Жаңалық Редакция таңдауы

Кеңістік кешу. Рухани өсу

Идея. Команда. Бастама.

Адам баласының басына күніне 60-70 мың түрлі ой келіп кетеді екен. Егер соның лайықты деген бір-екеуінің соңына түбегейлі түсіп, іске асырса, адамзат баяғыда алға қарыштап кетер еді деген де ой бар. Былтыр «Buketov runners» клубының жетекшісі Марат Бөдеевтің басына келген бір ой, биыл Қарағанды-Жезқазған-Қызылорда-Түркістан маршруты бойынша ультрамарафон болып іске асты. Марат Бөдеев дене мәдениеті және спорт факультетінің спорттық-педагогикалық пәндер кафедрасының қауымдастырылған профессоры, биология ғылымдарының кандидаты. Сол күзден бастап Марат Бөдеев ұйымдастырып, проректор Мейіржан Сыздықов үйлестіріп, ректор қадағалап дегендей дайындық басталды.

Бұл идеяның түбінде мән бар еді. Ол – саяхатқа шығу арқылы, бой сергіту, санаға серпін беру, ұлан-байтақ даламыздың құшағына еркін сүңгіп, оның топырағын табанымызбен басып, ыстығын сезіну, ел тану, адамдарымен қауышу, жер тану, табиғатына тамсану.

Қазақстан – кең байтақ, жұмақ мекен. Дүниені танығыңыз келсе, әуелі өз жеріңді арала, өз еліңді таны. Бар жақсылықты өз шаңырағыңның астынан ізде. Дегенмен, ер азамат жиі-жиі алыс сапарларға шығып тұрғаны ләзім. Саяхатшы адамның санасы сергек болады. Оның назарына небір әсем көріністер түседі. Әйтсе де, Жаратқаннан келген ең басты құндылық, ең көркем дүние ол – адам. Сондықтан әңгімеміз адамдар жайында болмақ.

Қарағанды – білім, ғылым һәм мәдени ошақтарының іргетасы ертеден берік қаланған қарашаңырақ. Кезінде мұнда Одақтың әр қиырынан келгендер оқитын. Сол себептен болар, дүниенің әр пұшпағында жолдас-жора кездеседі. Қазір әр аймақта бірнеше университеттен бар, жастардың араласуы тоқтамаса да сиреді. Қазіргі жаһандану заманында елішілік түрлі мәдени, ғылыми, әлеуметтік-экономикалық байланыстарды назардан тыс қалдыруға болмайды. Керісінше, оларды қолдап, дамытып отырған жөн. Сонда Күнгей мен Теріскейдің, Батыс пен Шығыстың ұландары бірін-бірі жатырқамайтын, өзара құшақ аша жүретін болады. Ендеше Арқа жері – алтын көпір. Міне, осы ойлар жетелеген идеяластар ультрамарафонға Бұқар жырау Қалқаманұлының 355 жылдығы мен «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретінің 300 жылдығын еске алуды ту етіп, еліміздің төрт облысын бір маршрутпен өтуді ұйғарды. Бір идея аясына бірнеше мақсатты біріктірді.

Ультрамарафонға негізінен дене мәдениеті және спорт факультетінің оқытушылары мен студенттері атсалысып, белгіленген қашықтықты жүгіріп өтті. Басқа факультеттерден педагогика ғылымдарының кандидаты, зоология кафедрасының профессоры Аманай Мырзабаев, қолданбалы математика және информатика кафедрасының қауымдастырылған профессоры Райхан Муратхан, археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының аға оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Әділет Жағыпар және мен қатыстым. Сондай-ақ, Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты дене тәрбиесі және спорт кафедрасының оқытушысы Саят Смагулов, Абай атындағы Қазақ Ұлттық университеті өнер, мәдениет және спорт факультетінің докторанты Рүстем Ахметов те желаяқтар қатарына енді. Облыстың ішкі саясат басқармасының ұсынысымен «Рухани KZ» жобасы бойынша қоғам қайраткерлері Сәкен Келдібаев пен Майра Абдрахманова қосылды. Сәкен аға жетпіске енді аяқ басқан адам. Сәкен ағаға «жасөспірім зейнеткер» деп  әзілдеймін. Ойлы әзілді көтере білетін, өмірден түйгені көп кісі. Ортамыздағы жалғыз нәзік жанды адам Майра ханым да жорықтың ауыртпалығын жігіттермен бірдей көтере білді.

Жалпы делегациямызға дене мәдениеті және спорт факультетінің деканы, PhD докторы, қауымдастырылған профессор Қуанышбек Аданов басшылық етсе, желаяқтар капитаны Марат Бөдеев болды.

Ультрамарафонға әлемге және республикаға танымал марафоншылар, түрлі қашықтыққа жүгіретін желаяқтар, палуандар, спорттық ойын түрлерінің белгілі өкілдері шақырылған болатын. Университетіміздің түлегі, белгілі журналист, кәсіпкер Еренғайып Қуатайұлы Алматыдан арнайы ұшып келіп, іс-шараға үлес қосқан жан. Ол әлемдік деңгейдегі алты марафонның төртеуіне қатысып, жоғары нәтиже көрсетіп жүрген желаяқ. Салмағы 90 келіден асқан ол өзін қолға алып, 2018 жылы жүгіруді бастаған. Қазіргі салмағы 63-ке түскен. Еренғайып – әлемге танымал ерен азамат. Бірнеше рет «ironman» жарыстарына да қатысты.

Стартты 2 мамыр таңғы 06:00-ге Жастар алаңына белгілеген. Университет басшылығы, облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысы Нұрлан Бикенов, Еренғайып бата-тілек айтқан соң жолға шықтық. Стартта Еренғайып екеуміз қатар жүгірдік. Старттан соң ол эстафетаның 21 шақырымдық алғашқы кезеңін бастап кетті. Сол күні универиситеттің Жастар алаңынан тағы бірнеше экспедиция жолға шықты. Олар жайлы әңгіме бөлек.

Біз болсақ, «Рухани.кз» жобасы бойынша Жаңаарқадағы алғашқы кездесуге үлгеруге асықтық. Жолай желаяқтарды басып озып отыр едік, біз аудандық кітапханада кездесу өткізген кезде, олар бізден озып кетіпті.

Жол. Табиғат. Шұғыл шешімдер.

Автопарк берген автобусымыз, жігіттердің өздерінің жол талғамайтын көліктері бар. Командамыз екі-үшке бөлініп, бірі желаяқтарды межелі жерлеріне жеткізіп, екіншілері мәреге жеткен жігіттерді жинап алып отырды. Жезқазғанға дейін байланыс жақсы және олай-былай ағылған көлік. Жолаушылар желаяқтарға қошемет көрсетумен болды. Жезқазған-Қызылорда арасындағы құс қанаты талатын далада жолаушы сирек. Жол ортасынан ауғанша әйгілі Сарысу өзені бір алыстап, бір жақындап серіктесіп отырды. Жол күрделі. Байланыс жоқ. Автобустың аяңы желаяқтардың жүгірісімен теңескен жағдайлар болды. Бір қуантатыны жолдың бір бөлігі Қызылорда жағынан бастап жаңғыртыла бастапты. Мұны әрине, ертеңінДе ғана көрдік. Оған дейін ел мен елдің араласуы үшін күретамыр жолдардың маңызы туралы ойларға ерік бердік.

Бұл бір кезде Әмір-Темір Көрегеннің сансыз әскерін өткізген алқап. Одан бұрын да, кейін де талай қол, талай керуен өткен дала. Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада халық шұбырған, ұлы қолбасшы Әбілқайыр бастаған қазақ әскері жорығының ізі қалған атырап. Осы байтақты, әсіресе Бетпақдаланы Кенесары бабамыздың ұшқан құстай жылдам кесіп өтіп, дұшпанын жер қылған жорығы ел есінде. Ол кезде аттылы қазақ жол таңдамайтын. Жер бедері, шөп реңкі, жұлдыз ретін біле отырып, күндіз-түні жорта беретін. Жауының алдын орап, күтпеген жерден, тұтқиылдан шабатын заман еді. Қазір заман басқа.

Табиғат анамыз ұйқысынан оянып, төңірек тегіс көкке орана бастаған көктемгі кез ғажап. Жезқазғаннан шыға бере сулы-нулы оазистер, әр жерге қонған аз үйлі қыстақтар мен шайханалар кездеседі. Батысқа бас ие бастаған Күн даланы мейіріне бөлеуде. Төл ерткен малға көз тояды. Әсіресе, құлындары ойнақтаған жылқы үйірі еріксіз көз тартады. Жоспар бар, мақсат-мұраты айқын жол да бар. Уақыттың тығыздығынан табиғат ананың құшағына еніп, еркін аунап-қунап жата алмадық! Бөгеле берсек жол жеткізе ме?

Жолдың аты жол. Тек бір бағыттағы ұзақтығы 1300 шақырым жолда оқиғалар әрқилы өрбіді, соған орай түрлі шешім қабылданды. Қуанышбек пен Марат екеуі ақылдаса отырып, жорықты алға жетеледі. Автобустың да біздің де бабымызды тапқан жүргізушілер Марат Жунусов пен Валентин Чобанға мың алғыс. Кейде өз жолаушыларын жаратпай отыратын жүргізушілер болады. Бұл жолы біз ішкі мәдениеті жоғары, өзара сыралғы екі серіктестің үйлесімді, қимылына, жарасымды қылығына куә болдық.

Жорық қостары. Жапанда жүрек жалғау. Рухани кездесулер.

Бір күн мен бір күннің өліарасында, яғни түнгі он екі болып қалғанда Жезқазғаннан 120 шақырымдай жерде аялдадық. Жігіттер жорық қостарын тігіп тастапты. Саян Шәкеев бастаған спортшы-аспаздар қазан көтеріп, ас әзірлепті. Асымызды айдалада, жұлдыздары самсаған, айсыз аспан астында іштік. Сәкен аға, Майра ханым, Қуанышбек мырза – төртеуміз осы жорықтың демеушілерінің әрі қатысушыларының бірі, кәсіпкер, баспагер Қайрат Тасымовтың шатырында ас ішіп, әлдендік. Хан шатыры болмаса да сұлтандарды күтетін жағдайы бар Қайраттың шатыры ерекше болды.

Баршамыз туристік шатыр, төсекқап, каремат алып шыққанбыз. алайда, көбіміз оларды жүксалғыштан алмадық. далада қону бізге бұйырмады. Автобустың адымын аштырмайтын жол жағдайы бізді түн қата жүруге мәжбүр етті. Жайлы орындықтарға жантайдық та, көлік аяңына тербеле отырып, ұйқы құшағына ендік. Марат бастаған топ сол аялдаған жерде қостарда демалып, таңғы төртке қарай аттанатын болып шешті.

Қанша дегенмен, жол ширатады. Дала сергітеді. 3 мамырдың таңы атар-атпаста, ала кеуімде оянып алдық. Жан-жағымызға, алдымыздағы ұзын сонар жолға көз тігіп, сыр қала, жыр қала Қызылорданы іздей бастадық.

Сағат жеті-сегізде іздеген қаламыздың нобайы көріне бастады. Жергілікті уақыт Қарағандымен салыстырғанда бір сағат кейін екен. Ресми кездесулерге дейінгі уақытты тиімді пайдалануға ниеттендік. жүгірген жұрт біледі. Жүгірген кезде бөлінетін сүт қышқылы бұлшық еттерді тұтып қалмас үшін моншаның ыстық буына түскен жөн. Дереу досым Болат Нұрхожаевқа телефон соғып, монша іздеттірдік. Жақсы монша да табыла кетті. буланып, бусанып, рақаттанып, жеңілдеп, жанымыз жадырап шықтық. Содан соң Бөкеңнің дастарханынан дәм татып, екі қабатты кең сарайын уақытша штабқа айналдырып жібердік. Облыс пен қаланың бізді күтіп жүрген жауапты адамдарымен жүздестік. Уақыт пен харекетті үйлестірдік.

Бөкең белгілі кәсіпкер, қоғам қайраткері, сонымен бірге ғылыми тұрғыдан аса ізденгіш жан. Қызылорданы көгалдандыру – оның хоббиі әрі өмірлік мұраты. Ауласында өсіп тұрған жас шыбықтары жылдың кез келген мезгілінде басқа жерге апарып отырғызуға дайын. Мен әзілдеп «көшеттердің перзентханасы» дедім. Сегіз жылдан бері хронобиология мәселесімен шұғылдануда. «Хронобиология; біз неге тіріміз» кітабының сүйінші данасын қолға ұстадық. Кітапқа алғысөз жазған мен едім. Табан астында Майра ханымұсынысымен кітаптың таныстырылымын өткіздік. Модератор болып, авторға, профессор Аманай Мырзабаевқа, қоғам қайраткерлері Сакен Келдібаев пен Майра Абдрахмановаға сөз бердік. Таныстырылымды ютуб арнасынан көруге болады. Содан соң Бөкеңнің бастауымен Жібек жолы даңғылы бойындағы «Ақмешіт Сырдария» орталық мешіті маңында тал көшеттерін Отырғыздық.

Түске қарай жүгірушілер де жетті. Әуелі Қорқыт ата университетіндегі кездесуге бардық. Мұражайын тамашаладық. Содан соң Сырдария ауданының Тереңөзек кенті Қалжан ахун ауылында оқушылармен, ата-аналармен, мұғалімдермен кездестік. Біздің кәсіби спортшыларымыз ауыл жастарына шеберлік сабағын өткізді. Бұл М. Бөдеевтің туған ауылы екен. Туыстары, ұстаздары, әріптестері, құрбы-құрдастары керемет қарсы алды. Желаяқтар ауыл адамдарының ықыласына бөленді. Қызылордаға оралған оларды монша мен бассейн күтіп тұрды.

Қызыордада керемет ақын Елубай Әуезовпен, басқа да жақсылармен жолығыстық, әңгіме-дүкен құрдық. Бұл сұхбаттардың әсері ғажап енді.

4 мамыр түн түндігін түре жолға шығып, сағат он шамасында Түркістан қаласының аумағына жеттік. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде кездесу аса қызықты өтті. Екі жақтың жастары сахнаны әнге бөледі. Көпшілікті біздің Тілеубек Бақдәулеттің әншілігі тәнті етті.

Түскі астан соң Қожа Ахмет Ясауи кесенесін, «Керуен сарайды», басқа да тарихты, тағылымды танытатын көрнекі жерлерді араладық. «Ұлы Дала тарихы» мұражайындағы ата-бабаларымыз ұстаған сан ғасырлық туларды көрдік. Гидіміз тарихшы, ғылыми қызметкер Сейдалы Дүйсебайұлы болды. Сейдекеңді ортаға алып, Сәкен ағамыздың ғибратты әңгімесін тыңдай отырып, кешкі асты іштік. Қасиетті Түркістанмен қимай-қимай қоштасып, «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автобанына түстік те Ұлытауға бет алдық. Болат пен бәйбішесі Гүлмира екеуі Қызылорда көпірінде күтіп тұр. Бір-екі ауыз тілдестік, жол азығын ала сап, бөгелмей алға жүрдік.

5 мамыр таңертең Жезқазғанға жетіп, университетіміздің екінші бір жорық тобымен түйістік. Басшылары – филология факультеті деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұртілеу Сиязбаев, философия және психология факультетінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бекарыс Жұмабек, Студенттер үйінің директоры Бектас Жұман. Келесі барар жеріміз Жошы хан тарихи-танымдық музей кешені. Екінші топта әнші-күйші, биші жастар. Межелі жерге барып қайтқанша автобус іші әп-сәтте ән мен күйге бөленді. Жақсымен өткен бір күннің бағасын айқын білесіздер!

Ультрамарафон старт алғанда біздің жақта күн бұзылатын рай білдірген. Оңтүстік өңірде ыстық болатыны шүбәсіз еді. Алайда оңтүстік өңір салқын да өкпек желімен қарсы алды. Дегенмен жұрттың бізге деген ықыласы ыстық еді. Ұлытау, Қызылорда, Түркістан аймақтарында өткен кездесулер жақсы әсер қалдырды. Жорық жылнамасын фото мен бейнежазбаға Ерсін Алдашке деген жас мобилограф жігіт түсірді.

6 мамыр күні құланиекте қарашаңырақ Қарағандыға, үйімізге аман-есен жеттік. Қарағанды жаздың құшағында екен. Таңғы саф ауа жып-жылы.

Тағы бір сапар артта қалды. Жолға шығатын күні етектен тартқан жұмысты, бітпеген, бітпейтін қағаздарды ойлап, мазасызданып біттім. Байланысы жоқ, жолы ұзақ сапар біртіндеп берекесіз ойлардан арылтты, көңілді еріксіз басқа арнаға бұрды. керуеннің мақсат-мұраты басқа деңгейдегі ойларға жетеледі. Сана сергіп, тың сауалдар туындады. Не бітірдік, не үшін жорық кештік? Біздің мақсат-мұратымыз не еді? Істі түйіндеп, соңына жеткізе алдық па? Өзіміз жағдайды жете түсіндік пе? Осы ойлар маған маза бермейді…

Әлемді түгел көрсе де,

Алтын үйге кірсе де,

Аспанда жұлдыз аралап,

Ай нұрын ұстап мінсе де,

Қызыққа тоймас адамзат! – деген Бұқарекең Жаратқан берген ұзақ ғұмырында қызық қуып жүрмегені, Қазақ мемлекетінің іргетасын қалай нығайтамыз, туын қалай желбіретеміз деп жарғақ құлағы жастыққа тимей өткені мәлім.

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңінде Бұқарекең елу мен алпыс жастың арасында. Жеті хан мен бәлен қолбасшыға, талай би мен батырға, төре мен сұлтанға, қаптаған қараша мен қайманаға ақыл-кеңес айтқан осынау тұлға жайлы тағы не білеміз? Бұқарекең қай кезде Көмекей әулие атанған еді? Жамбыл Артықбаевты тағы бір оқу керек болды. Бүгіннің Бұқар жырауы кім? Бүгінгі алақұйын заманда біз ұлттың болашағы үшін не істеп жатырмыз?

Жазбамның дәл осы жеріне келгенде білгенім азайып, қаламым шабандап, Жәкеңнің өзімен хабарластым. «Қазақ тарихындағы соқталы тұлға» (М. Мағауин) болған Бұқар жырау Бұқара Шарифтегі Көкілташ медресесін тәмамдап, Түркістан түбіндегі Қарнақта 1702-1723 жылдары ұстаздық, имамдық қызмет атқарған (Ж. Артықбаев), Түркістан Бұқар жыраудың рухани түлеуіне жол ашқан, «Жеті ханды жебеп» (Үмбетей жырау), Тәуке ханмен бірге «Жеті жарғы» мемлекеттік заңын шығаруға ат салысқан, Абылай ханмен тізе қоса отырып, қазақ халқының болашағына зор үлес қосқан Бұқар жырау бабамыз. Қасиетті Түркістан – Алты Алаштың ғана емес, мың мұсылманның, түркі тілдес бауырлардың,  күллі ғаламның рухани шамшырағы!» – деп үйіп-төгіп тастады.

Бүгінде Кентау қаласына қарасты Қарнақ мекені кезінде Түркістанның ежелгі білім мен ғылым орталығы болған. Қарнақтың ежелгі 22 медресесінен жалғыз Шәмет ишан музей кешені ғана сақталыпты.

Түркістанның ірі шаруашылық орталығы, сауда қонысы болған Иқан қалашығында 1734 жылы Бөкей хан дүниеге келіпті. Оның Сарыарқаға, соның ішінде Қарқаралыға келіп орда тіккеніне биыл 275 жыл болған екен. Бұл да жадымызды жаңғыртар тарихи дата.

Арқа өңірінде қызмет жасап жүген азаматтар мен ғалымдар Бұқар жырауға Шәмет ишан музей-кешенінің, ал Бөкей ханға Иқандағы Ғашық Жүсіп ата музей-кешенінің сыртқы іргелеріне ескерткіш тақта орнатуға талап қылуда екен. Тарихи кезеңді жаңғырта отырып, ұлылардың ұлы істерін жаңғыртып, жалғастырайық, ұрпаққа қажетті істі кешіктірмей қолға алайық деген ниет қозғау болған азаматтар Бұқар жырау және Қарқаралы аудандары жұртшылығы атынан Түркістан облысы басшыларына хат жолдап, жауап күтуде.

Түйін. Арман. Жоспар.

Ультрамарафон кілең сен тұр, мен атайын деген сайыпқырандарды жинапты. Әнші де, аспаз да, чемпион да, ғалым да осында. Осалы жоқ. Сегіз қырлы бір сырлы жандар. Ғибратты әңгіме, терең тарих, шырқалған әндер ұзақ жолды қысқартып, көңіл сарайын аша түсті. Қарсы алған жастар да бізбен жүгірді. Кездесулерде салиқалы әңгіме айтылып, әсем әндер шырқалды.

Айналасы 3-4 күнге созылған жорығымыз тез аяқталды. Сананы сергіту, рухани жаңару үшін кемі жеті күндік сапар болса құба құп болады екен. 3-4 күнде қаладан адам кеткенмен, қала адамнан кете қоймайды екен.

Біздің университет «Рухани.кз» жобасы бойынша бірнеше жыл нәтижелі жұмыс істеуде. Бұл жолғы жорыққа елу адам, ал «Рухани.кз» жобасының қалған үш бағытына 135 адам қатысты. Ультрамарафон идеясы, ұйымдастырылуы мен өтуі көңілден шықты. Ол туралы матариалдарды республикалық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде кеңінен таратуда.

Ректор Н. Дулатбековтың өзі де кезінде осындай жорықтарға қатысқан, ұйымдастырған. Онымен бір ой бөліскенде, жастар үшін осындай елтану сапарларының маңызына назар аударды. Қазақстанда жүзден артық ЖОО болғанымен олардың өзара араласуы көңіл көншітпейді. Дегенмен мамырдың бір күнін еліміздің қасиетті де киелі жерлерін аралауды мақсат тұтқан жастардың рухани сапар күні деп белгілесе, еліміздегі жүзден аса университеттің әрбірі жүз студенттен қосса құба құп болар еді. Мұның өзінде Шығыстың ұланы Батысқа, Батыстың ұл-қыздары Шығысқа шығандаса, Күнгейден керуен Теріскейге шықса, Теріскейдің жастары Күнгей жақты бетке алса, жастардың санасына соны серпін бермек. Бұл әр университтетің өз күшімен-ақ жүзеге асыратын іс. Сонда бір мезгілде он мыңға жуық жастың жан дүниесі кемелденбек. Бұл аз да емес, көп те емес. Бірақ керек дүние. Керек қозғалыс. Ішкі туризмнің әлеуетіне де оң әсер етпек. Сол он мыңның әрбірі он адамға үлгі болса, жүз мың сана серпілмек. Бұл іске ел басшысы сол күні батасын берсе, тіпті жарасымды болар еді дегені бар.

Қарағанды университеті алғашқы эстафетаны 1979-жылы Тың игерудің 25-жылдығына орай ұйымдастырған. Мен осындай эстафетаға 1980-жылғы сәуірде 17 жасымда қатысып едім. Ол кезде қоғамда коммунизм идеясы дендеп тұрған шақ. В.И. Лениннің туған қаласы Ульяновскіге (қазіргі Екатеринбург) сегіз күнде жүгіріп барғанбыз. Қашықтық 2500 шақырым еді. Университет одан кейін Алматыға (1981), Мыржыққа (атом полигонына (1989), Қарауылға (1990), Аралға (1991) және т.б. жерлерге эстафета ұйымдастырды. Қазір мұндай жүгірістерді ұйымдастырудың ұтымды тәсілдері табылған. Менде бір-екі эстафетаның материалдары сақталған. Соларды университеттің мұражайына тапсырмақ ойым бар.

Бұл жолғы жорыққа қатысушы жастардан мақсаттарың не деп сұрадым. 1980-жылдардағы біздің жауаптан бөлек жауап алдым. Иә, заман басқа, заң басқа. Тұрмыс басқаша, сана өзгеше. Кімнің жауабы қандай деп баға бермейін, сіздер сұрамаңыздар.

Кезінде Марко Поло «алты ай жүрсең таусылмайтын жері бар, алты ай жырласаң сарқылмайтын жыры бар» деген еліміздің шамалы бөлігіне ғана саяхат жасадық. Бұл саяхат бұрынғылардың жалғасы, алдыңғылардың бастауы ғана деп білемін. Қазір Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Заманалық зерттеулер институтының директоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың «Тарих толқынындағы Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі. XVI-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталарындағы қазақ мемлекеті» кітабы сенсация туғызып жатыр. Ол 17 жыл ішінде әлемнің елу мыңдай тарихи картасын зерттеп, соның ішінен Қазақ мемлекетінің екі мыңға жуық картасын тауып, соның 130-ын кітабына енгізді. Кітабы 2021 жылы Брюссельде басылып шықты. Ол небір тың жаңалықтарды ашып жатыр. Тіпті Қазақ елінің екінші бір атауы Жете елі екен. Жетісу, Жетісай атаулары жеті санынан туындамаған, жете сөзі мен қазақ сөзі синоним дейді.

Жетелі елдің баласымыз, жетеміз жетсе әлі сан сапарға шығармыз.

 

Болат СЫЗДЫҚ,

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің
қылмыстық құқық, процесс және криминалистика
кафедрасының қауымдастырылған профессоры, з.ғ.к.,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button