Жетістікке жеткен атақты бес кәсіпкер өнімділік бойынша өз ойларымен бөлісті
Кәсіп жасау көрінгеннің ермегі емес. Ол үшін нақты мақсат, анық әрі айқын қадамдар жасалуы шарт. Сондай-ақ, бүгінгі нарықта кәсіпті дөңгелетіп, жетістікке жету үшін де білімнің рөл ойнайтыны белгілі дүние. Кәсіпкерлік білім алу үшін осы салада үлкен жетістіктерді бағындырған азаматтардың кеңес-пікірлеріне құлақ түре білген жөн. Елбасымыз да өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында азаматтарға ешқандай бастаманы бастаудан қорықпай, батыл болуды міндеттеп берген еді. Бұл міндеттемелер алдағы уақытта кәсіп саласында өз жемісін бере бастайтыны анық. Аталған міндеттемелердің іске асуына кішкене де болса үлес ретінде біз биік шыңдарды бағындырған кәсіпкерлердің пікірлерін, пайдалы кеңестерін ұсынуды жөн көрдік.
Ричард Брэнсон: Ұқыпты болуды бірінші жолға қойыңыз
«Егер сіз өз кәсібіңіздің өнімділігін арттырғыңыз келсе, барлығын басынан бастаңыз. Уақытты есептеңіз», – дейді Virgin Group компаниясының негізін қалаушы.
Брэнсонның айтуынша, ұқыптылық адамдардың бір-біріне деген құрметін білдіреді. Сондай-ақ, ұқыпты адам өз уақытын да, өзгенің уақытын да зая кетірмеуге мүмкіндік береді.
Әрине, өмірде түрлі жағдайлар орын алуы әбден мүмкін. бірақ Брэнсон өзінің жеке тәжірибесінде сондай жағдайлар кезінде де уәделі орынға уақытында баруға тырысады екен.
«Ұқыпты болу өзіңізге өте қатаң кесте құрып қою деген сөз емес. Ұқыптылықты барлығын тұрақты түрде бағамдап, ұйымдастырып отыруды дағдыға айналдырсаңыз, өзі-ақ келеді», – дейді Брэнсон.
Тони Роббинс: Қалаған ісіңізбен айналысыңыз
Мақсаттың айқын болып, оның нақты қадамдар арқылы жүзеге асуы – қалыпты әрі дұрыс бағыт. Дегенмен, адам робот емес. Оның жан дүниесі қаламаған кәсіппен айналысқысы келмейтіні бесенеден белгілі.
Мұндай кезде жасалуы керек жұмыстар тізімін жан қалтаңызға салып қойыңыз. Ойша жедел жоспар құрап, сол арқылы өнімділікті құлдыратып алмайтындай әрекет етіңіз.
«Өзіңіздің не қалайтыныңызды айқын анықтап алыңыз», – дейді Роббинс.
Демек, осы ретте ғана адамның жоспарда тұрған дүниені атқаруға деген құлшынысы артып, кәсібіне береке ене бастамақ. Ал мәжбүрлі түрде жұмыс жасағандардың кәсібі артқа кетпесе, алға баспайтыны уақытпен дәлелденген.
Нил Блументаль: Пайда әкелмейтін кездесулерден аулақ болыңыз
«Адамдар пайдасыз жиналыстар мен кездесулерде сағаттап отыру арқылы жұмысқа деген ынтасын жоғалтады және өздерін барлық тұрғыдан ыңғайсыз сезінуі ықтимал», – дейді Warby Parker компаниясының негізін қалаушылардың және директорлардың бірі Блументаль.
Мән-мағынасыз жиналыстарды өткізе бергеннен гөрі қызметкерлерге ақыл-кеңесті тәжірибе барысында беріп отырған жөн. Осы арқылы ұжымның өнімділік деңгейі де артып, жұмысқа деген ынтасы да жоғарылай бермек.
Сондай-ақ кәсіпкердің айтуынша, қызметкерлердің залда отырып тыңдаған ескертпесі мен ақыл-кеңесі тәжірибе уақытында айтылса, бұл аталған қателіктердің келесі жолы қайталанбауына әсер ететін фактор.
Бун Пикенс: Құжаттарды назарыңызда ұстаңыз
Кейде есеп беретін құжаттардың көптігі, ақпараттың молдығы адамның көңіл-күйіне қатты әчер етіп жатады. Қазіргі уақытта әрбір минут бағалы. Демек, құжаттамалар жөнінде қажетсіз ақпараттардан арылу қажет.
Атақты кәсіпкер өзінің жазбаларында құжаттарды әрдайым өз назарыңда ұстап, қажетті дүниелерді ғана енгізіп отыруға бейімделуді жөн деп санайды. Бұл – артық қағазбастылықтан арылудың және өзіңнің еңбек ету қиындығыңды жеңілдетудің бірден бір төте жолы.
Сондай-ақ, қағаз жүзінде есеп берілген жұмыстардың қорытындысын тексеруді дағдыға айналдыруды қажет деп санайды танымал кәсіпкер. Бұл әрекет арқылы сіз өзіңіздің ұжымыңызда, қарамағыңызда қызмет жасайтын азаматтардың құр сөзбен ғана емес, із жүзінде де еңбектеніп жатқанына көз жеткізесіз.
Басшы ретінде барлығының өз орынында, жоспар бойынша жұмыс жасалып жатқанын көру – бір ғанибет.
Мэйнард Вебб: Сенім арт, бірақ тексер
«Мен әрбір істен үздік нәтижелер күтемін. Сондықтан, кез-келген бастамамда жұмыстың нақты жоспар бойынша дұрыс орындалып жатқанына көз жеткізуді жөн деп санаймын», – дейді Yahoo басшысы.
Вебб сенімін келесі түрлі қадамдар арқылы нақтылап отырады:
– адамдардың қай уақытта нені жасау керектігін түсінгеніне көз жеткізу;
– әрқашан байланыста болу;
– адамдарды мәселелермен бөлісуге дағдыландыру;
– шұғыл сұрақтар мен жалпы сұрақтарға жауап табудың уақыттарын анықтау;
– адамдарға не жасау қажеттігін айтудың орынына сұрақтар қою.
Жетістікке жеткісі келген адам қарапайым адамға қарағанда үш есе көп жұмыс жасайды және уақытын үнемдей алады. Оның басты ерекшелігі – осы.
Сондықтан, Вебб әрқашан өз кәсібіне ұқыптылықпен қарап, тұрақты түрде тексеру жұмыстарын жүргізіп, өзіндік қадағалау жүргізіп отыру арқылы дағдарыс пен құлдыраудың алдын алуға болатынын айтты.