фильм әлі де таралып, 8 жылдан бері жыл сайын 1 мамыр мерекесінде, саяси репрессия құрбандарын еске алу күнінде, басқа уақытта да теледидардан жиі көрсетіліп келеді.

Жалпы қазақ киносының жағдайына тоқтала кеткен Сламбек Тәуекел қазір өзінің Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде сабақ беретінін айтты. Жас кинематографистерді дайындайды. «Кезінде «Қазақфильм» киностудиясында жетекшілік етіп жүргенімде қазақ киносының өзекті проблемасы – кадр жетіспеушілігі еді. Қазір Қазақстан бойынша кино мамандарын дайындайтын үш оқу орны бар. Бірі – Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, екіншісі – Тұран университеті және Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университеті. Соңғысының ректоры Айман Мұсақожаева киномамандарын дайындау ісін белсенді түрде қолға алып жатыр» – дейді Сламбек Тәуекел.

 

Қазір кино түсіру ісімен тек «Қазақфильм» ғана емес, жеке киностудиялардың да айналысып жатқанын айта кету керек. Бұл еліміздегі кино өнерінің дамуына қосылып жатқан үлкен үлес екені белгілі. Елімізде кино саласында түрлі байқаулар мен фестивальдер де жиі ұйымдастырылуда. Бұрын  тек «Еуразия», «Шәкен жұлдыздары» халықаралық кинофестивальдері болса, қазір «Алматы кинофестивалі», «Бастау», «Байқоңыр», «Сарыарқа», Павлодарда «Ертіс» қысқаметражды фильмдер, енді олардың қатарына «Ұшқын» студенттік фильмдер фестивалі қосылды. Айта кету керек, жақында ғана өткен ІІ «Ұшқын» халықаралық студенттік фильмдер фестивалінде Сламбек Тәуекелдің шәкірті Еламан Шаубанов «Бауыр» деген фильмін ұсынып, Бас жүлдені жеңіп алды. «Бауыр» фильмі де атауы айтып тұрғандай, бауырластық тақырыбын қозғаған екен.

Айнұр Нұрманғалиева, Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button