Кәсібін нәсіп еткен қарапайым жұмысшы мамандар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында келесі 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. «Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Әрі біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», - деді президент. Яғни қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануы тиіс. Салт-дәстүрлер мен қолөнерді сақтап, кәсіпкерлік саласында елеулі жетістікке жеткен қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу өте өзекті болып отыр.
Осы орайда тігіншілік өнерді кәсіп көзіне айналдырған Шолпан Жүздібаевамен сұхбаттасқан едік. 48 жастағы Шолпан Жүздібаева ұлттық нақыштағы бұйымдарды әзірлеуді бала кезінен анасына көмектесіп жүріп, үйренген. Кейін Бурабай ауданындағы мектепте тарих пәні мұғалімі болып қызмет еткен кезде де бос уақытын тігіншілікке арнаған. 2021 жылы денсаулығы сыр бергеннен кейін мұғалімдіктен кетіп, Астанаға қоныс аударған Шолпан тігіншілікке толықтай көңілін бұрып, табыс көзіне айналдырады.
Тігіншілікті тіршілігінің тұтқасына айналдыра білген қолөнер шебері сыпыра, алжапқыш, тұтқыш, басқа тағатын бұйымдар жасаумен қатар сұранысқа байланысты тойбастарға қажетті заттарды да әзірлей бастаған. Тауар бағасының халыққа қолжетімді болуын ойлайтын шебер бұйымдарына сұраныстың көптігі таң қалдырмайды.
Бір күнде екі жиынтық тігіп шығамын. Себет жасауға тапсырыс түссе, 2-3 данасын әзірлеймін. Бағаларына келетін болсақ, тойбастарлар 200-500 теңгеден басталады, себеттер 3-5 мың теңге аралығында, ал жеті заттан тұратын жиынтық 10 мың теңге, – дейді Шолпан Жүздібаева.
Сүйікті ісін кәсіп еткені шабыттандырып, тапсырыс берушілердің ризашылығы қуанышқа бөлегенімен, қай істе болмасын өзінің қиындықтары болатыны белгілі. Шолпан Жүздібаеваның айтуынша, кәсібін жүргізуде көпшілікке жарнамалау жағы қиындық тудырады. Дегенмен «Денің сау кезде әрекет ет!» дегенді өмірлік ұстанымына айналдырған Шолпан, қиындықтарға мойымай, ары қарай әрекетін жасап, кәсібіндегі бұл тұсты да еңсеретініне сенім білдіреді.
Кәсіп жүргізуде бастысы ертеңге қалдырмау екендігін алға тартқан қолөнер шебері, өз бизнесін ашқысы келетін адамдарға қолда бар қаражатпен бастап кетуге кеңес береді.
Бизнесті ертеңге қалдыра бермей дәл қазір қолда бар қаражатпен бастауға болады. Батылдық танытып, аз заттан болсын кәсіпті бастаса, қолөнер жерде қалмайды. Кәсіп бастауды жоспарлап жүргендерге айтарым, бастысы – өзіңізге тәжірибе болады, тек алға басыңыз, – деп түйіндеді кәсіпкер Шолпан Жүздібаева.
Екінші кейіпкеріміз де ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысатын Саягүл Кенжеханова. Ол ұзақ жылдар банк саласында қызмет етіп, бала күтіміне байланысты демалысқа шыққаннан бастап, бала күнгі хоббиі – қолөнер бұйымдарын жасауды кәсібіне айналдырған.
Алғашында тастардан бұйымдар жасап бастаған, әсіресе, қазақи бұйымдар. Тапсырыс көптеп түсе бастағаннан кейін, оларды түрлі дизайнмен жасап, сатылымға шығарған.
Мен әшекей бұйымдар жасаған уақытта моральдық тұрғыда демаламын, оған қоса табыс табамын. Осындай іске қызығушылық қыз-келіншектерде, әсіресе, декрет кезінде пайда болады, – дейді ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарының шебері.
Саягүл Кенжеханованың айтуынша, ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдар үлкен сұранысқа ие, әсіресе, Наурыз мейрамы кезінде. Шашбау, шекелік, тақия, шолпы, алқа сынды бұйымдарға тапсырыс көптеп түседі. Қазіргі кезде жиын-тойларда жастар арасында – шекелік тағу трендке айналды, сондықтан қолөнер шебері халқымыздың салт-дәстүрін танытатын және күнделікті өмірде тағуға ыңғайлы бұйымдар жасауға аса көңіл бөледі.