«Жылдың сегіз мезгілі» авторлық концерті өтеді
12 және 13 маусым күндері сағат 20:00-де Орталық қалалық саябақтағы амфитеатрда «Астана Опера» театрының дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің «Жылдың сегіз мезгілі» атты танымал авторлық концерті өтеді.
Концертке «Астана Операның» Камералық оркестрі мен хас шебер солистер – оркестр концертмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов пен мәдениет қайраткері Айсұлу Байкенова қатысады.
«Бірнеше жыл бұрын маэстро Абзал Мұхитдин бір концертте екі танымал шығарманы – А.Вивальди мен А.Пьяццолланың «Жыл мезгілдерін» біріктіруді ұсынды. Барокко музыкасы мен джаз шырқалатын жоба көрермен қауымның қызығушылығын тудырды. Сол себепті 12-13 маусым күндері осынау тамаша бағдарлама кезекті рет ұсынылмақ. Бағдат Әбілханов, «Астана Опера» камералық оркестрі және дирижер маэстро Абзал Мұхитдинмен бір сахнада өнер көрсету – зор құрмет әрі қуаныш! Классика мен джаз мерекесі жұртшылыққа керемет сәттер сыйлайды деген үміттемін», – дейді Айсұлу Байкенова.
Тыңдарман назарына ұсыну үшін Антонио Вивальдидің «Жыл мезгілдері» топтамасы мен Астор Пьяццолланың «Буэнос-Айрестегі жыл мезгілдері» төрт танго-композициясы әзірленді. «Жылдың сегіз мезгілі» – заманауи латынамерикалық музыка және джаз ырғақтарымен үйлесім тапқан классикалық музыкадан тұратын жоба.
Естеріңізге сала кетейік, «Көктем», «Жаз», «Күз», «Қыс» концерттері бүгінгі таңда да венециялық ұлы тұлғаның 550 шығармасының ішіндегі жиі орындалатындары болып қала бермек. Бұл музыканы кинофильмдерден жиі естуге болады. XX ғасырдың 60-шы жылдарының соңында біртуар аргентиналық Астор Пьяццолла осынау шығармаға еліктей отырып, өзіндік нұсқасын жазды. Астор Пьяццолланың «Буэнос-Айрестегі жыл мезгілдері» – төрт танго-композицияның жиынтығы. Ол «халық» тангосының қайталанбас тебірентер күш-қуатын толықтай сақтай отырып, оны асқақ өнерге, заманауи классикаға айналдыра білді.