Киік неге киелі?
Киік туралы
Арқаның Бетпақ деген даласы бар,
Бетпақ – шөл, ойлы-қырлы панасы бар.
Сол шөлде ел жоқ, күн жоқ өсіп-өнген,
Жәндіктің «киік» дейтін баласы бар.
Сәкен ақынның өлеңі. «Киікті қазақ және дейді бөкен» деген жері тағы бар. Сұлу жануар. Көздері бөлек әңгіме. (Суреттегенде болмаса бөкенге қарағанда қарақұйрық әлдеқайда сұлу көрінеді.) 80-нен астам өсімдіктің тамырын қорек қылатын бұл жануар кәсіптік маңызға да ие. Еті, терісі, тұяғына дейін сұранысқа ие бөкеннің ең құндысы – мүйізі. Өміршеңдігі таңдай қақтыратын киіктің бар қаруы жылдамдығы. Орта есеппен сағатына 80 шақырым жүгіруі – танауының арқасы. Ең өсімтал жануар бола тұра ақбөкендер «қызыл кітаптан» түспей келеді. Бұл – мүйізінің кесірі. Киіктер жылына бір рет маусымның 14-28 аралығында жаппай төлдей бастайды. Көбіне егіз лақтайтын жануар кей-кейде үшеуден де лақтап жатады. Лақтары 2-3 сағаттан соң енелерін еркін еміп, айналасы 4-5 сағатта аяғынан нық тұрып кетеді. Кей басылымдарда екі, үш күнгі лақтарға көлікпен қусаң да жете алмайсың делінеді. Қуып көрмеген соң бәлен дей алмайды екенсің. Білерім, лақтары өте ұйқышыл келеді. Қараған түбінде қуыстанып ұйықтап жатқан лақты ояту оңай шаруа емес. Түрткілеп (көбіне қызық көріп), оятып алған соң бетіңе ұзақ қарап тұратыны бар. Не болып жатқанын ұға алмай тұрып қалатын секілді. Сосын қаша жөнеледі.
Табиғи амал
Келеді қаңғырақтап жалғыз өзі,
Тілі жоқ, құр жүректе айтар сөзі.
Ақсақалдардың айтуынша желге қарсы жүгірген киіктерге лақтауға жетердей күш, қабілет бітеді екен. Екі, үш күнге созылған төлдеу маусымының соңы «құралай салқынына» ұласады. Бұл табиғи амалдың осындай атау алуына әрине құралайдың тікелей қатысы бар. Құралай ыстыққа шыдамаса керек. Шыбын-шіркейдің талауына да әлсіз. Сондықтан жаңа туған төлдің аяғынан нық тұрып кетуіне, ширатуына, үстінің тез кебуіне, шыбын-шіркейге таланбауына, жануардың басты жауы дала аңдары «жорығының» тынши тұруына арналып жасалған табиғи құбылыс іспетті. Осы екі-үш күнде құралай аяғына нық тұрып кетеді де, ізін іле жаз шығады дейді халық даналығы.
Әлқисса
Көздері мөлдіреген ақбөкенді,
Адамның баласынан кем көрмедім.
Адам ата жерге түскенде құдіреті күшті жаратқан иенің пендесін көрмекке барлық аң атаулы жиылса керек. Сол кезде Адам атаны ең алғаш көрген де осы киік екен. Ол «Алланың халифасы жерге түсті» дегенді естісімен қазақ даласынан Жидда тауына дейін желіп отырыпты деседі. Сол кезде Адам ата мен Хауа ана Жидда тауының етегінде үй тұрғызып, тіршілік ете бастаған екен. Адам атаны көруге ынтыққаны соншалық ақбөкен аталған тауға еш аялдамай жеткен деседі. Діттеген жеріне жетіп, үйдің маңайына жақындай бере бөкен құлап түседі. Адам ата жануарды көтеріп алып, үйіне алып келеді. Оған інжірдің жапырағын беріп асырайды. Адам ата мейірленіп оның тұмсығынан сипағанды ұнатқан екен деседі. Адам атаның қолы тиген жерлері өзге аңдардан ерекшелене берген екен. Тұмсығына қол тигенде ауаны оңай жұтып, оңай шығарар мүше болып, арқасына қол тигенде хош иіс шығып, аяғына қол тигенде тұяғына қасиет бітеді. Мың ауруға ем болатын тұяғы қуғанға жеткізбейтін өзінің басты қаруына айналса керек. Көзіне қол тигенде ерекше мейірім төгетін жанар бітіп, жаөанның сұлулығын сіңіріп алғандай болыпты. Мүізінен сипағанда оған да шипагерлік дарыпты. Адам атаның қолы беліне тигенде жануарға ішіндегі төлінің жынысын ауыстыра алатындай қасиет бітіпті.
Ақбөкеннің осындай қылығына риза болған Адам ата
– « Түз даланың тағысы болғыр, жануарым. Саған қатты разы болдым. Өзіңді мазалап жүрген мәселе болса маған айт. Жаратқаннан медеу сұрап, дұға етейін» дейді. Сонда киік:
- Аптап ыстықта туған төлдің тынысы тарылып қалады. Шыбын-шіркейге әбден таланады. Қала берді, қасқырдың қорегіне айналып бітеді. Даланың шөбі жас төлге ауыр боладыдағы қоң жинай алмайды. Осын қиындықтардың орайын тапсаң, – дейді. Жануарының арызын Жаратқанға жеткізген Адам ата қалауының қисынын тапса керек.
Содан бастап бөкендер төлдер уақытта бетпақта екі-үш күндік суық болады екен. Жаратқан осы уақта қасқырдың етке деген тәбетін тыятын көрінеді. Осы екі, үш күнде киік төлін ертіп алады да, қасқырға баяғы тәбеті қайта бұйырады. Далада өсетін түйетабан да осы суықта ғана көктеп, көгередідағы лақтардың негізгі азығына айналады.
Ақбөкен жаратқан иенің жерге жіберген пендесін көріп, қолынан құт дарытқан, сұрағанын алған соң бетпаққа қайтпақ кейіп танытады. Даласына қайтып бара жатқан жануарға қарап, Адам ата:
Сайын түзден тап мекен,
Басқа орнасын бақ бекем.
Қу медиен түздерге
Ырыс дарыт, Ақбөкен! – деп батасын беріп, шығарыпа салған деседі. Содан бері түз даланың тағысына айналған киікке кие біткен екен. Бөкенге зиян келтірген адам Адам атаның қарғысына ұшырайды деген наным да бар.
Діни қиссаларда Адам ата жерге түскенде жұмақтан інжір ағашының бес жапырағын ала келген деседі. Сол жапырақтардың бірін жібек құрты, бірін бал арасы, бірін киік жеген көрінеді. Қалған екеуін Адам ата жерге егіп кетсе керек. Пейіштің жемісін жеген, Адам атадан бата алған, қолынан жем жеген жануар содан бері киелі есептеледі.
Сұлтан МҰСТАФИН,
Ruh.kz