«Kitap Fest» фестивалі өтеді
Шымкентте алғаш рет республикалық «Kitap Fest» кітап фестивалі өтеді.
Тұңғыш Президент күніне орай кітап оқу, кітапқа деген құштарлықты насихаттауға арналған шараны Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Рухани жаңғыру» бөлімі ұйымдастыруда.
Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының баспа үйлері, кітап дүкендері, кітапханалары оқырманмен ашық диалог құрып, пікірлесу алаңшасында кездесуге дайын.
«Қазақ университеті», «Фолиант», «Книжный клуб», «Жебе», «Қызмет газеті», «Шұғыла кітап» баспа үйлері, М. Әуезов атындағы ОҚУ жобалық кеңсесі, «Эрудит», «Қазына» кітап дүкендері мен Шымкент қаласының кітапханалары кітап әлеміне өздеріңізбен бірге саяхат жасамақ, мәртебелі оқырман!
Шараның мақсаты – кітапты насихаттау, кітап пен оқуға деген қызығушылықты қолдау, қоғамның интеллектуалды әлеуеті мен мәдени құндылықтарын арттыру, өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін арттыру, балалардың, жастардың кітап оқуға, көркем әдебиетке деген құштарлығын ояту.
Сүйікті авторларыңыздың шығармаларын таңдап, ұл-қыздарыңызға, ата-анаңызға, дос-жаранға ең құнды сыйлық жасауға да мол мүмкіндік беретін кітап мерекесін өткізіп алмаңыз!
Апта бойы «Көрме» орталығында кітап әлеміне саяхат жасау мүмкіндігін өткізіп алмаңыз!