Жаңалық Редакция таңдауы

Киелі Көкше төріндегі Амал мерекесі

Бүгінде Жылдың бастауы болған Көктем мерекесін еліміздің барлық өңірлерінде тойлау басталып кетті.

Осынау Ұлыстың ұлы мерекесі – Наурыз мейрамы ынтымақ-бірлігі жарасқан Ақмола өңірінде де бастау алып, бірқатар мәдени іс-шаралар өткізілді. Солардың бірі Наурыз мейрамының бастауы болған – Көрісу күні, Амал мерекесін ерекше атауға болады.

Көрісу салты – жаңа жыл, жаңа өмір, жаңа күн, татулық пен мейірімділікті, ізеттілікті меңзейтін халқымыздың ежелгі дәстүрі. Көрісу күні – береке-бірлік пен ырыс-ынтымақтың мейрамы.

Ата-бабаларымыз жан-дүниенің жаңарып, қыстан аман-есен шыққанына, көктемге аяқ басқанына ерекше қуанып, ағайын-туыс, көрші-қолаңмен қол алысып, төс қағысқаны ежелден белгілі. Сондықтан да бұл айтулы күнді адамдар бір-біріне деген араздық, өкпе-ренішті ұмытып, мейірім-шапағат, амандық тілейтін ерекше күнге балайды. Осынау бабалар аманат еткен ізгі жол, ұлттық салт-дәстүрлерімізді одан әрі дамытып, кейінгі ұрпағы біздер де жалғастырып келеміз.

2023 жылғы 14 наурыз күні Көрісу күніне орай Киелі Көкше төріндегі  «Достар» МС Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық даму орлалығы» КММ ұйымдастыруымен «Наурыз шапағаты» атты  мәдени-спорттық іс-шара өтті.

Ұлыстың ұлы күніне орай өткізілген игі шараның мақсаты – Өскелең ұрпақты рухани құндылықтарымыз – бауырмалдыққа, ізгілікке, мейірімділік пен парасаттылыққа тәрбиелеу, сондай-ақ ел жастарының бойларына ұлттық спортты дарыту.

Мәдениет сарайының фойесінде қазақ халқының түрлі ұлттық («тоғыз құмалақ», «5 асық», «асық ату», «қазақ күресі») ойындарынан көріністер ұйымдастырылып, ұлтымыздың рухани құндылықтарын насихаттайтын көрме де қойылды.

Ізгілік пен мейірімділікке толы шараға Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин, көкшелік ардагерлер қауымы, қоғамдық бірлестіктердің төрағалары, білім беру мекемелерінің басшылары мен оқу ордаларының студент-жастары қатысты.

Наурыз мерекесі қарсаңында Көрісу күніне орай облыстық бейнебайқаудың жеңімпаздары сахна төріне шақырылып, марапаттау рәсімі де өтті.

Көрісу күніне арналған бейнебайқау жеңімпаздарына сертификаттар табысталып, арнайы қошемет те көрсетілді. Сонымен қатар барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары берілді.

Тағылымды шара барысында қырық жыл бабамыз Абылай хандық құрған киелі мекен Көкше жеріне келіп, ел жастарына үлгі-өнеге бола білген бүгінгі шараның арнайы қонақтары, қос батырымыз –  Тимур Спатаев пен Ерсана Қапаровқа ұйымдастырушылар тарапынан қазақтың салты бойынша иықтарына шапан жабылып, үлкен құрмет көрсетілді.

Мәдени-танымдық шара соңында Көрісу күніне орай музыкалық ән-шашу  орындалып, қатысушылардың көңілінен шықты.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button