Жаңалық

ЖОО басшыларының кеңесі өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның төрағалығымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуы жөнінде жоғары оқу орындарының ректорларымен жұмыс кеңесі өтті.

Алқалы жиынды Аида Ғалымқызы ашып беріп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 3 жыл бойғы іске асырылу барысы, қоғамдық сананы жаңғырту аясында білім беру саласының өзекті мәселелері туралы, сондай-ақ алда орындалатын негізгі міндеттер жайын қозғады.

«Рухани жаңғыру» – халықтың бағдарламасы. Бағдарламада көрсетілген әр жоба халықтың игілігіне, өсуі мен дамуына қызмет етуге тиіс. Қазақтың жүріп өткен жолын бүгінгі күн тілімен сөйлете отырып, тарихты трендке, ұлттық құндылықтарды брендке айналдыру арқылы қазіргі қоғамдық сананы жаңғырту – бағдарламаның басты міндеті. Біз ондағы жобалар арқылы қазақ баласын қазақ даласының әрбір тасын қастерлеуге үндейміз. Сондықтан да бағдарлама жұмысы әрі қарай жалғасып, жаңа жобалармен толықтырылмаса, аяқталмайды», – деді Аида Балаева.

Аталған маңызды отырысқа Қыздар университетінің Оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры Е.Н. Жұманқұлова және «Рухани жаңғыру» Жобалық кеңсесінің жауапты үйлестірушісі Г.Ө. Байташева қатысты.

«Арулар ордасында бағдарламаны жүзеге асыру бойынша жылсайынғы жоспар шеңберінде ауқымды жобалар қолға алынған. Біразы орындалып, жаңа жобалармен толықты. Бағарламалардың біреуі қазақ қыздарына арналса деген тілегіміз бар. Өйткені «тәрбие тал бесіктен басталады». Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қыздар университетіне келген сапарында: «Бір қызды тәрбиелеу бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей», деген еді. Ендеше тәрбиені әуелі қаракөздерімізден бастаған жөн шығар деп ойлаймыз», – деді Гауһар Байташева.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button