Кәсіпті нәсіп еткен қолөнер шеберлері
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз.» деп адал еңбектің басты құндылық екеніне ерекше назар аударғаны белгілі.
Халқымыздың ұмыт бола бастаған қaзaқ кәciпшiлiгiн қайта жандандыруда ұрпаққа өнеге ретінде салт-дәстүрлер мен қолөнерді сақтап, зергерлерді, суретшілерді және ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласында елеулі жетістікке жеткен қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу өте өзекті болып отыр.
Осыған орай Қазақстандық қоғамдық даму институты «Кәсіби шеберлерді таны» жобасы аясында ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік саласында қажырлы еңбектің арқасында жетістікке жеткен, ұмыт бола бастаған дәcтүpлi қaзaқ кәciпшiлiгiн жандандырып, қоғамға пайдасын тигізген азаматтар туралы мақалалар жариялайды.
Тігін тігуге оқушы кезімнен қызықтым.
Алғашқы кейіпкеріміз – тігіншілік өнерді кәсіп көзіне айналдырған Шолпан Жүздібаева. 48 жастағы Шолпан Жүздібаева ұлттық нақыштағы бұйымдарды әзірлеуді бала кезінен анасына көмектесіп жүріп, үйренген. Кейін Бурабай ауданындағы мектепте тарих пәні мұғалімі болып қызмет еткен кезде де бос уақытын тігіншілікке арнаған. 2021 жылы денсаулығы сыр бергеннен кейін мұғалімдіктен кетіп, Астанаға қоныс аударған Шолпан тігіншілікке толықтай көңілін бұрып, табыс көзіне айналдырады.
Тігіншілікті тіршілігінің тұтқасына айналдыра білген қолөнер шебері сыпыра, алжапқыш, тұтқыш, басқа тағатын бұйымдар жасаумен қатар сұранысқа байланысты тойбастарға қажетті заттарды да әзірлей бастаған. Тауар бағасының халыққа қолжетімді болуын ойлайтын шебер бұйымдарына сұраныстың көптігі таң қалдырмайды.
Бір күнде екі жиынтық тігіп шығамын. Себет жасауға тапсырыс түссе, 2-3 данасын әзірлеймін. Бағаларына келетін болсақ, тойбастарлар 200-500 теңгеден басталады, себеттер 3-5 мың теңге аралығында, ал жеті заттан тұратын жиынтық 10 мың теңге, – дейді Шолпан Жүздібаева.
Сүйікті ісін кәсіп еткені шабыттандырып, тапсырыс берушілердің ризашылығы қуанышқа бөлегенімен, қай істе болмасын өзінің қиындықтары болатыны белгілі. Шолпан Жүздібаеваның айтуынша, кәсібін жүргізуде көпшілікке жарнамалау жағы қиындық тудырады. Дегенмен «Денің сау кезде әрекет ет!» дегенді өмірлік ұстанымына айналдырған Шолпан, қиындықтарға мойымай, ары қарай әрекетін жасап, кәсібіндегі бұл тұсты да еңсеретініне сенім білдіреді.
Кәсіп жүргізуде бастысы ертеңге қалдырмау екендігін алға тартқан қолөнер шебері, өз бизнесін ашқысы келетін адамдарға қолда бар қаражатпен бастап кетуге кеңес береді.
Бизнесті ертеңге қалдыра бермей дәл қазір қолда бар қаражатпен бастауға болады. Батылдық танытып, аз заттан болсын кәсіпті бастаса, қолөнер жерде қалмайды. Кәсіп бастауды жоспарлап жүргендерге айтарым, бастысы – өзіңізге тәжірибе болады, тек алға басыңыз, – деп түйіндеді кәсіпкер Шолпан Жүздібаева.
Әшекей бұйымдарын жасағанда моральдық тұрғыда демаламын.
Екінші кейіпкеріміз де ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысатын Саягүл Кенжеханова. Ол ұзақ жылдар банк саласында қызмет етіп, бала күтіміне байланысты демалысқа шыққаннан бастап, бала күнгі хоббиі – қолөнер бұйымдарын жасауды кәсібіне айналдырған.
Алғашында тастардан бұйымдар жасап бастаған, әсіресе, қазақи бұйымдар. Тапсырыс көптеп түсе бастағаннан кейін, оларды түрлі дизайнмен жасап, сатылымға шығарған.
Мен әшекей бұйымдар жасаған уақытта моральдық тұрғыда демаламын, оған қоса табыс табамын. Осындай іске қызығушылық қыз-келіншектерде, әсіресе, декрет кезінде пайда болады, – дейді ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарының шебері.
Саягүл Кенжеханованың айтуынша, ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдар үлкен сұранысқа ие, әсіресе, Наурыз мейрамы кезінде. Шашбау, шекелік, тақия, шолпы, алқа сынды бұйымдарға тапсырыс көптеп түседі. Қазіргі кезде жиын-тойларда жастар арасында – шекелік тағу трендке айналды, сондықтан қолөнер шебері халқымыздың салт-дәстүрін танытатын және күнделікті өмірде тағуға ыңғайлы бұйымдар жасауға аса көңіл бөледі.
Ақылды кісі өзгенің, ақымақ адам өзінің қателіктерінен сабақ алады.
Аслан Искаков – Қарағанды облысының тумасы. Капитандық шені бар, әскери қызметте істеген Аслан Искаков бүгінде киім-кешектерге, орамалдарға түрлі-түсті жіппен сөздер жазып, безендіріп, сатумен айналысады. 35 жастағы арбаға таңылған елордалық еңбекқор әрі талантты кәсіпкер өзінің оқиғасымен былай бөлісті:
2012 жылы отбасын құрдым, 2 қызым бар. Олардың үлкені 10 жаста, кішісі 8-де. 2018 жылы қыздарым желшешекпен (ветрянка) ауырды. Кейін маған жұқты. Арада 4-5 күн өткен соң аяқтарым ұйып, кіші дәретке бара алмай қалдым. Дереу емханаға барып, дәрігердің қабылдауында болдық. Алайда дәрігер дәрілерді жазып, үйге қайтарды. Кейін дертім асқынып, ауруханадан бір-ақ шықтым. Дәрігерлер нақты диагноз қоя алмады. Ал аяғымның ұйығаны тізеден санға, кейін белге дейін көтеріле бастады. Тіпті аяқтарымды сезбей қалдым. Үш апта өткеннен кейін ғана диагноз қойылды. Бұл – миллион адамның біреуінде кездесетін диагоноз екен. Сол уақытта кеудеден төмен қарай денем жұмыс істемей қалды. Содан ауруханада жарты жылдай жатып шықтым. Кейін Алматыдан Астанаға көшіп келіп, ем қабылдай бастадым. Дәрігерлердің айтқаны – ғажайыпқа сену, жігерлену, күн сайын жаттығу жасау – дейді Аслан Искаков.
Ол – тігін кәсібін 2020 жылы туысының ұсынысынан кейін, түрлі курстар оқып, кәсіби біліктіліп жинап, ашқан.
Қарағандыда тұратын туысымыз кесте жасайтын тігін мәшенкесімен кәсіп бастауға ұсыныс білдірді. Содан ұсынысты қабыл алып, әйелім екеуіміз үйрену курстарын іздедік. Көп ұзамай қазіргі депутат әрі қоғам белсендісі Дәулет Мұқаевтың жолдасына жаздық. Лаура есімді кісі офлайн форматта тігін тігудің, кесте, дизайн жасаудың курсын бүге-шегесіне дейін үйретті. Кейін басқа да курстарға жазылып, кәсіби тұрғыдан біліктілігімізді арттырдық. Осылайша сол жылдың қараша айында кәсібімізді бастап кеттік. Өйткені үлкен қызымыз мектепке барды. Ал біз мемлекеттен берілетін жәрдемақыға қосымша табыс ретінде осы іске білек сыбана кірістік, – деп еске алды қолөнер шебері.
Кез келген адам бизнес саласында кәсібі алға басу үшін маркетинг техникасының маңызды екенін жақсы біледі. Танымал блогерлерден қолдау алған Аслан өзінің алғашқы тапсырыс берушілерімен бөлісті.
Әлбетте, кәсіпті бастағанда әуелі ағайын, тума-туыс, дос-жарандар алғашқы тапсырыс берушілер болады емес пе?! Ал кейін Дәулет Мұқаев, Әлішер Елікбаев, Құралай ханым секілді танымал блогерлер парақшаларында жарнама жасап берді. Солай сатып алушыларда келді. Қазіргі таңда біз сүлгіге, халатқа, жейделерге адам есімін жазып, сурет те салып береміз. Сонымен қатар жайнамаз тігіп, жазулар жазамыз. Келіншегім де шоперлер, аяқ киім салатын рюкзактар тігумен айналысады, – дейді шебер.
Кейіпкеріміз жұмыс барысында кездесетін қиындықтарды тілге тиек етті:
Мен арбада отырып емес, диванға жатып тігемін. Оның өзінде бір қырыммен жатуым керек. Сол уақытта кесте тігетін мәшенкені көтеріп, қасыма қою – мен үшін үлкен жұмыс. Тіпті, сол процесс қиынға соғады деуге болады. Өйткені әйелім күндіз жұмыста болады. Екіншіден, үйіміз Орталық базардан алыс орналасқандықтан материалдарды, қажетті заттарды базардан алу жағы отбасымызға қиындық тудырады. Әйелім жұмысынан қолы босаған кезде ғана бара алады. Бір барғанда бүкіл қажетті затты алып келуге тырысады. Сондай уақытта келіншегіме заттар көтеруге ауыр соғады, – дейді кәсіпкер.
Аслан Искаковтың айтуынша, өқмірде қандай жағдай болса да, шама келген жұмысты істей беру керек.
«Ақылды кісі өзгенің, ақымақ адам өзінің қателіктерінен сабақ алады» деген жақсы сөз бар. Мен басқа адамның қателігінен сабақ алуға тырысамын. Осы іспен айналысам деушілерге айтарым, кез келген жағдайда еңсеңізді түсірмей, «Қолымнан келеді!» деп алға ұмтылу қажет. Өйткені адамның жасағанын адам істей алады. Бастысы – айналысатын істі жақсы көріп, сүйіспеншілікпен істеу керек, – деп түйіндеді қолөнер шебері.
Сабина Кәкімжан