КІМГЕ ОЛ КҮННІҢ ОБАЛЫ?!
Зобалаң күндердің зұлматы – ел есінде! «АЛЖИР» – алаштың аймаңдай аналарының азабы.
Тасмаңдайлы тағдырдың талайлары,
Қалған мұнда…
арманның арайлы әні.
Қоңыртөбе жарықтық жарық күнге –
Адамзаттың көзімен қарайды әлі…
Сталиннің вагоны музейде тұр –
Қаңқасынан қан саулап әлі күнге.
«Жалаңашкөл» жағасы – «АЛЖИР» лагерь,
Қазақша аты ол жердің – Қызжылаған.
Айдыны жоқ аққудай расында,
Жазбай жатып үзілген жыр осында.
Қазақшасы бұл жердің – Қызжылаған,
қыз жыласа…
дүние еңірейді.
…Ең қымбат тас осы шығар әлемде,
Ең асыл ас осы шығар әлемде.
Жұмыр басты пендені жұтып жатты
Шындық өлген кезеңнің шым-батпағы.
Бұлдыр-бұлдыр дүние көз ұшында
Құйрығындай түлкінің бұлғақтады.
«58» атанған –
«Статья» күйі осы…
…«Үзілген сапар» сурет пе –
Үзілген әлде үміт пе?..
Сұлулық пен нәзіктік атаулының
Тілім-тілім еріні…
жүр осында.
Аза бойды қаза ғып Ана біткен –
Аңырайды «Алжирде» шашын жайып.
Жұмыр жерде жұдырығын ішке түйіп –
Сталиннің өріп жүр балалары.
Ұрпақ мынау өткеннен не біледі,
Сүйегімді сол сауал кеміреді.
Бейімбеттің қой бақса Күлжамалы –
Рысқұлов Тұрардың жары осында.
Адамзаттың аққуы аналар ғой –
қорықпайтын қай қоғам киесінен?
…Гуілдеп соққан желдері
Уілдеп соққан бораны.
Түңіліп барып
түйгенім –
Зұлматтың соңы – Зобалаң.
АЛТЫН КЕШЕН салып қойсақ қайтеді?
Жарасар ед, әй, тегі…