Жұлдыз ғұмыр
Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейінде Алаштың біртуар азаматы Смағұл Садуақасұлының 120 жылдың мерейтойына арналған еске алу кеші өтті.
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған жиын қонақтарының назарына алдымен Алаш қайраткеріне арналған «Жұлдыз ғұмыр» деректі фильмі ұсынылды. Смағұл Сәдуақасұлының анасы 18 құрсақ көтерген. Содан Смағұл мен қарындасы Орынбасар екеуі өсіп-өнген. Смағұл Алихан Бөкейхановтың қызы Элизаветаға үйленіп, екеуі Ескендір атты ұл сүйеді.
1921 жылы Семей губерниясын, 1923-1924 жылдары Қазақстан жоспарлау комитетін, 1925-1927 жылдары Халық ағарту комиссариатын басқарды. Негізгі қызметімен қабат «Еңбек туы», «Еңбекші қазақ», «Қызыл Қазақстан» басылымдарына редакторлық жасады. «Сәрсенбек» романы, «Салмақбай-Сағындық», «Күміс қоңырау» повестері, «Салмақбай, Махамбет», «Аптономия» әңгімелері мен әдеби-сын мақалалардың, танымдық кітаптардың авторы.
Саяси қайраткерлігінің елеулі белесі – Мәскеу Қазақстанды басқаруға жіберген Ф.Голощекинмен ашық күресі. Ол қазақ жағдайын мүлде білмейтін большевизм функционеріне қарсы ұлт зиялыларын көтере білді. Қайраткер 1927 жылдан бастап саяси қызметтен қуғындалды. Ол біраз уақыт Ташкенттегі Қазақ пединститутын басқарғаннан кейін жұмыстан босатылды. 1928 жылы Мәскеуге кетіп, сондағы темір жол құрылысы институтына түседі. Мұны 1932 жылы бітіріп, Мәскеу-Донбасс темір жолында инженер болады. Қайраткер 1933 жылы 16 желтоқсанда Кремль ауруханасында қапыда дүниеден озып, сүйегінің күлі Мәскеудегі ескі крематорий қабырғасына қойылады. Қайраткер сүйегінен қалған бұл мәйіт 2011 жылы 21 қаңтарда Астанаға әкелініп, жерленген.
Фильм көрсетілімінен кейін Смағұл Сәдуақасұлының рухына құран бағышталды. Танымдық кеште М.Әуезов атындағы ОҚМУ PHD докторы Бекнұр Ізенбаев Алаш тұлғасының еңбектеріне тоқталды.
Шымкент қаласы,
«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі