Жамбыл облысы

ЖЕТІТӨБЕ ҚОРЫМЫ (ерте темір дәуірі)

Орналасқан жері: қазақ даласында Жетітөбе атауымен жиі кездесетін елді мекен, төбе, қорымдардың қатарында. Олардың әрқайсы қандайда бір тарихи оқиғалармен сабақтас. Жамбыл өңіріндегі ерте темір дәуіріне жататын Жетітөбе археологиялық ескерткіші Жамбыл ауданы, Ақбұлым ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 5 шақырым жерде, тауалды жазықта орналасқан.

Жетітөбе қорымы облыстық жергілікті маңызы бар мемлекеттік тарихи-мәдени ескерткіштердің тізіміне, 2017 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген.

Қорым екі қатар тізбекте орналасқан обалар тобынан құралған. Шығыс жағындағы тізбекте көлемдері ірі келген жеті оба орналасқан. Ескерткіштің атауы да осы обаларға байланысты шыққан.

Қорымға ХІХ ғ. орта шенінен бастап әр жылдарда ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, алтын және басқа да металдан жасалған әшекей қалдықтары мен бөлшектері табылған. Жәдігерлер сақтардың «аң стилі» деп аталған өзінше бір ерекше үлгідегі өнер туындыларына тән.

Қорымнан табылған алтын бұйым қалдықтары мен ондағы қайталанбас әшекейлер сақ дәуірінде метал өңдеудің жоғарғы дәрежеде дамығандығын көрсетеді. Ал осы бұйымдарда көрініс тапқан өрнектердің мазмұны олардың дүниетанымын аңғартады.

Сақ заманында кен ісі мен руда шикізатын өңдеу өткен дәуірмен салыстырғанда едәуір ілгеріледі. Одақты сақ көсемдерінің кеңесі сайлаған патшалар билейді. Тайпа көсемдерін тайпа мүшелері сайлаған. «Патшалар қорымы» саналатын обаларда сақ билеушілері жерленгендігі олардың алтынмен апталған киімдері мен билік нышандары арқылы белгілі болып отыр.

Сақ қоғамында діни нанымдар мен ғұрыптардың негізгі атрибуттары ата-баба аруағына сиыну болды. Рудың арнайы қорымдары болған, оған өлген адаммен бірге оның дүние-мүлкін қоса жерлеген. Рулық қорымдар қыстаулар мен тұрақтарының маңында болған. Өлгендердің бәрі әдетте жылдың қай мезгілі болса да осы жерге жеткізіліп жерленетін болған.

Жетітөбе қорымы да осындай сақ дәуірінен жеткен тарихи маңызы жоғары ескерткіш кешені болып табылады. Ерте көшпелілер заманындағы өлілер мекені ретінде орныққан қасиетті орындардың бірі.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button