Сұхбат

Халқымыздың 40%-дан көбісі теледидар қарайды – К.Ойшыбаев

Осыдан бір жарым ғасыр бұрын Абай бабамыз «Қалың елім қазағым қайран жұртым» деген екен. Ол халқының болашағына деген ақынның алаң көңілі. Бүгінгі сұхбатымызда да елдің ертеңі жайлы өрбітетін боламыз. Қонағымыз - Кемелбек Ойшыбаев.

– Қазір әлеуметтік желіде әркім өз ойын еркін білдіреді ғой, сіз бұл тұрғыда кәсіби мамансыз деп білемін. Өйткені, «Қазақстан» корпорациясын басқардыңыз, біраз жыл журналистикада болдыңыз, Ақпарат министрінің бірінші орынбасары болдыңыз. Әңгімеңізді қазір эфирде не көрсетіліп жатыр осы жайында бастасаңыз.

– Рақмет, армысыз. Әр адам өз бағытында қызмет жасайды. Біз журналистика индустриясының бағыты жүйелі болуы үшін жұмыс жасап жатырмыз. Жылдың басында Ұлттық медиа қауымдастығының төрағалығына сайландым. Қауымдастық 1998 жылы құрылған, жиырма жылдан астам уақыт өтті. Бұл жәй қағаз түріндегі бірлестік емес. Оның ішінде өзінің штаты бар, өз бюджеті бар, медиа өлшемге бағытталған. Осы жиырма жылдан аса уақытта медиа жұмысты жүргізу жүйеленген. Соның арқасында біз нақты көптеген көрсеткіштерді көріп отырамыз. Қанша адам Қазақстанда телеарна қарайды, жұмыс істейтін адамдардың қаншасы телаеранаға уақытын бөледі, жұмыссыз үйде отыратын адамдар қанша уақыт бөлетініне сараптама жасаймыз. Сәйкесінше, қай телеарнаның алдыңғы орында  келе жатқанын, қай арна кімнің көңілін тауып жатқанын анықтап отырмыз. Осы біздің басты, негізгі бағыт. Бірақ, бұл қауымдастық болғаннан кейін, бүкіл республикалық телеарналардың, жарнама агенттіктерінің, жалпы 46 мекеменің басын қосып отырғаннан кейін, жалпы алғанда 50 мыңнан аса жұмысшы бар. Көптеген журналистер, PR мамандары жұмыс істейді.

– Осыған дейін ресейлік немесе ағылшындық компаниялар «Kantar»  немесе «TNS Media Group» деген компаниялар медиа өлшем жасайтын. Сіздер ресми түрде көштіңіздер ме, қазір сіздердің өлшеммен қарай ма?

Түсіндіріп берейін. Қауымдастық өзі жұмысшыларды жұмысқа алып, өлшемді өзі жүргізбейді. Жарнама беруші бүкіл әлемдік компанияларды таңдап, соларға тапсырыс береді. Әлем бойынша ірі деген медиа өлшем жүргізетін үш компания бар. Соның бірі «Kantar» компаниясы. Бізде осы компанияның өкілдігі бар. Біз тығыз байланыстамыз, тапсырыс беріп, талап қоямыз. «Kantar» компаниясы өкілдігі осы жұмысты жалғастырып жатыр. Биыл бұл компанияға қойылар талаптарды өзгертіп жатырмыз. Ашықтық болуы керек, күнделікті көріп отыру, технологияларды жаңартып, өзгерту керек. Өзіміздің эксперттік кеңес бар, сол кеңесте жаңа талаптарды дайындаймыз.

 

Мысалы, тарихи кинолар. Одан кейін,  халық сол туындыға сәйкес кітабын іздей бастайды. Сондай тенденция бар. Сіздер осы бағытта аналитикалық жұмыстар жасап, халықтың назарына ұсынасыздар ма? Ел қазір теледидар қарауды азайтты, шыны керек. Он адамнан сұрасаң жеті-сегізі қарамаймыз деп жауап береді. Бірақ, қарамаса да, қараған адамдардың сөзін естіп алып, солардың айтқанын айтып жүреді. Сондықтан, эфирден шығатын жақсы дүниелерді дұрыс насихаттау сізге байланысты сияқты. Осыған ойыңыз қалай?

Бұл тұрғыда қарайтын болсақ, зерттеушіміз деп айтуымызға болады. Қазір барлығымыз көріп жатқан тенденция интернеттің дамуы ғой. Дей тұрғанмен, халық теледидарды көруді азайтты деген пікір біздің зерттеуімізбен қарасақ, дұрыс емес. Себебі, қазіргі уақытта 19 миллион халықты санап қарайтын болсақ,  6,5-7 миллион адам аптасына бір рет болсын теледидар қарайды. Яғни, еліміз бойынша халқымыздың 40%-дан көбісі теледидар қарайды. Бірақ, ғаламтордың дамып келе жатқанын да жоққа шығара алмаймын. Халық  көбіне ғаламторда  жазба ақпараттар қарап, мақалаларды оқиды. Сәйкесінше, бұқара ғаламтордан телевизиялық контентті көріп отыр. Әрине, барлығы телевизиялық контент демеймін. Мысалы, ғаламторға кіріп, сериалдар, фильмдер, деректі фильмдер көреді. Айналып келгенде, теледидардан шығатын өнімді халық ғаламтордан қарап отыр дегім келеді. Бізге бастысы қанша халық теледидар көрді дегенді зерттеу емес, біздің контентті қандай ақпарат көздері арқылы қарап отырғаны маңызды десем болады.

Ұлттық арна Ахмет Байтұрсынұлы туралы сериал түсірді. Бір жылдың нәтижесін алайық. Биыл,  Ахмет Байтұрсынұлына ескерткіштер қойылып жатыр. Қайым Мұхамедханұлына ескерткішті президентіміздің өзі барып ашты. Бұл үлкен идеологиялық жұмыс деп есептеймін. Биыл Ахмет Байтұрсынұлы, Қайым Мұхамедханұлы туралы кітаптарды жастар іздеп жүріп оқи бастады. Демек, телевизия өзін үлкен күш ретінде көрсетті деп айтуға толық негіз бар. Менің ойымша,  осы экранға шығып жатқан дүниелерді сараптау үшін, өзіңіз аналитикалық жазушыларды, журналистерді жұмысқа кірістіруіңіз керек сияқты. Қалай ойлайсыз?

Негізі, насихат жұмысы аздау, өткенде, телевизия корпорацияларының басшыларымен отырып, осы мәселені талқылаған болатынбыз. Негізі, журналистер ақпарат таратумен айналысатындықтан, көбінесе өзгелер жайлы көп айтады, жазады. Өзімізге келетін болсақ, әрине, біршама жұмыстар атқарамыз. Бірақ, өзіміз туралы жазбаймыз, өз-өзімізді мақтағандай болатын сияқтымыз.

 

Қазір елімізде түсіріліп жатқан тарихи фильмдерімізді, ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрлерімізді насихаттауға арналған контенттің қаралымы қалай?

– Біздің көрсеткіштеріміздің мақтанарлық тұсы – еліміз қазақ тілді контентті жақсы қарайды. Тіпті, орыс тілі контентке қарағанда, екі есе артық қарайды десем болады. Біз соңғы жеті жылдың ішінде осындай өзгерістерге жетіп отырмыз. 2014-2015 жылдары осы салада басшылық қызметте істеп жүрген кездері зерттеу нәтижелерінің қорытындысын қарап отыратынмын. Медиа өлшемнің көрсеткіші бойынша бірінші орында, сондай-ақ үздік ондықта бүкіл ресейлік арналар болатын. Қазір соңғы үш жылдың көрсеткіштерін қарағанда, шетелдік арналарды қазақ арналары ығыстырып, алғашқы орындарда тұрғанымызды айтқым келеді. Бұл бір-ақ рет жеткен көрсеткішіміз емес, тенденцияға айналды десем болады. Бұл менің ойдан шығарып отырған статистикам емес, ресми түрде әлеуметтанудың негізгі принциптеріне сәйкес жасалған көрсеткіштердің нәтижесі. Қазақ тілді контенттің қаралымы өсіп келе жатыр. Сериалдарға келетін болсақ, еліміз Ресейдің, Түркияның, Үндістанның сериалдарын көрсетеді ғой, сол туындылар арқылы да арнаның қаралым саны өседі. Бірақ, ішкі құрылымын зерттеген кезде әр арна не көрсететінін және көрермен қайсысын көреді деген кезде қазақстандық өнімді қарау көрсеткіші өсіп келе жатыр. Өзіңіз айтқан тарихи сериалдар бар, тарихи емес сериалдар бар солардың қаралымы жылдан жылға өсіп келе жатыр. Биыл, «Ұлттық арнаның» «Домалақ Ана» сериалы ақпан және наурыз айлары бойынша ең көп қаралған сериал қатарына кіріп отыр. Бұл үнді, түрік сериалдарын қосып, саралаған ақпарат. Ал, қазақша сериалдардан тағы да алдыңғы орында көрсетіліп, қаралым жинап жүрген біраз сериалдар бар. Олардың қатарында  «Бақыттың кілті», «Орман иесі», «Күйеу бала» сынды туындылар бар.  Тарихи сериалдар өз кезегінде аз қаралым жинайды. Алайда, ойын-сауық форматында көрсетілетін бағдарламалар көп қаралымға ие болады.

– Кемелбек Бақтығұлұлы, әңгімеңізден бір сұрақ туындап тұр. Әр ұлт өз елінде, өз жерінде танымын, болмысын іздейді. Сұрайын дегенім мазмұнды, философиялық, қазақтың болмысын көрсететін дүниелерді көрсетеміз. Бірақ, рейнтингтері болмай қалып, телебасшылар ондай бағдарламаларды жауып тастайды. Рейтингтің осы мәселеде қажеттілігі бар ма?

Бұл негізі күрделі сұрақ. Тек қазақстандық журналистер емес, әлем журналистері қоятын сауал. Бұл сұрақтар қойылып жатқанымен, мәселе шешіліп жатыр деген сөз емес. Бұл тенденция бүкіл зерттеулерді өткізген кезде, әлем бойынша адамдар бірінші орында ойын-сауық бағдарламаларын қарайды. Одан кейін сериалдар, фильмдер кетеді. Ал, ағартушылық бағытта жұмыс жасайтын, білім беретін, танымдық бағдарламалар болсын, деректі фильмдер болсын, басқа да бағдарламалар әрқашан аз қаралым жинап, рейтингтің төменгі жағынан орын табады. Бұл айтып отырмын ғой, тек біздің елдегі емес, әлем бойынша көрсетіліп тұрған көрсеткіш. Барлығы ойын-сауық бағдарламаларды одан сайын қызықты етіп көрсетуге күш салады. Себебі, сұраныс сол…

– Әсерлі әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Меирқан Шыңғысхан

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button