Кәсіпкерлерге кім кедергі?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дағдарыс кезінде кәсіпкерлік саласына қолдау көрсету туралы тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласында «Бизнеске арналған Үкімет – Shymkent INVEST» кеңсесі жаңа форматта қайта ашылды.
Бұл жоба кәсіпкерлерге бір көзден орталықтандырылған мемлекеттік және сервистік қызметтерді жедел алуға көмектеседі. Мұнда нишалық жобаларды сүйемелдеу, жеңілдетілген 1 пайыздың несие беру, «1000 сауда орны» бағдарламасы бойынша жер телімдерін алу және қаржы секторы, тауарды жылжыту, инвестиция, цифрлы, құқықтық, компетенция және мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Осылайша кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін бірыңғай хаб құрылады. Сонымен қатар мұнда кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлерге «Бизнес-мектеп», «Бастау-бизнес» оқыту бағдарламалары бойынша кәсіпкерліктің негізі оқытылады
Кеңсенің ашылу рәсіміне қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов өңірдегі экономикалық жағдайды жақсарту бойынша қабылданған антикризистік шаралар өз жемісін беретініне сенімді екенін жеткізді. Сондай-ақ бағдарламада межеленген микроқаржы ұйымын құрып, жеңілдетілген несие, нишалық жобалар мен «Егістіктен дүкен сөресіне дейін» және басқа мемлекеттік бағдарламалардың бүкіл мүмкіндігі барынша қолданылатынын айтты.
Іс-шара барысында сөз алған Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлік саласында жыл соңына дейін жалпы 29,5 млрд теңге игеру жоспарланғанын атап өтті.
«Бағдарлама аясында нишалық жобаларды іске асыру қолға алынып жатыр. Қазіргі таңда кәсіпорындармен осы нишалық жобалардың тізімін жасақтау үстіндеміз. Бүгінде 80-нен астам нишалық жобалар жасақталды. Осының аясында біз импорт алмастыруды қамтамасыз етіп, 400 адамды жаңа жұмыс орнымен қамтып, 100 жаңа тауардың түрін және жаңа 30 кәсіпорын ашуды жоспарлаудамыз. Бұл бастаманы іске асыру мақсатында құрылып жатқан Микроқаржы ұйымы арқылы қаржыландыруды көздеп отырмыз. Бұдан бөлек, Микроқаржы ұйымы «Еңбек» бағдарламасы аясында бөлініп жатқан қаржыларды да игеруге ықпалын тигізеді», деді Нұрлан Қабыштаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Жамбыл, Алматы және Түркістан облыстарында «Егістіктен дүкен сөресіне дейін» қанатқақты жобалары іске қосылатын болады. Бұл ретте түркістандық шаруалар өндіретін тауарларды өткізу нарығының бірден бір нүктесі Шымкент қаласы болмақ. Түркістан облысында өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерін Шымкент қаласында қайта өңдеп, орау және қаптама жасау арқылы тамақ өнеркәсібін дамытуға мүмкіндік бар. Бұл өз кезегінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыруға, өзіндік қосалқы шаруашылықтың (ЛПХ) көлеңкелі экономикадан шығуына және қосымша жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді.