Елордада «Жібек Жолы – диалог жолы» халықаралық экспедициясының аяқталуына орай «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігі ғимаратында БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз жиыны өтті. Экспедиция ҚР мәдениет және спорт министрлігіне қарасты туризм индустриясы Комитетінің бастауымен жүзеге асты.
Жиында «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы төрағасының орынбасары Дүйсенғалиев Тимур Талашұлы, экспедиция жетекшісі Ахмеджанов Әбілқайыр, экспедиция қатысушылары: саяхатшы және «Nomad 4X4» компаниясының негізін қалаушы Қанат Сағнаев, «Хабар 24» телеарнасындағы «Дархан дала» авторлық жобасының жүргізушісі Жұлдыз Рахмет, «QazaqGeography» РҚБ баспасөз хатшысы Айжан Жұматаева сөз сөйледі.
Жобаның негізгі мақсаты – экспедиция кезінде туристік нысандарды тізбектеу, инфрақұрылымды жақсарту бойынша ұсыныстар енгізу және жаңа туристік бағыттарды құру арқылы ішкі және сыртқы туризмнің әлеуетін дамыту болды және трансшекаралық маршруттарды дамыту.
Шетелдік қонақтар Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан тарихымен танысуға және осы аумақта өмір сүрген байырғы халықтар мәдениетін тамашалауға қызығушылық танытады. Сонымен қатар, алыс мемлекеттерден ат терлетіп келген туристер бір сапармен бірнеше елді аралап кеткенді ұнатады. Сондықтан экспедиция маршруты үш елді қамтығаны бекер емес.
Аталмыш экспедиция «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның мәдени-географиялық объектілерінің туристік әлеуетін пайдалану міндетін толық жүзеге асырылуына едәуір үлес қосатындығын атап өткен жөн. Сонымен қатар, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында да алға қойылған міндеттерді орындауға көмектеседі.
Экспедиция құрамы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан бағытынан тұратын он үш күндік экспедицияда болды. Қатысушылар құрамы білікті журналист, фотограф, телеарналар түсірілім тобы, туристік блогерлер мен туроператорлардан тұрды. Сапардың нәтижесі бойынша еліміздің табиғи нысандары бойынша жаңа туристік бағыттар, сапалы фото-және видеобанктер құрылды. Олардың қазіргі жағдайы туралы өзекті ақпарат алынып, иллюстрацияланған жолнұсқа жасалды. Бұл ақпарат көршілес Қырғызстан, Өзбекстан және отандық туроператорларға берілетін болады.
Экспедиция құрамы келесі бағыт бойынша жүріп өтті: Алматы қ. –Есік – Шарын – Көлсай – Қарақол – Кәжі-Сай (Каджи-Сай) – Токмок – Суусамыр – Талас – Тараз – Ақмешіт үңгірі – Сауран – Түркістан – Арыстан-баб – Отырар – Шымкент – Ташкент – Самарқан – Қазығұрт – Мерке – Таңбалы – Алматы қ.
Қатысушылардың ерекше саяхаты Алматы облысының көрікті жерлерінен басталды: Үлкен Алматы көлі (БАО), Медеу, Шымбұлақ, Шарын шатқалдары. Одан әрі «Тянь-Шаньның көк маржаны» аталып кеткен Көлсай көлдеріне қарай жол тартты. Үшінші күні Қырғызстан шекарасынан асып, үш күн бойы қатысушылар Ыстықкөлдің әкімшілік орталығын және Қарақол қаласын, Жеті-Оғыз шатқалын, Теріскей Ала-Тоо жотасының солтүстік баурайында орналасқан Барскоон шатқалын аралады.
Әрі қарай қатысушылар Ұлы Жібек жолының орталығында орналасқан Азия мен Еуропа арасындағы сауда жолдарын біріктірген Ежелгі Таразға табан тіреді. Мұнда олар көптеген тарихи ескерткіштермен: Қарахан кесенесі, ежелгі сәулеттің нағыз шедеврлері – Бабажи-Хатун мен Айша бибі кесенелері, Ақыртас және ежелгі Тараз археологиялық кешенімен танысты. Одан әрі қатысушылар көршілес Өзбекстанның ерекше жерлерін аралап, жоба 1-қыркүйекте Алматы қаласында аяқталды.