KIPD Animation: Отандық анимация жаңалықтары қандай?
Астана қаласында отандық және шетелдік анимация саласының үздік мамандарының қатысуымен өтетін KIPD Animation уоркшобының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Ruh.kz.

Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов, Қазақстандық қоғамдық даму институтының Басқарма төрағасы Нұрбек Матжани, шетелдік сарапшылар: Шонт Нигогосян, Крис Паламара, Алексей Гришин және Мария Косарева, отандық ARA студиясының негізін қалаушылар Мейіржан Сандыбай мен Бақытжан Шабдукаримов қатысты.
KIPD Animation уоркшобын Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов ашты. Өз сөзінде вице-министр анимация саласын дамытудың маңызына тоқталып, шара қатысушыларына сәттілік тіледі.
Креативті индустрия саласы бойынша өзара тәжірибе алмасу өте маңызды. Біз қазір осы саланы қолдау мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырып, толыққанды жүйе қалыптастыру бағытында жұмыс істеп келеміз. Креативті индустрия саласы туралы заңнама әзірленіп жатыр, оны келесі жылы толығымен қабылдауымыз керек. Заңнама осы саланы дамыту, мамандарды қолдау, зияткерлік меншікті қорғау секілді бағыттарды қамтиды,- деді Евгений Кочетов.
Ал шетелдік сарапшылардың арасынан сөз кезегін алған Lumiries Group компаниясының негізін қалаушылардың бірі Мария Косарева:
Анимация – өнер ғана емес, заманауи мәдениеттің бір бөлігі. Анимация жұмыстарын тамашалаған көрермен дүниежүзіндегі адамдардың эмоциясына, көзқарасына және ойына әсер ете алатын ерекше өнермен танысады. Сондықтан осы сала арқылы мәдениетті көрсету өте маңызды деп ойлаймын. Осы екі күндік шарада біз анимация саласындағы жаңа бағыттарды, аудиторияның сұранысын, жобаларға қалай таныстырылым жасау керегін (pitching) және медиаөнімдерге жаңашыл идея мен креатив қалай қосуға болатынын айтатын боламыз,– деп пікір білдірді.
2 күнге жалғасатын жиында мультипликация жасау кезінде заманауи тәсілдер мен технологияларды қолдану, индустрия саласына шетелдік сарапшыларды тарту, белгілі анимация студияларымен байланыс орнатып, серіктестік құру және практикалық машықты жетілдіру сынды маңызды тақырыптар талқыланады.
Айта кетейік, жиын барысында Shyraq анимация мультфильмінің жабық көрсетілімі болды. Іс-шара ертең, 28 қыркүйек күні де жалғасады.
Уоркшоптың ұйымдастырушылары: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қазақстандық қоғамдық даму институтының MediaLab орталығы.