Жаңалық Редакция таңдауы

«Жылаған ана» үңгірі туралы аңыз

«Ұлы дала аңыздары» айдарында халық арасында жер-су аттарына байланысты тараған аңыз – әңгімелерді жариялайтын боламыз. Айдарымыздың бірінші санында «Жылаған ана» немесе «Жылаңқы әке» үңгірінің неге олай аталғандығы туралы аңызға тоқталамыз.

Қазіргі Түркістан қаласының қасында Бабай деп аталатын қорған бар. Сол қорғанның маңайында «Жылаған ана» деген кішігірім үңгір бар. Бұл үңгірдің неліктен осылай аталатыны белгісіз. Үңгірден әрбір 30-40 минут сайын аққан судың дыбысы естіледі. Судың дәл осы уақыт аралығында ағуының да сыры белгісіз. Үңгірге қарама-қарсы бетте үлкен тас тұр. Егер тасқа қырынан қарасаңыз, оның адам сұлбасына ұқсайтынын аңғаруға болады. Жұрт ол тасты «кемпір» деп атайды. Сол тастың жоғарғы тұсынан тоқтаусыз су ағып тұрады. Құдды адам жылағандай елестейді. Үңгірге қатысты халық арасында мынадай аңыз бар. Бағзы бір заманда әлдебір жүкті әйел айы-күні толып, босанатын уақыты келіп, тоғыз ай, тоғыз күн дегенде нәрестенің орнына шанаш пішінді ұсқынсыз құбыжық туыпты… Бұған дейін мұндай сұмдықты көрмеген жұрт қатты шошынады. Дүниеге құбыжық әкелген әйел күні – түні  құдайға құлшылық етіп, күнәларын кешіруді сұрайды.  Бір күні әйелге бір кісі келіп: «Құбыжық балаңды алып, Қағбаға қарай бетте, бірақ артыңа қараушы болма! Өйтпесең, бәрінен айрыласың!..» – деп кеңес береді. Мұны естіген әйел баласын құшақтап, жолға шығады.

Ұзақ жол жүріп, әбден қажыған байғұс әйел шыдамай, артына қарай қарап қояды. Әйелдің бұрылғаны сол екен, құбыжық бала анасының арқасынан секіріп түсіп, үңгірге қарай қаша жөнеледі. Құбыжық қашып бара жатып, анасына: «Енді сен мені ешқашан көрмейсің. Мен жер бетіне ақырзаман болардың алдында бір-ақ шығамын!» – деп айқайлайды.

Байғұс ана үңгірдің алдында баласын күтіп, қара тасқа айналып-ты. Тас болып қалған әлгі әйелдің көз жасы әлі күнге тоқтамай ағып тұрады. Ана мүсініне ұқсаған тастың жанынан үңгірге қарай жүгірген баланың ізін бүгінде көруге болады. Бұл жер бүгінге дейін «Шанаш» деп аталады.

Қосымша мағлұмат: Бұл аңыздың сол жердегі көнекөз қария Берік ақсақал айтқан екінші нұсқасы бар. Ол осы аңыздың қаһарманы ана емес, әке болған және әрбір 40 минут сайын көз жасын төгетін жартас «Жылаңқы әке» деген атауға ие болған деп тұжырымдайды.

Дереккөз: «Қазақ жерінің 100 аңызы» Жанайдаров Орынбай Куленович.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button