Жаңалық

«Жыл кітаптары» анықталды

«Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында «Жыл кітаптары» атты әдеби кеш ұйымдастырылды.

Кешке еліміздің көрнекті қаламгерлері Х. Есенқарақызы, Н. Бегалыұлы, С. Исақ, Ф. Жүнісова, Д. Нұрмаханбет, тарихшы, шежіреші М. Әбдіәкімұлы, Қазақстан Жазушылар Одағының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Ж. Баһадүр, драматург С. Қасымбек пен қала кітапханаларының басшылары қатысты.

Дәстүрлі «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы – оқырмандар арасында кеңінен танымал жоба. Бұл жобаның мақсаты – әдеби туындыларды насихаттай отырып, оқырман қызығушылығын арттырып, кітап қорын дамыту.

Шарада кеш қонақтары «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» тақырыбымен таңдалған кітаптарды талқылап, пікір білдірді.

«Шымкент қалалық мәдениет үйінің» қызметкері Б. Асылбек пен «Отырар» кітапханасының қызметкері Д. Тұрмаханова Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған әуезді әндерден шашу шашып, кітапхананың жас оқырмандары Ы. Алтынсариннің өлеңдерінен үзінді оқып, шараның шырайын кіргізді.

Келесі кезекте «Бір қала – бір кітап» акциясы бойынша Шымкент қаласының 2021 жылға насихаттайтын жыл кітабын таңдау үшін қаламгерлер, кітапхана қызметкерлері және оқырман қауым ұсыныстарын білдірді. Жыл кітабы болуға сай деп тапқан кітаптар туралы ойларын ортаға салды.

Қауымның және «Отырар» кітапханасы әлеуметтік парақшаларындағы оқырман пікірлерін ескере отырып, поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті бойынша 2021 жылдың жыл кітабы болуға лайық деп Х. Есенқарақызының «Жібек» шығармасы, З. Қыстаубайұлының пьесалары, С. Исақтың«Тұлдыр тағдыр» мен Д. Танабаевтың «Мәуелі бақ» еңбектері, жас ақын Ә. Әлішердің «Мені құшақта» кітаптары таңдалды.

Әдемі әдеби кеш соңында «Отырар» кітапханасының директоры А. Жаппарқұлова сөз алып, жыл кітабына лайық деп таңдалған еңбек иелерін құттықтап, шараны қорытындылады.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button