Жаңалық

«ЖОО үздік оқытушысы – 2020» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Еліміздің 46 жоғары оқу орнынан 150 адам «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болды. Олардың әрқайсысы 5 834 000 теңге мөлшеріндегі грантты жеңіп алды деп хабарлайды Ruh.kz порталы Білім және ғылым министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

ЖОО  мұғалімдері арасындағы байқауға биыл  республиканың 73 жоғары оқу орнынан 623 үміткер қатысты.

Үміткерлерді іріктеу және құжаттарды тексеру рәсімі алғаш рет ақпараттық жүйенің көмегімен онлайн форматта өткізілді. Байқауға қатысушылардың қызметі оқыту сапасы мен ғылыми-зерттеу жетістіктері бойынша бағаланды.

Сала басшысы Асхат Аймағамбетов білім және ғылым жүйесі үшін мұндай байқаулардың ашық түрде өтуі маңызды екендігін ерекше атап өтті.

«Пандемия кезінде еліміздің жоғары білім беру жүйесі маңызды сынақтан өтіп, ЖОО-лардың жұмысы жақсы деңгейде ұйымдастырылды. Осы ретте сын-қатерлерді мүмкіндік ретінде қабылдауға тиіспіз. Қандай да бір қиындықтар мен қолайсыздықтарға қарамастан, қазақстандық оқытушылар бұл жағдайға тез бейімделді. Бүгінгі таңда біздің алдымызда оқытушының беделін арттыру, еңбек жүктемесін азайту, еңбекақыны көбейту, оқытушыларды өзіне тән емес функцияларға тартуға жол бермеу бойынша және еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған басқа да бірқатар маңызды міндет тұр. Мен байқау жеңімпаздарын бұл марапатпен шын жүректен құттықтаймын және әрқайсысына мықты денсаулық, толағай табыс пен отбасы амандығын тілеймін», – деді Асхат Аймағамбетов.

Мұғалімдер өз кезегінде биылғы байқаудың ерекшеліктеріне тоқталды.

«Биыл ҚР БҒМ-мен енгізілген өзгерістерге сәйкес байқауға құжаттарды қабылдау рәсімі айтарлықтай жеңілдетілгені қуантады. Бұрын-соңды бұл көп уақытты талап ететін. Жалпы бұл марапат оқытушыларды ынталандырып, шығармашылық тұрғыда дамуына мүмкіндік береді», – деп атап өтті Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы Әсел Төлебекова.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button