Кәсіби даму академиясы өз жұмысын бастады
30 қыркүйекте жастар саясаты саласындағы басқарушы кадрлардың әлеуетін арттыру мақсатында Кәсіби даму академиясы жобасы іске қосылды.
10 күн бойы жастармен жұмыс істеу бойынша қызметкерлердің кәсіби дағдыларын жетілдіруге бағытталған оқыту коуч-сессиялары, жаттықтыру сағаттары мен практикалық сабақтар өткізіледі. Іс-шараға жастар ресурстық орталықтарының басшылары және басшылық жұмыс тәжірибесі бар мемлекеттік қызметшілер қатысты.
Өзінің алғы сөзінде Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асқар Умаров жас кадрларды дайындау және қолдау үшін жаңа кәсіби алаңдар құрудың маңыздылығын атап өтті. Оның пікірінше, адами капиталды дамытуға салынған инвестициялар – ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыруда басты құралдарының бірі.
Кәсіби даму академиясы аясындағы семинар-тренингтің алғашқы үш күні басқарушылық дағдыларды дамыту және көшбасшылық қасиеттерді жетілдіру мәселелеріне арналады. Іс-шараның алғашқы күні сертификатталған бизнес-жаттықтырушы және Қазақстандағы Халықаралық бизнес-тренерлер мектебінің өкілі Людмила Серекбаева қатысушыларға қазіргі заманғы көшбасшылардың қалыптасуы мен қажетті дағдылары, сондай-ақ команданы басқарудың ерекшеліктері туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Кәсіби даму академиясы – «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының және «Nur Otan» партиясы жанындағы Саяси менеджмент мектебінің қарқынды серіктестігі мен өзара іс-қимылының нәтижесі.
Біліктілікті арттыруға бағытталған осы бір білім беру бағдарламасы жастар саясаты саласындағы республикалық және өңірлік кадрларды кәсіби қолдау мақсатында іске қосылған.