Жаңалық

КИІЗ ҮЙ. ҚАЗАН. ШАҢЫРАҚ. БҰРЫШСЫЗ ТІРШІЛІК.

Бұрышы жоқ тіршілік – еркіндік деп аталады емес пе?!

Әдетте, қандай да бір тарихи деректің құндылығы оның көне құжаттарда көрініс табуымен бағаланады. Мұны ғылыммен шұғылданған, дерек іздеп архивтерде көз майын тауысқан жанның бәрі біледі. Дегенмен, белгілі бір халықтың жазу-сызуы әлі жоқ кезде де оның өзіндікерекшеліктері, өмір сүру қағидаттары болған және ол сол халықтың тұрмыс-тіршілігінде бейнеленіп келген. Солардың бірі – біздерміз.

Халқымыздың тұрмысында пайдаланылатын заттарды зерделей отырып, қазақтың тіршілік етуінің басты қағидалары әу бастан-ақ текетірестерді айналып өтіп, пәтуаға келуге, теңдікке, ортақ іске бірдей жұмылушылыққа, бейбіт қарым-қатынас құрып, оқыс жайларды шиеленістірмеуге негізделгенін танып-білуімізге болады. Ғылым тілінде оны «үшкір бұрыштары жоқ» философия деуге болады. Ғасырлардан өтіп, бүгінгіге жеткен «Біз – қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз…

Досымызды сақтай білген елміз, дәмі-тұзын ақтай білген елміз…» деген сөздер – қазақтың сол философияны ұстанған ел екенін көрсететін белгілердің бірі. Жиырмасыншы ғасырда айтылған «Қазақ деген халық бөлек, ел бөлек. Қазақ жүрген соқпақ бөлек, жол бөлек. Киіз үйі Жер сияқты жұп-жұмыр, Шаңырағы Күн сияқты дөңгелек» (Күләш Ахметова) деген сөздер де сол қағидаттан хабар береді. Киiз үй – біз үшін өз үйіміз, өлең төсегіміз болғанымен, ақын оны Жер планетасына әдемі теңеген.

Шындығында да солай, қазақтың киіз үйі – ғаламның моделi, бүкiл ғалам мен адам арасын байланыстырушы киелi орын. Киiз үйдегi кеңiстiк – қазақ дүниетанымының тоғысқан жерi. Ғасырлар бойы адам өмірі осында өтті: дүниеге келдi, үйлендi және соңғы сапарға аттанды. Яғни, адамның түздегi тiршiлiгiн қоспағандағы өмiрi өтетін тұрақты мекен-тұрағы. Оның киесi туралы толғансақ, сөз шаңырақтан бастау алады. Ал қазақ үшін шаңырақ – қасиетті әрі сан қатпарлы ұғым. Ол – бір жағынан Күннiң символы, ал уықтар Күннен шашыраған сәулелерді бейнелейді. Екінші жағынан шаңырақ – әулеттің символы.

Шаңырақ көтеру – азамат болу, ел қатарына қосылу дегендi білдiреді. Үй тіккенде шаңырақ көтеруді сол әулеттің абыройлы, беделді ер-азаматына тапсырған. Шаңырақтың шайқалтпай, нық ұсталуын, уықтардың дұрыс әрі тез шаншылуын жақсы ырымға балаған. Оның астында тұратындар ұйымшыл, ауызбіршілігі мол болады, ол шаңырақтан шыққандарға бауырмалдық, мейірімділік қасиеттер сіңеді деп сенген.

Бұл сенім де ұлт бойында сақталып, қазіргі қоғамды топтастыруға, бір мақсатқа шоғырландыруға қызмет етуде. Соның кейбіреулері Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІ сессиясында мысалға келтіріліп, бірегей жобалардың бастау алуына негіз қалады. Таяуда Ассамблея бастаған «Қазақтану» жобасы да қазақ ұлтының бейбітшіл, кеңпейіл, жанашыр, қамқоршыл қасиеттерін ұлан-ғайыр дала – Қазақстан шаңырағын мекен еткен барша халықтың бойына сіңіруді мақсат етеді. Жобаны көпке таныстырып, тұсауын кескен іс-шарада Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Л.А.Прокопенконың: «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасының үш жүздің басын қосқан Абылай хан алаңында басталуының мәні тереңде жатыр.

Біз де күш-жігерімізді ортақ құндылықтарымызды «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында нығайту үшін біріктіретін боламыз» деп сөз бастауы көпшіліктің көкейіне қонды. Әрі қарай ол қазақ халқының тұрағы – киіз үй сияқты – үшкір бұрыштарсыз, яғни, жанжалсыз, қақтығыссыз өмір сүру философиясын қабылдап, бойға сіңірудің еліміз үшін, жалпы жер бетіндегі бейбітшілік үшін маңыздылығын атап көрсетті. Сол күнгі іс-шараға қатысушылар кезінде қудалауға ұшыраған сан халықтың өкілдерін бауырына басқан қазақтың бойындағы кеңқолтық мінез бен мейірімнің бұл халықтың бойында ежелден қалыптасқан қасиет екеніне көз жеткізгендей болды.

Тайға таңба басқандай ап-анық нәрсеге бұрын көңіл бөлмегендеріне таң қалып жатқандар бар. Жастарға осы тұрғыда түсіндіру керек деп ұсыныс айтқандар да болды. Ол рас, қазақ тұрмысына тән киіз үй, шаңырақ, ошақ, қазан, таба нан тағы басқа заттардың ежелден келе жатқан терең мәні бар. Бұл заттарды кинодан немесе музейлерден көретін қазіргі ұрпаққа олардың халқымыз үшін қандай киелі екенін айтып түсіндіру де «Қазақтану» жобасының шеңберінде жүзеге асырылмақ. Бұл ретте асыра ақылдымсымай, қазіргі шыдамсыз жастарды жалықтырып алмай жұмыс жүргізу ойластырылуда. Кітаби дәрістен гөрі өмірлік ой түюлерге, өзіндік тәжірибеге ден қойылу жоба нәтижелілігін арттыра түспек.

…Әкемнің қызметіне байланысты бала кезімізде көп көшіп-қондық. Әрине, қазір еске алғанда үй жығып, үй тігу, көшу, жаңа қонысқа орналасу, әкемнің жерошақ қазып, анамның қазан орнатуы кинодағыдай болып көрінгенімен, ол кезде романтикасынан гөрі қиындықтары көп болғанын түсінемін. Үй тігу, кереге керу, шаңырақ көтеру, уық шаншу, туырлық жабу, белдеу тарту сияқты жұмыстарды көзбен көріп, шамамыз келгенше қолғабыс жасайтынбыз. Сонда әжем, біз біліп жүрсін деді ме екен, шаңырақты көтергенде бақанның екiншi ұшы тиген жерге, яғни үйдiң дәл ортасына ошақ орналасуы керектігін айтатын. Келе-келе үлкен үйдің қасына жапсарлас етіп кішкене үй тігіліп, ошақ сонда орналастырылатын болды. Бүгінгінің тілімен айтсақ, қонақ бөлме мен ас бөлме сияқты. Ошақтың бос тұрмауы керектігін де сол кезде естіген едім. Анам да ошақты қойған соң, бірден қазанды орнатып, ішіне сүт құйып, пісіретін. Кейде су құятын. Жалпы ырымшыл халық болғандықтан, қазанның бос тұруы жаман ырымға саналатынын мен кейіннен білдім. Қазан – «құт» деген түсiнiктi беретін символ. Көшпенділер өмірінде қазанның орны бөлек. Қазансыз отбасы жоқ, ошақ та жоқ, үй де жоқ.

Қазақтың қазанды қатын-баламен бiрге атайтыны, Махамбеттің «қара қазан, сары бала қамы» үшін «егеулі найза қолға» алғаны соны көрсетеді. Қазан қыз жасауының міндетті бұйымы болғаны да көп жайды аңғартады. Қайда көшсе де қазанын тастамайтын ғұрып та бүгiнге дейiн жалғасып келедi. Қазақ халқы үшін қазан – бірлік пен қонақжайлықтың нышаны іспетті. Қазанды татулықтың белгiсi ретiнде танытатын аңыздардың бiрi: «жауласқан мың батырдың найзасының ұшы ерiтiлiп, қазан құйылған екен» деп басталады. Бұл – қазанның татулықтың, береке-бiрлiктiң символы ретiнде танылуының негізділігін орнықтыра түседі.

Қазанның бiзге жеткен керемет үлгiсi – Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде тұрған қасиетті Тайқазан. Әмір Темір заманынан қалған құнды жәдігер ұзақ жылдар бойы Эрмитажда тұрып, жұртшылықтың талабы бойынша елге қайтарылғаны белгілі. Ғылыми деректер бойынша бұл қазан 1399 жылы 25 маусымда (хижра 801 жыл, 20-шаууал), Түркістан қаласының батысында 27 шақырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекенінде, сирек кездесетін жеті түрлі асыл металдың (мыс, мырыш, алтын, күміс, қола, қорғасын, темір) қоспасынан құйылған.

Қазанның салмағы 2 тонна, сыйымдылығы 3 мың литр, биіктігі – 1,60 м, диаметрі – 2,42 м. Тұғырының биіктігі – 0,54 м, диаметрі – 0,607 м. Кесенедегі Тайқазан «сақ» типтегі қазанға жатады. Алып қазан жасау көне сақ, ғұн, үйсін дәуірлерінен жалғасып келген дәстүр екенін деректер мен айғақтар растайды. Елдік санасы биік, отбасылық құндылықтарды жоғары ұстанған социумдар үшін қазан – мемлекетшілдіктің, береке мен бірліктің, молшылықтың, елдіктің нышаны болған. Бұл күнде Тайқазан өзінің құтты орнында, қазақ халқының, Қазақстан атты үлкен шаңырақтың, қала берді күллі түркі жұртының берекесінің, тыныштығы мен бірлігінің нышаны қызметін атқарып тұр.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аталып өткен 2015 жылы «Бейбітшілік пен келісім жол картасы» мега-жобасы аясында өткізілген «ҚХА-20 игі іс» республикалық акциясының нышаны ретінде Тайқазан алынды. Тайқазанның көшірмесі мамыр айында ресми түрде Ұлттық музейге тапсырылғанға дейін «ҚХА-20 игі іс» республикалық акциясының аясында елімізді мекен еткен барлық этнос өкілдерін қамти отырып, 2500-ге жуық іс-шара өткізілгені белгілі. Халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын, соғыс ардагерлерін, көп балалы отбасыларды, жетім балаларды қоса алғанда, 35 мыңнан астам адамға көмек көрсетіліп, Тайқазан тағы да қайырымдылықтың, береке мен бірліктің символы ретінде танылды.

Астананың 20 жылдығы қарсаңында өңірлердің елордаға тарту жасауы мерекенің мерейін арттырды. Есілдің екі жағасын атыраулықтар салған әдемі көпір жалғап, жетісулықтар тарту еткен бақ қала көркін аша түсті. Қарағандылықтар сыйға тартқан «Қазақ еліне мың алғыс!» монументі тарихқа тағзым еткізіп, павлодарлықтар салған велосипедшілер жолдары Астананың экологиясының тазаруына қосылған үлес болды. Тартулардың ішінде Маңғыстау облысы сыйға тартқан қалалық Достық үйінің орны бөлек. Өйткені ол ең қымбатымыз – ауызбіршілік пен келісімнің шаңырағы.

Қоныс тойын тойлап жатқандарға осы мемлекеттік саясатты жүргізіп отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан терең мағыналы сыйлық – қазақтың қазаны тарту етілді. «Астананың асы көп болсын. Береке мен татулықтың символы халықтың ауызбіршілігін арттыра түссін» деген тілекпен жасалған сый еді бұл. Осы жерде сәл шегініс жасап, қазанның тарихына тоқтала кетелік. Бұған дейін Ассамблея өткізген іс-шараларда бірде наурыз көжемен, бірде бауырсақпен толтырылып тұратын қазанды талай көргенбіз. Иесі –қостанайлық Жұмағали Арыстан есімді азамат екенінен де хабардар едік. Ал оның Достық үйіне дейінгі жолы әрі қызық, әрі сабақ боларлық. Жұмағали оны алғаш рет осыдан 30 жылдай бұрын Федоровкада көрші тұратын Мария әжейдің бақшасынан көрген. Әжей сыйымдылығы 200 литрдей қазанды суға толтырып, күн түсіп, жылыған соң гүлдерін суаратын. Бір күні Жұмағалидың басына ой сап ете қалады: қазанның әу бастағы мақсаты – ас пісіру емес пе? Мұндай үлкен қазанда ауқымды жиындарда ас пісірілгені анық…

Бұл қазан талай тарихи оқиғаның үнсіз куәсі болды ғой… Бәлкім, сонау қуғын-сүргінді жылдары Қазақстанға жер аударылған қанша жан қазақтың осы қара қазанға қайнатқан асын талғажау етіп, аман қалған шығар? Қазақтар өздерінің ауыздарынан жырып берген қатқан нан мен қара сорпаның әл беріп, өмірін сақтағаны туралы әңгімені өзі де талай рет естімеп пе еді! Мұндай құнды зат неге әжейдің бақшасында тұр? Ол әжейді қазанды сатуға көндіріп, ең әуелі қазанды сараптамадан өткізеді: ресейлік ғалым-металлургтердің зерттеуі, Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университетінде өткізілген зертханалық зерттеулер қазанның шынында да өткен ғасырлар жәдігері екенін көрсетті. Астана қалалық Достық үйіне сыйға тарту үшін, міне, осы қазанның көшірмесі жасалды. Ж.Арыстан, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ретінде, біраз уақыттан бері халқымыздың қазанды қастерлеуін халыққа танытып, келер ұрпаққа жеткізу үшін еңбек етіп жүрген жандардың бірі.

Үстірт қарағанда көп адам көңіл бөле бермейтін нәрсенің астарында терең философиялық мән жататынына оның іске асырып жүрген «QazanNAN» жобасы арқылы көз жеткізуге болады. Мерекелеуге қатысушылар оның қазанын басқа да іс-шаралардан: қалалық алаңдардан, ЭКСПО аумағынан, әр облыстарда өткізілген мерекелер төрінен көргендері анық. Көріп қана қоймай, наурыз көжеден ауыз тиіп, ыстық бауырсақ жеген де болар.

Тіпті, «Шындығында да, қазанда пісірілген тамақтың дәмі өзгеше болады екен-ау» деген сөздер де талай рет айтылған шығар. Әрине, солай. Өйткені, қазанның сөзбен айтып жеткізе алмайтын, тек сонда піскен ас арқылы бойымызды нәрлендіретін ерекше қуаты болатынын қай-қайсымыз да бала жастан естіп, сезіп өстік қой. Бала кезде оның не екеніне мән бермегеніміз анық. Ал азамат болып қалыптасқан әрқайсымыздың оны білуіміз керек-ақ, өйткені ол – береке мен бірліктің, ауызбіршілік пен елдіктің қуаты.

Baq.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button